Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз айдындарының қазіргі жағдайы

Теңіз айдындарының қазіргі жағдайы

ХХ ғасырдың соңғы кезеңінде Арал теңізінің тартылуына байланысты аудан екіге бөлініп, өз экожүйсімен биотасы бөлек су айдындары пайда болды. Арал теңізі тартылмай тұрған кезде Тұщыбас шығанағы және Шевченко бұғазы Қаратүп жарты аралы мен Көкарал аралын байланыстырып тұрды. Кіші Арал теңізін сақтап қалу мақсатында 1992 жылы Берг бұғазында реттегіш дамбы іске қосылуымен Үлкен Аралдың құлдырауына әкеліп соқты. Арал теңізі Кіші (Солтүстік) және Үлкен (Оңтүстік) шығанақтарына бөлінгеннен кейін, Үлкен Аралдан қалған су айдындардан батыс бөлігі сақталып, Ақтөбе облысының шегінде Өзбекстанмен шекаралас Чернышев шығанағы мен Қызылорда облысының шегінде Тұщыбас шығанақтары қалды. Тұщыбас шығанағы Үлкен Аралдың ең солтүстік бөлігі болып қалып, 2004 жылдың күзінде Үлкен Аралдан бөлініп қалды. Жалпы бұл су айдындарының қазіргі кездегі ауданы 110 мың гектарды құраса, жағалауы сор батпақты, маңы шөлді дала.
«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы Үлкен Арал аумағындағы су айдындарын жыл сайын зерттеп, гидроэкологиялық жағдайын саралап тұрады. Зерттеулерге сәйкес, Үлкен Арал су қоймаларының ауданы жыл сайын айтарлықтай қысқарып келеді. «Қазводхоз» Қызылорда филиалының мәліметі бойынша 2021 жылдың мамыр айынан бастап Сырдария өзен суының көлемі азайғандықтан, Көкарал бөгеті арқылы Үлкен Арал теңізіне су түсу барысы тоқтаған.
2020 жылы Үлкен Аралға жіберген су ағыны 420 млн м3 құраса, 2021 жылдың алғашқы 4 айында Үлкен Аралға құйылған су көлемі 209,9 млн м3 құрады. Үлкен Арал су қоймаларында соңғы үш жылдағы тұрақсыз гидрологиялық жағдайды ескере отырып, жағалау бөлігі сорланып лайлануымен қатар судың көлемі айтарлықтай төмендеуде. Соңғы бес жылда Чернышев шығанағы батыс бөлігінен оқшауланып, гидроэкологиялық өзгерістерге ұшырап отыр. Судың тұздылығы бірнеше есе артып, судың түсі қызыл-қоңыр түсті реңге айналып, жыл сайын 0,6 метрден 0,9 метрге дейін тартылып, жағалаулары хемогенді тұзды лаймен қатты лайлануда. Тұщыбас шығанағы да сонымен қатар су айдынының азаюы мен жағалаудағы лайланудың прогрессивті процестеріне ұшырауда. Жалпы айтқанда, су айдындарының акваториясы, деңгейлік режимі мен морфометриялық сипаттамалары өзгеру үстінде. Қазіргі атмосфералық ахуал теңіз территориясының ариддық жүйесін қалыптастырып, 0,11-0,15 коэффициент мәнінде сақталып келеді. Булану процесі 20-25 есе жауған атмосфералық шашындардан артық. Су көлемінің келіп түсетін мәні тұрақты болмағаннан булану процесі және фильтрациясы жылына 22,6 - 65,4 км3 құрайды.
Гидрологиялық жағдайдың тұрақсыздығына, соңғы жылдарда су түспеуіне байланысты шығанақтардағы судың гидрохимиялық көрсеткіштері өзгеруде, тұздылық мәні жыл сайын жоғарылап келеді. Үлкен Аралдың Өзбекстанмен жалғасып жатқан Батыс бөлігіндегі су айдынында тұздылық 210 промилльді құраса, бөлініп қалған Чернышев шығанағында 300 промилльді және Тұщыбас шығанағында 180 промилльді құрайды. Бұл дегеніміз аса тұзды дәрежеде дегенді білдіреді. Тұзды су айдынында мекендейтін тіршілік иесі деп тек артемия шаяндарын ғана айтуға болады. Аталған шығанақтарда Тұщыбас және Батыс бөлігінде артемия шаяндары өмір сүрсе, соңғы екі жылда бөлініп қалған Чернышев шығанағында аса тұздылыққа төзе алмай (300 промилль) артемия шаяны тіршілігін тоқтатты. Артемия шаянының жұмыртқалары негізінен бағалы шикізат болып табылады. Артемия шаянының жем ретінде құндылығы ақуыздың, маңызды аминқышқылдардың, дәрумендердің, репродуктивті гормондардың көп мөлшерімен, сондай-ақ өндірістік масштабта жиналып және бірнеше жыл бойы сақталатын инертті өнім – диапаузиялық цисталар түрінде өмір сүру қабілетімен анықталады. Биоресурс бүкіл әлемде коммерциялық мәртебеге ие. Қолайсыз экологиялық жағдайлар туындағанда: су минерализациясының жоғарылауы, судың кеуіп кетуі немесе қатуы, артемия, уақытша физиологиялық тыныштық жағдайында ұзақ мерзім сақталатын, диапаузиялық жұмыртқалар (цисталар) болып қала береді. Қолайлы жағдайлар туындаған кезде цисталардың өмірлік белсенділікті қалпына келіп, тіршілік деңгейін жалғастырады. Қазақстанның тұзды су айдындарында артемия цисталарының биологиялық ресурсын дамыту, балық өсіру және аквакультура қажеттіліктері үшін бастапқы биологиялық жемтіктің отандық өндірісін дамытудың негізгі бағыттарының бірі бола алады. Елімізде артемия цисталарының өндірісі Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай аумақтарындағы тұзды су қоймаларында өсіп өнеді.
Арал-Сырдария бассейнінің су қоймалары трансшекаралық өзен ағынын маусымдық режимі мен ихтиофаунаның өсіп өнуіне, организмдерінің даму және көбеюінің биологиялық циклдары арасындағы айтарлықтай сәйкессіздік жағдайында жұмыс істейді. Орталық Азия аймағында су бөлу проблемасының шешілмегендігі және Сырдария өзенінің су ресурстарын тарату кезінде мелиорация мен энергетиканың алдыңғы кезектегі міндеттерін сақтау, Арал-Сырдария бассейнінің, соның ішінде Үлкен Арал теңізіндегі шығанақтарға және Кіші Арал теңізінің гидроэкологиялық жағдайына кері әсер етуде.
Үлкен Аралдан қалған су айдындардың тағдыры осылай. Алдағы уақытта жылдан жылға қолайсыз факторлардың әсерінен акваториясы кішірейіп, суы аса тұзданып, сор болып бара жатқан бұл шығанақтар бірнеше жылдан кейін кеуіп құрғап кетуі де ғажап емес.
Нұрлан Самбаев,
«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы»
ЖШС Арал филиалы, Арал тірек бөлімінің меңгерушісі

Фото: stan.kz
23 қыркүйек 2023 ж. 264 0