«Балықшылар» аллеясы неге бүлінді?

Мұның бәрі құрылысшының ізденісі мен қиялынан туындаған дүниелер. «Әлижан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының үлкен жауапкерешілікпен іс атқарғаны осыдан-ақ айқын байқалып тұр. Кеше өткен Арал өңіріндегі балықшылар слетінде жиналған жұртшылық таңдай қақты.
Хош... Айтпағым, еңсені басқан көрініс-тұғын. «Мен ойнаған жоқпын, шайтан ойнады» дегендей, ертесіне барған жұрт қиранды орынның үстінен түсті. Неге олай? Тәрбиеміздің жеткен жері осы ма? Өскен өлкеге деген сүйіспеншілік қайда? Бүгінгідей әр тиын есептелетін нарық заманында әп-әдемі демалыс орны не үшін бүлінді?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Дәл осылай аудан орталығында нысанды көздің қарашығындай ұстай алмай жатқанымызда, қаланың шалғай жерінен тәуекел етіп қалай құрылыс сала аламыз? Осы ойдың жетегінде тұрып, аудандық мәслихат депутаты Нұрсәуле Ембергенованы сөзге тарттық.
–Сенбілікке шығып, сол аллеяға бардым. Өзім сол маңға жақын тұрамын. Кеше ғана орнатылған құстардың мүсіндерінен 1-еуі ғана тұр, қалғандарын қиратып құлатып кеткен, төселген газонды аяқтарымен басып тастаған, субұрқақтың басындағы крандарын жұлып тастаған. Көрсең көңілің түседі. Түнде көше кезген жастар осы мүсіндерді аяусыз қиратып кеткен деп ойлаймын. Бүтінді бүлдірген олардың әрекетіне құқықтық тұрғыда баға берілер, мұндайды «жаза басты, жастықпен істеді» деп ақтап алуға болмайды. Әрине, мүсіндер көп ұзамай-ақ қайта қалпына келтіріледі. Бірақ қоғамның, ортақ үйіміздің мүлкін бүлдіргендердің өрімдей жастар болғаны қынжылтты. Кейінгі жылдары қаламызды көркейтуге бюджеттен, әсіресе туған қаласының келбетті болғанын қалайтын меценаттар мен кәсіпкерлер есебінен қыруар қаржы бөлінуде. Ойын-спорт алаңдары пайдалануға берілді.
Жастар осынша игілік өздері үшін, тұрғындар үшін екенін түсінсе екен. Қоғамдық орын агрессияны сыртқа шығаратын, «батылдығын» бірдеңені бүлдіру арқылы дәлелдейтін жер емес. Көшедегі көрінген затқа тиісу тәртіпсіздік, оған қолданылатын жаза бар. Бәріміздің таза, заманауи қалада өмір сүруіміз үшін салынған нысандарды күтіп ұстау керек, – деп өз ойын білдірді.
Иә, айтуы орынды. Тазалық табалдырықтан басталады. Сырт көз сыншы. Кеше ғана дүркіретіп той жасап, ертесіне бүлінген жерді жиыстырып жүргенімізді көргендер болса аяры хақ. «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дер» деген ұлт емеспіз бе? Болашағымызға балаған жеткіншектеріміздің осыншама майдаланып кеткені ме? Қайта үлкен-кіші тынығатын ғажайып орынды мақтан тұтып, құптап жүрсе нұр үстіне нұр болмас па еді?!
А. ҚАРЫМСАҚ