Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Желінің жұлдызы болу да мамандық па?

Желінің жұлдызы болу да мамандық па?

Қазір заман өзгерді. Заманға қарай адам да бейімделіп келеді. Ақпарат алапат күшке айналды. Әсіресе әлеуметтік желі жойқын күш алып тұр. Барлық жаңалықтың жаршысы болумен қатар, табыс табудың да алтын кілті болып отыр. Әсіресе инстаграмға деген жұрттың көңілі ерек. Соның арқасында блогер деген мамандық пайда болды. Қазір блогер болуды армандайтын ұрпақ өсіп келеді. Мұны ата-аналардың өзі мойындап отыр. Балаларының блогерлер өміріне қызығып, мен де блогер болсам деген арманы барын естіп жүрген аналар олардың болашағына алаңдайды. Балалардың блогер болуға қызығуының да мәні бар, өйткені ол оңай табыс табудың таптырмас жолы.
Қазір ойын ойнатып қалтасын қомпайтып жүргендер көп-ақ. Инстаграмда миллионнан астам досы бар адам нағыз досқа ғана бай емес. Сол миллион дос миллион әкелетін басты табыс көзі. Қызғығарлық. Ал осыншама дос қайдан жиналды? Әрине ондай достар жинау үшін халық нені қалайды деген сұраққа жауап іздейтін блогерлер арзан әзілге құрылған видеолар жүктеп, кейбірі қара пиар арқылы танылып алған. Ойынға оралсақ. Бұлардың басты табысы жарнама жасау мен гиф ойындар арқылы түседі. Соны түсінген пысықтар бас ауыртып, күш жұмсамай-ақ табыс табудың жолын тапқан. Әсіресе гиф ойындарда толағай табыс жатқан көрінеді.
Қазір балаларымыз үшін оқудың, білім алудың маңызы жоқтай көрінеді. Олар телефонға телміріп, блогерлердің өміріне қығатынды шығарған. Солардың парақшаларын ақтарып есі етіп, арзан әзілдеріне күліп мәз боп отырады. Олардың ұйымдастырған ойындарына қатысып, күні бойы телефоннан бас алмайтын болған. Тіпті қызым жуырда «мама, мен өскенде блогер боламын» деп қарап тұр. Оған мұның соңы ұзаққа бармайтынын айтып, түсіндіргендей болдым. Бірақ бұл бүгінгі күннің мәселесіне айналып отырған сыңайлы.
Миллиондаған оқырманы бар желі белсенділері кейде тексерілмеген жалған ақпараттарды жариялап жіберетіні жасырын емес. Ал мұндай жағдайда оларға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Тек бүкіл ел болып шулағанда ғана кешірім сұрап құтылады. Ендеше, блогердің мәртебесін заңмен айқын¬дайтын кез келгені анық.
Түптеп келгенде, мұның бәрі арзан атақ, оңай олжаға кенелудің көзі. Ақшалай сыйлық ұсынып жатқанда пендеміз ғой, қызығамыз. Сонан барып "аңқау елге арамза молда" дегендей, солардың айтқанын жасап, тапсырмасын орындап, телміріп отырамыз. Шындығында ешкім тегіннен-тегін ақша таратып жатқан жоқ. Біз осындай әрекетіміз арқылы олардың табысын көбейтіп жатырмыз. Әрбіріміздің оңай олжаға кенелгіміз келіп, шарттарын орындауымыз оларға мол табыс әкеледі. Зерттеулерге сүйенсек, қазір гиф ойнатып жүргендер байлардың тізіміне жайғасқан сыңайлы. Бәрін халық үшін жасап жатқандай сыңай танытып, елдің сенімінен шыққан инстаграм жұлдыздары желіні желкен етіп, үйден шықпай пайдаға кенеліп жатыр. Бірақ бұның соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. "Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын" деп хакім Абай айтқандай, ұрпағымыз рухани азғындауға түсіп кетпесе ләзім.
Н. БАҚЫРАН
19 қыркүйек 2023 ж. 238 0