Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағаланбаған бақыт

Бағаланбаған бақыт

Әсем ерте оянып алып, көкжиектен енді бой көрсетіп келе жатқан шуақты күннің көрінісін көру үшін терезенің ақ пердесін зырғыта ашты. Қара теңіздің таңғы салқын лебі жанын сергіткендей, таза ауаны қомағайлана жұтып тұрып, осы бір сәт бітпесе екен деп іштей тіледі. Стамбулдың кинода ғана көретін көркем көрінісі, жанға жайлы ауасы, осы қаламен байланыстырған жарқын болашақ туралы ойларын кенет сұр жыландай сумаң еткен өткен күннің естелігі бұза түсіп, көңілін құлазытып жіберді. Иә, Әсемнің туған жер, өскен ортасын түрік еліне айырбастауына не себеп болып еді?
Ол бақытты отбасы болған бір кездері. Ол да сүйікті болды, есі кете сүйді. Өткенін ойласа кей кездері жүрегі атша тулап, беймаза күйге енетіні бар. Бір кездегі сонша жақын адамы бүгін сондай жат жанға айналып шыға келді. Олар шын махаббатпен бір-бірін ессіз сүйген еді. Ол махаббат оты қай кезде ұшқын беріп, лаулаған өртке айналғаны да өздерінің есінде жоқ. Ешқашан Құдай айырмаса айырылмаймыз деп серт берген сонда Болат. Бірақ бұл серттен өзі айныды. Әлпештеген Әсемін әп-сәтте-ақ басқа Әсемге айырбастап жіберді.
Болат пен Әсем 10 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрді. Бірақ осы жылдар ішінде оларға перзент сүю бақыты бұйырмады. Әсем ана болуды қатты қалап, күн-түн демей баланы аңсады. Ал Болат мұндайда салқынқандылық танытатын еді.
– Болат, емделіп, дәрігерге көрінейікші. Осынша жыл бала болмауы қауіпті ғой. Мен өз бетімше тексерілдім. Дәрігерге де, бақсы-балгер, емшіге де бардым. Бәрі менде ешқандай мәселе жоқ екендігін айтады. Және сені бірге ертіп келуімді сұрайды. Менімен бірге бір рет қаралып көрші, – деп өтінген. Бұл сөздер Болаттың шымбайына батып кетті.
– Сонда сен бар кінәрат менде деп тұрмысың. Менің денсаулығым жақсы. Біле білсең мен бала таптырған еркекпін, –деп қалды.
Рас, Болаттың бірінші некесінен бір қызы бар еді. Бірақ ол әйел орыс ұлтынан болғандықтан, ауыл баласы Болаттың қыңыр ата-анасы мен күйеуден қайтқан әпкесінің түртпегіне шыдамай, бір жылға жетпей жатып-ақ ат тонын ала қашқан еді. Кейін Әсемді кездестіргенде есі кете ғашық болды. Өзі өнер академиясының түлегі Әсем театрға енді жұмысқа тұрған шағында үлбіреп тұрған жас қыздың қыр ізінен қалмай, сөзімен сиқырлап, ақыры жары етіп тынды. Қызғаншақ еді Болат. Өнері жөніне қалды. Сахна, театр, әртіс деген терминмен қабысып жатқан өміріне қол бұлғап, ақша, базар, сауда деген өмірдің есігін ашты. Ол кездері Түркияға тікелей қатынап сауда жасайтын адам некен-саяқ еді. Әсем түрік тілін жақсы меңгерген өз бетінше. Мұның көмегі тиді. Болат кәсіп қыламын деген ойына қарсы келген жоқ. Әуелі Түркияға барып, әйелдер киімін әкеліп сата бастады. Біртіндеп сауда көлемін үлкейтіп, қазақстандық саудагерлерді сапалы тауармен қамтамасыз ететін көтерме саудагерге айналды. Бұл кезде Болат құрылыс жұмыстарымен айналысатын. Әсем табысын жинап ЭКО жасатамын деп дайындалып жүрген.
– Әсем, сен андағы ақшаны маған берсеңші?
– Неге?
– Мен бір жақсы машина көрдім. Соңғы үлгідегі. Сол көлікті алайық та...
– Жоқ, Болат, мен бұл ақшаны жасанды ұрықтандырумен бала көтеруге кететін шығындарды өтеу үшін жинап жүрмін.
– Саған не болды, бала-бала деп... Біреу сенің бала таппадың деп миыңды жеп жатыр ма? Сен сол бәлесіз-ақ өзің көтересің ғой. Тасташы әрі, қиялдап қайдағыны шығармай...
– Сонда саған бәрібір ма? Маған ғана керек пе сол бала? Әлде өзіңнің балаң болған соң... дей беріп еді, Болат орнынан атып тұрып, өңменінен өтіп кетердей отты жанарымен Әсемге тесіле қарады да: "енді мына сөзді естімейтін болайын", – деп бөлмеден шығып кетті.
Әсем қысылып қалды. Оның жанды жерін басқандай еді. Себебі, қызы бар деген аты болмаса, бірінші әйелі Болатқа қызын мүлде көрсетпей қойған. Осыдан кейін Әсем көп ойланды. Болат томсырайып Әсемге салқынқанды шырай танытып жүр. Бір күні әйел байғұс жиғанын күйеуіне берейін деп шешім шығарды. Орайын тауып онысын Болатқа айтып еді, ол қуанғаннан құстай ұшты.
– Рас айтып тұрсың ба? Ақылдым сол. Әрине, мен де баламыз болғанын қалаймын ғой. Бірақ менің жүрегім сезеді, бізде табиғи жолмен бала да болады. Көлік тек мен үшін емес, сенің де тауарларыңды анда-мында тасуға керек болады, – деп сусыған құмдай сыпылдап жүріп сол күні өзі ұнатқан көлікті жанталаса тізгіндеп алды.
Әсем соңғы күндері тапсырыс көлемі көбейіп, Стамбулға жиі сапарлап кететін болды. Ол кездері ештеңеге мән бермеген. Бәрі бұрынғысынша қалыпты өтіп жатқан еді. Бірде денсаулығы сыр беріп, бір ай ешқайда шыға алмай үйде жатып қалды. Осы кезде күйеуінің қылтың-сылтың тірліктерін байқай бастады. Кеш келеді. Телефонын тығып ұстайды. Біреу хабарласса, далаға шығып кетеді. Сол кезде Әсемнің туған күні де қатар келіп қалды. Жылда туған күніне ерекше тосын сыйлар жасап жүретін. Бұл жолы да солай болар деп Әсем үміттенген. Жоқ, ол тіптен ұмытып кетіпті де. Түн жарымына дейін келуін күткен әйел жолдасына қатты ренжіді. Сағат үшке таяғанда ғана көліктің гүрілі естілді.
– Не істеп отырсың қылқиып, ұйықтамайсың ба?– деді мұның асүйдегі үстел басында ас-ауқатын дайындап, қалғып отырғанын көрген Болат.
– Сені күттім.
– Мен тамақтанып келдім, жата бер.
– Сен ештеңе ұмытып кеткен жоқсың ба?
– Жоқ, не болды?
– Бүгін қай күн?
– Жұма.
– Жоқ, нешесі деймін.
– 23-і, не жұмбақтап отырсың? Өзім жұмыстан шаршап, өлейін деп келгенде басымды қатырмай айтшы, үйде отырып алып құтырасың сен.
– Ақымақ, бүгін менің туған күнім емес пе? – деген Әсемнің көздері боталап қоя берді.
– Ааа, туған күнің бе? Құтты болсын, мә, өзіңе керегіңді аларсың, – деп қалтасынан 10 мың теңге алды да, стол үстіне лақтыра салды. Әсем бұл жолы да үндеген жоқ. Іші қан жылап жатса да, көкейінде оған қойғысы келген сан сұрақтар тұрса да, ернін тістеген күйі қала берді.
Ертесіне "шаруаларым бар" деген Әсем Болаттың көлігіне жайғасып алды. Жанармай бекетіне тоқтап, сыртқа кеткенде Болаттың телефоны безек қағып қоя берді. Қараса «әйелім» деген біреу хабарласып жатыр екен. Мұны оқып, қол-аяғы қалтырап сала берген Әсем телефон тұтқасын көтерді.
– Алло, Жан, қайырлы таң, кеше аман-есен жеттің бе? Түнде хабарласқым келген, қасыңда анау бар шығар деп батпадым, – деп сайрап ала жөнелді. Енді бәрі түсінікті болды. Онан арғысын естуге Әсемнің дәрмені жетпеді. Телефон тұтқасын қоя салды.
Екеуара жанжал басталды. Болат беті шімірікпестен «Иә, мен бала туып бере алатын әйел тауып алдым» деді бұған. Және бұны жол жиегінен түсіріп, "қайда барсаң онда бар!"– деп тастап кетті. Әсем Болаттан тап мұндай қиянат күтпеген еді. Әпкесінің үйіне келіп, бар мұңын шағып жылай- жылай көз жасын құрғатты."Сонша жыл оның бар ауыр мінезіне төздім, бар тапқанымды алақанына әкеліп салдым, сонда көрейін дегенім осы ма еді? Тым болмаса адамша қоштасса болар еді ғой. Менің сыртымнан өзгемен көңіл жарастырып, сатқындыққа барғаны қалай? Шынында мен бала көтере алмайтын ешкімге керексіз бір адам болғаным ба?" – деп көз жасын көлдетті.
Болат жығылған үстіне жұдырық болсын дегендей «Сен ақымақ қатынсың. Басыңда шайнам миың болса, осы кезге дейін маған екінші әйел алып беретін едің. Аңқау неме. Аузың ашылып жүре бермей, сен де өмірдің рахатын көрмейсің бе? Қазір жастықты сулап жатқан шығарсың өз-өзіңді жеп. Одан көшеге шығып жігіт қарамайсың ба? Мен оған үйленем. Сен кететін болсаң, тездетіп ажырасып кетейік. Жоқ, сені сүйемін, кетпеймін десең, әке-шешемнің қасында тұра бер. Екі ортада жүре беремін» деп хабарлама жазып жіберіпті.
– Болат, сен қашан мұндай адамға айналып кеттің? Мені сүйген, қызғанған, аялаған Болат қайда? Мені бұлай қор етпе! – деді де, Әсем әпкесі мен ағасын ертіп ата-енесінің үйіне барып мән-жайды жайып салды. Енді бірге бола алмайтындықтарын айтып, бар жүгін жинап, сол күні ажырасуға арыз берді. Сосын көп ойланбастан Стамбулға біржола тартып отырды. Ол ешкімнен қашпады. Тек бұл қала оған өткенін жиі есіне салып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік бермеуші еді. Стамбулда саудамен айналысты. Ірі бір құрылыс компаниясына түрік-қазақ тілінен аудармашы болып жұмысқа тұрып алды. Ол үшін өткен күнді ұмыту оңайға соқпады. Тек Алладан «мен үшін өткен күнді еске алу тым әсерлі болмасыншы. Бәріне жәй көңілмен қарайыншы» деп тіледі. Тілек қабыл болды. Ол біртіндеп өткеннен гөрі болашаққа көп жоспар құрды. Тура 6 ай өткенде Болат бұған хабарласты. Өкініп, кешірім сұрады. Елге қайтуын өтінді.
– Мен сенің алтын басыңды қадірлей алмаппын-ау, мынау бала тапты демесең, ағайынға сүйкімі жоқ, көкбет біреу болып шықты. Тапқанымның да берекесі жоқ. Үйден жайлылық кетті. Қабағы бір ашылмайтын, жүрегінде мейірімі жоқ жанға сені айырбастағаныма өкініп жүрмін. Сен елге қайтсаңшы. Сағынып жүрмін. Тым болмаса, ара-тұра кездесіп тұрар едік, – деді.
– Жоқ, Болат. Сен өз таңдауыңды жасадың. Мен осында тұрақтап қаламын. Сен мені жылатып тастап кеткенде мен қарғаған жоқпын. Тек мені ешқашан жүрегінен шығармай өкінсе екен деп тіледім. Сен менің атымды күн сайын атап шақырасың, бірақ сол шақыруыңа келетін Әсем мен емес, мүлде басқа адам. Сен оның бойынан менде бар қасиетті іздейсің, бірақ таппайсың. Себебі ол басқа Әсем, – деді.
Расында Болаттың бұл әйелінің де есімі Әсем болатын. Қазір Болат ара -тұра Әсемге хабарласып, хат алмасып, жағдай білісіп тұрады. Бірақ Әсем оны жүрегінен босатқан.
Екі жылдан бері Әсемнің болмысын сырттай бақылап жүрген компанияның бөлім басшысы оған үйленуге ұсыныс жасады. Бірақ Әсем өзінің бедеу екендігін айтып, енді тек өзі үшін өмір сүргісі келетіндігін айтып бас тартып еді. Әлгі жігіт ағасы мұны жетелеп, ең білікті мамандар шоғырланған клиникаға апарды. Сөйтсе, мұнда бала көтеруге мүмкіндік бар, тек аналық жасушалардың әлсіздігі салдарынан бала болмай жүргендігін, түбегейлі ем қабылдаса, ана болу бақыты бұйыратындығын айтып қуантты. Бұл жаңалықты естіген ғашық жігіт «менің балаларыма ана болшы» деп қиылып тұрып алды.
Міне, Әсем қазір түбегейлі емін қабылдап, таяуда ана боламын деп бақыттан жүзі бал-бұл жанып жүр. Өмір деген осы, бізге кейде тым жақын адамдар жатқа, жат адамдар жақынға айналып жатады. Қолда барды бағалай білудің өзі бақыт екен...
Н. МАРАТҚЫЗЫ
19 қыркүйек 2023 ж. 297 0