Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Смартфонды қасыңызға алып ұйықтау шынымен де зиян ба?

Смартфонды қасыңызға алып ұйықтау шынымен де зиян ба?

Қазір балалар да, ересектер де ұйықтарда смартфондарын жастығының астына немесе төсегінің қасына қойып жатады. Интернетте смартфондардан бөлінетін "сәулеленудің" қаупі және оның қатерлі ісік тудыратыны жайлы оқыған боларсыз. Бұл қаншалықты рас? Смартфонды қасыңызға алып ұйықтау шынымен де зиян ба?

Қазіргі таңда ұялы телефондардың сәулеленуі қатерлі ісік тудыратынын дәлелдейтін ешқандай зерттеу жоқ. Ағзаға барлық сәулелену бірдей қауіпті емес. Жасушалар үшін қауіпті иондайтын немесе радиобелсенді сәулелену, мысалы, гамма-сәулелер немесе рентген қауіп төндіреді. Ал смартфон ондай сәулелену шығара алмайды. Десе де, смартфонмен бірге ұйықтамаған жөн. Оның негізгі себептерін ұсынамыз.

Экранның көгілдір жарығы ұйқы ырғағын бұзады

Смартфон, теледидар, компьютер және басқа да құрылғылардан көк жарық шығады. Ол көзге көрінетін спектрлер арасында ұзындығы ең қысқа болғанымен, энергиясы жоғары. Экранның көк жарығы ұйқы гормоны – мелатониннің бөлінуін басып тастайды. Табиғи шартта күндіз күн шығып тұрады, сондықтан сіз сергек жүресіз. Ал түнде күн батады, сондықтан қараңғыда ұйқыңыз келе бастайды. Бірақ сіз кешке экран қарауды жалғастырсаңыз, ағза әлі күндіз деп қабылдайды да, мелатонин бөлінбейді. Нәтижесінде, ұйқысыздықпен қиналасыз немесе ұйқыңыздың сапасы бұзылады.

Смартфонның көк жарығының жағымсыз салдарын болдырмау үшін ұйықтауға 1-2 сағат қалғанда гаджеттерге қарамауға тырысыңыз.

Смартфон алаңдатады және ұйықтауға кедергі келтіреді

Құрылғы қолыңыз жететін жерде тұрса, әлеуметтік желідегі жаңалықтарды қарағыңыз келіп тұрады. Нәтижесінде, алаңдап, түн ортасына дейін экранға қарап жатасыз. Сондықтан смартфонды жатын бөлмеге кіргізбеген жөн. Әдетте, адамдар смыртфонды оятқышы үшін төсегінің жанына қояды. Олай болса, кәдімгі оятқыш сатып алыңыз. Себебі смартфонға алаңдау және ұйқының қанбауы денсаулығыңызға және өнімділігіңізге жағымсыз әсер етеді.

Смартфон қызып кеткеннен немесе қысқа тұйықталудан жанып кетуі мүмкін

Бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған смартфон өрт шығуының себебі бола алады. Мысалы, Apple компаниясы құрылғыларын 35 °C-тан жоғары температурада қолданбауды ұсынады. Компанияның айтуынша, смартфондарды ыстық ортада сақтау немесе зарядтауға болмайды.

Смартфондардың литий-ионды аккумуляторы қатты қызғаннан, зарядтаған кезде қысқа тұйықталу немесе механикалық зақым себебінен жануы не атылуы мүмкін. Сондай-ақ құрылғыны зарядтау кезінде қараусыз қалдырмаңыз. Әсіресе, оны күннің көзі тіке түсетін жерге немесе ыстық бөлмеге зарядтауға қалдырмаңыз.

massaget.kz
14 қыркүйек 2023 ж. 150 0