Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың ажары, аралдықтардың көңіл базары

Аралдың ажары, аралдықтардың көңіл базары

Арал қаласы – аймағымыздағы Қызылордадан кейінгі қала мәртебесі бар екінші қала. Бұл статусты алу үшін де көптеген талаптар қойылады. Мәселен, ТМД елдерінің бірқатар ғалымдарының экономикалық, экономикалық-географиялық, әлеуметтік-демографиялық және өзге де критерийлері мен теориялық жақтарын қарастыратынын білеміз. Міне, осындай талаптарға сай келгендіктен Арал қала ретінде танылған.
Дегенмен осы мәртебенің де айтарлықтай жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Оны дамыту мен талапқа сай етіп сақтау, дамыту мен көркейту, өзге де түрлі бағыттар бойынша табысты жұмыс жасау басты міндеттердің бірі. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да қалаларды қолдау жұмыстары жүйелі істеліп келеді. Әсіресе соңғы жылдары Қазақстан Республикасының өңірлік даму жүйесінде еліміздің шағын қалаларының әлеуметтік-экономикалық жағдайы кең көлемде қарастырылған. Шағын қалалардың қазіргі экономикалық жағдайы, олардың өнеркәсіптік даму бағыттары мемлекеттің аймақтық даму бағдарламаларын жүзеге асыру үшін өте маңызды.
География тұрғысынан қала үш негізгі бөліктің жиынтығынан, яғни халықтан, экономикалық базадан, өмірлік қамтамасыз етілуінен тұрады деп білсек, бүгінде Аралды қай жағынан алып қарасақ та талапқа сай екендігін анық аңғарамыз. Жыл сайынғы халық санының өсуі, экономикалық даму динамикасының жоғарғы көрсеткіші жайлы біз басылым бетінде жиі ақпараттандырып жүрміз. Ал қолайлы өмірмен қамтамасыз ету бағытындағы тындырымды тірліктер халықтың көз алдында. Жыл сайын бой көтеріп жатқан сан салалы нысандар осының анық дәлелі. Халықтың мұқтаждығын қамтамасыз ететін сауда үйлері, түрлі қызмет көрсетуге негізделген нысандардан бөлек, тынығу орындары мен орталықтар сөзіміздің айқын көрінісі.
Жақында тағы бір осы мақсаттағы орталықтың ашылуына куә болғанбыз. Аймақ басшысының орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың ауданға жасаған сапарында салтанатты түрде ашылған Жалаңтөс Баһадүр аллеясы бүгінде қалыпты жұмыс жасап тұр.
Жаздың ыстық аптабы қайтып, кеш бата көшеге шыға қалсаңыз, осы аллеяға барып көріңіз. Ағылған адам, көңілді балалар мен солардың алаңсыз асыр салып ойнағанын тамашалаған ата-аналары, ата-әжелерін жолықтырасыз. Расында күні бойы жұмыстан шаршаған сананы тынықтырып, кешкілік серуенге бет түзеген жандарға таптырмас орын. Тынығу орнының ортасында орналасқан субұрқақ пен айнала орнатылған жарық шамдары алаңның шырайын тіпті келістіріп-ақ тұрғандай.
Қала тұрғыны Ә.Қуандықова:
– Жұмыстан бос уақытта өзімізге, балаларымызға уақыт бөлгенді ұнатамыз. Кешкілік отбасымызбен бірге серуендеп қайтамыз. Қазірде қала ажарланып, әсіресе балалардың ойын алаңдары мен тынығу орындары көбейіп келеді. Бұл қуанышты дүние. Ал Жалаңтөс Баһадүр аллеясы тіпті ерекше болды. Аралдың халқының көп уақыттан бергі сұрауы субұрқақ болатын. Мұндағы субұрқақ сәулетті алаңға тазалық сыйлап тұрғандай сергіп қаламыз. Одан бөлек балаларға арналған құм төселген алаң да өте қауіпсіз. Балаларымыз ойын сәтінде құлап қалады, бір жерін жаралап алады деп уайымдаудың да қажеті жоқ. Аллея халық игілігі үшін жұмыс жасап тұра берсін дейміз, – дейді.
Иә, үйіне қонақ келсе ұялмай төрін көрсетуге дайын тұратын халықпыз. Жыл сайын жаңарып келе жатқан Аралдың тағы бір мақтана айтып жүрер ажарлы аумағы осы алаң екені жасырын емес. Жергілікті жұрттың рахатына, келген қонақтың қызығына айналған аллеяға халық та оң бағасын береді.
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
15 шілде 2023 ж. 304 0