Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз төскейіндегі берекелі той

Теңіз төскейіндегі берекелі той

Соңғы уақытта аралдықтар үшін таптырмас орынға айналған "Балықшылар" аллеясы қашанда қызу тіршіліктің үстінде. Жасы да, жасамысы да жиі келіп, жан рахатына бөленетін тынығу орны өткен сәрсенбіде тіпті жандана түсті. Балықшы жұрттың басты символикасына айналған бұл орында Аралдың ертеден бергі тіршілігін көрсететін түрлі жәдігерлерден бастап, қолөнер бұйымдары, балықшылардың ұстап-тұтынған балық құралдарынан бастап ең күрделі қажетті заттарына дейін көрсетіліп, қойылымдар қойылды. Аллеяда ойнаған дәстүрлі әуен мен көркем қойылым аудан халқын еріксіз қызықтырып, мұнда жиналғандардың қарасы өте көп болды. Алаң ортасындағы субұрқақтың көрінісі, аллея төрінен орын тепкен алып мұнара маяк Арал теңіздің мекені екенін анық аңғартса, балықшылар музейіне кірген бойда әркім өзін теңіз бетінде қалқып бара жатқандай әсер алады. Теңіздің теңдессіз байлық екенін көрсететін, ғасырға жуық ауданның тарихын таңбалап тұрған мұндағы түрлі жәдігерлердің құны жоғары. Одан қалды бөлме жағалап, мұражайдың ішіне енген сайын тіпті көп кереметтің куәсі боламыз. Мұнда әр бала бүгінгі, әр ересек бала шағындағы "капитан болсам" деген арманын жүзеге асыра алады. Себебі мұндағы арнайы экран алдында кеме штурвалын қолмен ұстап, оны оңға-солға бұрып, айдын бетінде жүргендей сезінуге бар мүмкіндік бар. Музейге жапсарлас тұрған "Лев Берг" кемесі келушілерге құрлық бетінде тұрып-ақ теңізде саяхаттағандай әсер сыйлады. Мұның бәрі балықшылар слетінің тек кіріспесі ғана.
Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Арал ауданының 95 жылдығына орай құтты мекен Арал өңірінде балықшылар слеті өткізілді. Ата кәсіпті жалғаған айдынды өңірдің балықшылары үшін бұл күн асыға күтетін мерекеге айналған. Әлбетте солай. Еліміз бойынша осынау ауқымды шараның басқа өңірде емес, Аралда ұйымдастырылғанының өзі зор абырой. Таңбалы тарихта жүздеген теңіз батырының атын қалдырған ауданның төрінде салтанат құрған слет жыл сайын өз салтанатымен келушілерді тәнті етеді.
Теңіз төскейіндегі өлкеде өткен балықшылар слеті біз айтқандай «Балықтар базынасы» атты тағдырлары теңізбен ұштасқан жандардың өмірінен сыр шертетін театрландырылған қойылыммен басталды.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов тұрғындардың бүгінгі қуанышына ортақтасты.
«Қасиетті Сыр елі – өзінің Сыр салысы, төрт түлік малымен қатар балығымен де аты шыққан берекелі, құтты мекен. Бүгінгі күні теңізді өлкенің ата кәсібі – балық шаруашылығының мәні мен маңызы кеміген жоқ. Бұған дәлел, әр жыл сайын өтетін «Балықшылар слеті». Мақсатымыз – балық шаруашылығымен айналысатын азаматтардың еңбегін бағалап, лайықты дәрежеде құрмет көрсету үшін жасалуда. Соңғы уақытта балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейде қайта оралып, ерекше қарқынмен дамуда. Өздеріңізге мәлім, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама аясында өңірімізде ауқымды істер атқарылуда. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті деңгейде жұмыстар жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, Ел Президенті өткен аптадағы Тәжікстанда Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінде Аралдың қазіргі тағдырын талқыға салды. Алдағы 3 жылда «Халықаралық Аралды құтқару қоры» мемлекетіміздің басқаруына өтіп, теңіздің мәселесінің шешілуіне жаңа бір серпін беретінін атап өтті. Бұл Мемлекет басшысының Сыр еліне, Арал өңіріне деген қолдауы ерекше екенін білдіреді. Өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен бастау алып, биыл екінші кезеңі жүргізіліп, абаттандырылған "Балықшылар" аллеясы барша балықшылар қауымына деген біздің құрметіміз бен ілтипатымыз екендігін жеткізгім келеді», – деп слетке қатысушыларды бүгінгі мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар слеттің ашылу салтанатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков Арал балықшыларын құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Слет аясында балық шаруашылығы саласының үздіктері мен ардагерлері марапатталды. Осы орайда балық ісінің қарқынды дамуына өз үлестерін қосып жүрген сала мамандарына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер», «Балық шаруашылығы саласына мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері, Құрмет грамотасы және Арал өңірінің балықшыларының VII слетінің арнайы номинациялары мен «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды.
Шара соңында ауданымыздың талантты өнерпаздары ән мен жырдан тамаша тарту жасап, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады
Айта кетейік, өткен жылы «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасына сәйкес 500 млн теңге бөлінді. Аталған қаржыға «Ақлақ» су торабына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша канал арналарын қазу жұмыстары атқарылды.
Ірі көлдер болып саналатын Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесін, шабындық және жайылымдық жерлерді суландыру үшін 10 каналдың арнасы тазаланып ұлғайтылып, 6 су тоспасының құрылысы жүргізілді.
Нәтижесінде Арал теңізіне мол су кезіндегі 3 айдың өзінде 1.3 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік болды. Биыл да теңізге осы көлемде су түсіру жұмыстары жүргізіледі.
"Толқын" ақпарат
22 қыркүйек 2023 ж. 252 0