Ауызсу шешімін тауып келеді

Қосаман елді мекенінде «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының» кешенді жоспарына сәйкес жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда бес су ұңғымасы жөндеуден өтуде, таяуда аяқталады деп жоспарланып отыр. Тиісті мекемелердің мәліметінше, алыс ауылдарға ауызсу құбырларын жүргізу үшін арнайы жоба дайындап, үкіметке ұсынылған.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ресми ақпарат көздеріне берген мәліметінде ірі жобалардың қолдау тапқанын айтты.
– Үкіметтің кешенді жоспарында Арал ауданынан екі үлкен жоба қамтылды. Жалпы құны 6,7 млрд теңге болатын «Тоқабай-Жақсықылыш-Абай, Қосаман-Ақеспе-Ақбасты» бағытында ауызсу құбырларын жүргізу және су айдау станцияларын салу. Қазір Үкіметтің 2021-2022 жылдарға арналған жоспарына енді, – деді аудан әкімі.
Айта кетсек, биыл Сексеуіл кентіндегі барлық үйге су құбыры жүргізілсе, келесі жылы Шөміш стансасына ауызсу беріледі. Ол үшін республикалық бюджеттен 428 миллион теңге қаржы бөлінбек.
«Толқын» ақпарат