Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында судың бірыңғай тарифі бекітілген – Көшербаев

Қызылорда облысында судың бірыңғай тарифі бекітілген – Көшербаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірыңғай операторды құру нәтижесінде тәулікбойы су алатын ауылды елді мекендер саны көбейді. Материалдық-техникалық база жақсарып, тұтынушылардың арыз-шағымдары азайды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Үкімет отырысында айтты. 
Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 98% орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліп, екінші жоғары көрсеткішке ие болып отыр.
«Жыл басында Қызылорда облысы бойынша 235 елді-мекен есепке алынған. Олардың 3-уі қалалық және 232-сі ауылды елді-мекендер. Осы 232 ауылды мекеннің 193-і топтық су құбырлары және су тарату жүйесі бар ұңғымалар арқылы орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылып, 428 мыңға жуық ауыл халқының 97% таза сумен қамтамасыз етіліп отыр. Ал, қалалық елді-мекендердегі халықтың 98% орталықтандырылған су желісіне қосылған», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол 2017 жылдың маусым айына дейін Қызылорда облысында оқшау ауызсу жүйесін пайдаланатын 10 мекеме жұмыс істегенін, алайда мекемелер тұтынушыларды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ете алмағанын айта келе, оның себептеріне тоқталды.
«Жергілікті жердегі кәсіби мамандардың тапшылығынан, материалдық-техникалық базаның әлсіздігінен, арнайы техникалардың болмауынан, төмен және әртүрлі тарифпен жұмыс істеуінен сумен жабдықтау жүйесін дұрыс пайдалана алмай келді. Сондықтан облыстағы, аудандардағы локальді су желілері «Қазсушар» мекемесінің Арал филиалының теңгеріміне беріліп, бірыңғай оператор құрылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде нысандар бір мезгілде қабылданып, соған сай бірыңғай тариф бекітілді. Бірыңғай операторды құру нәтижесінде тәулікбойы су алатын ауылды елді-мекендер саны көбейді. Материалдық-техникалық база жақсарып, тұтынушылардың арыз-шағымдары азайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында несие алуға қол жеткізілді», - деді әкім. 
Қырымбек Көшербаев, сөз арасында 2022 жылға дейін облыстың дамуының кешенді жоспары бекетілгенін және жоспарда әлеуметтік маңызы бар жалпы құны 29 млрд теңге құрайтын сумен қамту жұмыстарына қатысты 14 жоба енгізілгенін айтты. Осы жобалар іске асқан жағдайда 111 мың адам сапалы ауызсумен қамтылмақ.
 
https://baq.kz/

04 маусым 2019 ж. 900 0