Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын сағат

Алтын сағат

Медицинада «алтын сағат» деген ұғым бар. Дәл осы кезеңде медициналық көмек ең тиімді және науқастың өмірін сақтауға мүмкіндігі жоғары болады. Бұл ережені Қазалы көпсалалы орталық аудандық ауруханасының рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімінің мамандары қатаң сақтайды. Дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен ангиографтың арқасында біраз адамның өмірін сақталды.

Қазалы ауданы, Әйтеке би ауылының тұрғыны Әскербек Доспенбетов шұғыл түрде ауруханаға түскен. Таңертең 51 жастағы ер адам өзін нашар сезініп, жүрегі ауырған. Оған қарамастан жұмысқа шығып, базарда саудамен айналысқан. Жағдайы күрт нашарлағанда, жедел жәрдем шақырған. Науқасқа ангиограф көмегімен стенттеу мен коронарлық ангиография жасалды.
- Сол қолым ұйып қалды, ентігу болды, бірақ оған назар аудармадым. Уақытылы көмек көрсеткені үшін медицина қызметкерлеріне мың алғыс, - дейді Әскербек Доспенбетов.
Қармақшы ауданы, Төретам ауылының тұрғыны Ақбай Нұрлыбаевтың жүрек тамырларын стенттеу барысында ангиограф оның оң аяғының тамырлары зақымданғанын анықтады.
- Жүрекке стент қою кезінде аяқтың қан тамырларының бітелуі анықталды. Одан әрі емдеу үшін хирургқа жіберді. Қазір денсаулығым әлдеқайда жақсы. Айта кетейін, Қармақшы ауданынан Қазалы ауданына дейін көлікпен бір жарым сағаттай жүреміз. Осындай кәсіби медициналық көмек алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ болғанына қуаныштымын, - дейді Ақбай Нұрлыбаев.
Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғыны Орынкүл Меңдібаева Қазалы аудандық ауруханасына қайта түсті. Бұрын егде жастағы әйелге жүректің ишемиялық ауруына байланысты стенттеу отасы жасалған. Екі жылдан кейін қазалық дәрігерлер ми тамырларына церебральды ангиография (рентгенологиялық зерттеу әдісі) жасап, науқаста аневризма анықталды. Кәзір Орынкүл апа геморрагиялық инсульттің алдын алу мақсатында отаға дайындалуда.
– Қазір денсаулығым әлдеқайда жақсы. Үйден бір сағаттық жерде осындай жақсы мамандар мен жоғары дәлдіктегі медициналық жабдықтардың барына қуаныштымын, - деді Орынкүл Меңдібаева.
Мамандардың айтуынша, 2019 жылы жұмыс басталғалы бері ангиографтың арқасында 1200-ден астам адамның өмірі сақталды. Бұл Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарының, Қызылорда, Байқоңыр, Астана, Ақтөбе қалаларының тұрғындары. Науқастардың ең үлкені 90 жаста, ең жасы 35-те.
– Ангиографтың арқасында жүрек, ми, аяқ-қол және басқа да мүшелердің қан тамырларының түрлі патологиясын ерте анықтау айтарлықтай артты. Мәселен, бұрын ай сайын инфарктпен 8 адам түссе, қазір 1-2 адам түседі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуымен халықтың барлық топтары үшін жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді болды. Бұрын пациенттер жоспарлы түрде облыс орталығында, Астанада, Алматыда ангиографияға өз кезегін бірнеше ай күтетін. Өкінішке орай, уақыт жоғалтқандықтан денсаулық жағдайы да нашарлайды. Денсаулықты сақтаңыздар. Уақтылы диагностикадан өтіңіздер, - деп атап өтті рентген - эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Кенесары Баспаев.
2022 жылы Қазалы көпсалалы орталық аудандық ауруханасында 8 792 адам ем алды. Осы мақсаттарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл 1,8 миллиардтан астам қаражат қарастырылған.

ortalyq.kz
14 қыркүйек 2023 ж. 450 0