Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қонаққа қойылған қой

Қонаққа қойылған қой

Қазақ сыйлы мейманына қой сойып, бас тартады. «Жылқы еті төсек салып жатқанша, сиыр еті таң сарғайып атқанша, қойдың еті ертеңгі түн батқанша» дегеніндей, қой етінің күштілігін бе екен, әлде қоймалына қатысты дінімізде көп айтылғандықтан ба, әйтеуір қойдың орны қазақ үшін бөлек. Ерте кездерде диетологтардың кеңесі болған жоқ, ендеше дін тірегінің бірі қиссаларға назар салайық.
Адам а.с. мен Һауа анамыз жерге түскеннен кейін оларға пейіштен қойдың еті келіп тұрды. Өйткені Адам ата бәрібір Алланың ерекше жаратқан жаратылысы еді. Ол барлық періштелерден үстем болған сыйлы құлы болатын деп келеді. Міне, осы қиссаға сүйенсе керек, бабаларымыз қонаққа жұмақтың сыйы – қой етін тартты ма екен? Тағы бір қиссаларда Абылдың құрбандығы қой болды және Ыбрақым пайғамбарға баласы Исмайылдың орнына құрбандық шалуға көктен қой түсті. Бұл жайында Саффат сүресінде: «Сонда Біз оған: «О, Ибраһим! Көрген түсіңді растадың» дедік.
Расында, бұл үлкен сынақ еді. Біз оған ұлы құрбандық бердік. Ізгілерге сондай сый береміз» делінген (Хисасул әмбия кітабынан). Барлық пайғамбарлар секілді ақырғы пайғамбарымыз Мүхаммед с.ғ.с да қой бақты. Асылы, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) миғражға көтерілгенде: «Бір қой көрдім. Оның жері ақ күміс, тағы жұпардан екен. Өсімдіктері сүмбіл, запыран. Жануардың көзі жақұттан. Тістері гауһардан. Тілдері лағылдан. «Бұл қандай жануар деп ойыма алдым». Ғайыптан дауыс келді: «Әй, Мұхаммед Құдай тағала пенделерінің Жәннатта мейман қылғанда пайдаланатын қойлары. Жалған дүниеде өзін құрметтегенге қарсылық қылып, тағадат-ғибадатта шын беріліп, жақын болғандардың нәсібі. Бір жұтымының ләззаты, дәмі ешқашан жойылмайды» дейді (Мұхаммед с.ғ.с өмірбаяны кітабынан). Алла сыйлы меймандарына осылайша қой етін тарту еткен. Бәлкім, қазақтың сыйлы қонағына қой союының түбі осында жатыр ма екен?
Енді «Алаш айнасы» газетіндегі Қарлығаш Зарыққанқызының мына бір қой етіне қатысты ғылыми дәйектемесіне жүгінсек... Бірінші кезекте ғылыми дәйектерді сөз етер болсақ, қойдың етінің құрамында су– 68 пайыз, ақуыз –17,3 пайыз, май – 13,6 пайыз, көмірсутегі 0,5 пайыз болып түзіледі. Бұған кальций, фосфор, темірді қосып қойсақ, ғалымдардың «қой етінің талай дертке дауа» деп отырғанының жаны бар екенін бағамдаймыз. Мұндай деректерді тізбелеп отырған генетиктер қой етінің бүйрек қызметін бекемдеп, белсіздіктің алдын алатынын баса айтып отыр. Осыған қарап ата-бабаларымыздың көрегендігін, білімділігін тағы бір мойындауға тура келеді. Мәселен, қазақтың ежелден келе жатқан бір дәстүрі, ол жас босанған әйелге міндетті түрде бір қойды байлап, оны қалжа етіп союы. Бұл – босанған әйелдің белі тез бекіп, сүйектері жылдам қатаюы үшін әуелден жасалынып келе жатқан ғұрып. Ғылыми дәйек пен ұлттық ғұрпымызды салыстырар болсақ, астарында көп нәрсе жатқанын аңғаруға болады.
Зертханалық жұмыстардың нәтижесінде басқа төрт түлікке қарағанда қойдың етінде А1, В12, В1 дәрумендері мол болатынын, оның етін қойып, сорпасының өзі талай дертке дауа екенін анық байқаймыз. Осыны білгендіктен бабаларымыз заманында өмірге бала әкелген ананы, ауыр дерт меңдеген сырқаттарды, көз тиген баланы, ағза қорғанышын, яғни иммунитетін жоғалтқан адамды қойдың етімен, сорпасымен емдеуді жөн көрген. Жас босанған әйелге міндетті түрде қалжа сойылып, оның мойынын жас анаға жегізіп, сорпасын ішкізу арқылы қазақ халқы «баланың да, ананың да сүйегі тез бекиді, денсаулықтары нығаяды, екеуі де кез келген ауруға төтеп бере алады» дегенді мықтап ұстанған.
Қорлан Абсалықова, химик-ғалым: –Қой етінің құрамында кальций мен фосфор көп болғандықтан жаңа сойылған қой етін жұқалап тіліп алып, сол қаракесек етті жылы күйінше ісіп тұрған жерге немесе жараға таңып қойса, бұл үлкен ем болады. Жараның немесе ісіктің бетінің тез қайтуына фосфор мен калийдің, кальцийдің көмегі зор. Бұдан соң қойдың еті семіздікпен күресуге бірден-бір таптырмайтын дүние. Қазірде диетолог мамандар салмағы 150-160 келі адамды 90 келіге дейін салмақ тастатқан кезде терілерін салбыратпай, олпы-солпы етпей арықтату үшін кем дегенде 6 ай мерзім жұмсайды. Қойдың етінде белоктың көп екенін ескерсек, арықтағысы келген адам күнделікті 150 грамм қойдың етін тұтынса, оның артық терісі салбырамай, жинақы болып арықтай алады. Жалпы, қойдың етінің басты қасиеті ол белсіздікке дауа. Құрамында кальций, калий, А1, В12 дәрумендері болғандықтан, оның сорпасының өзі адамды талай дерттен айықтырады. Сондықтан, қой етін көбірек тұтынса талай адам дертіне дауа табар еді.
Жалпы, ғылыми дәйектер өз алдына, қойдың етін тұтынуға қатысты бабалар мектебінің де берері мол. Мысалы, кезінде қазақ халқы қимылсыз не мешел болып қалған балаға қойдың сүйегін қайнатып, сорпасын ішкізіп отырған. Баласына көз тисе қара қойдың терісіне салу арқылы баланың бойындағы тіл-көздің ысуын ішінен шығарған. Абайсызда жылан немесе басқа уытты жәндіктер шағып алса да жаңа сойылған қойдың қара кесек етін сол жерге таңған. Адам денесіндегі ет тасуын тоқтататын қой еті. Бабаларымыздың қой етін емдік тұрғыда пайдаланғанына қатысты қазіргі медицинаның да пікірі оң.
Абзал Шаяхметов, медицина ғылымының кандидаты:
– Кезінде ата-бабаларымыз өкпесі ауырған адамға, созылмалы жөтелге шалдыққан сырқатқа қойдың өкпесін беру арқылы ем қолданған. Мысалы, қойдың өкпесін бір қайнатып жіберіп, ыстық күйінше сырқаттанып жатқан адамға берсе, оның жөтелі басылған. Бұдан соң жиі несеп сындыратын балаларды қойдың терісіне салған. Негізінде, суық тиген адамды қойдың майымен сылау бізде әлі де бар. Қойдың майы ағзадағы суық тию процесінің алдын алатындықтан қазірде көп аналар жаңа туған нәрестесін қойдың майымен сылайды. Қойдың жілік майын алып, қолқасына қақырық жиі жиналатын адамдарға ішкізген. Тіпті бұл арқылы өкпедегі құрт ауруының алдын алған. Жалпы, Жапония, Корей елінің мамандары қазірде таза қазақы қой етіне асқан қызығушылық танытып, құрамын зерттеуде, – дейді ғалым.
Айта кетейік, қазақтың ұлттық сусыны ежігейді де өте сыйлы меймандарға қымызбен қатар ұсынған. Қойдың сүтін ашыту арқылы жасалатын бұл сусында адамның бойындағы қажетсіз микробтарды жойып жіберетін қасиет бар. Осыны зерттеп отырған биолог мамандарымыз қой етінің теңдессіз азық екенін айтады. Ал қазақ ең сыйлы адамы қонақтан ештеңесін аямаған. Бірақ қой етінің осыншалықты құнарлы екенін қайдан білді? Әлде аңызға сүйенген бе?

Арал ауданының қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Фото: vk.com/wall
19 қыркүйек 2023 ж. 283 0