Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдағы бағытты айқындайды

Алдағы бағытты айқындайды

Халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл елдің халқының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау. Санақ – халықтың құрамын, мемлекеттің экономикасы мен этникалық арасалмағы жайлы да деректер береді. Ол – сандық тұрғыдан мемлекеттік қауіпсіздік, экономикалық даму, халықтың әлеуметтік ахуалын айқындауға жол салады. Санақ бойынша әр мемлекет өз болашағын өзінше жасай алады. Халық санағын жүргізудегі ең басты мақсат – экономикалық, стратегиялық жоспарлауға қажетті деректерді анықтау десек те, одан да маңыздысы халық санының нақты өсіп жатқанын, демографиялық көрсеткіштердің жақсарып келе жатқанын көрсету. Сондай-ақ халық санының өсімі баяу болса, оның не себепті екендігі, эмиграцияның себеп-салдарын бақылау секілді мәселелер төңірегінде нақты жұмыс істеуге жол ашады.
Жалпы, Ұлттық санақ тек демографиялық ахуалды ғана емес, адами ресурстарды – азаматтардың білімін, денсаулығын, қоғамда болып жатқан өзгерістерге деген көзқарасын анықтауға мүмкіндік береді. Ұлттық санақты нәтижелі өткізу – мемлекеттің 10 жылда жүргізген саясатының түрлі бағытын анықтайды. Бұл – медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы, экономика-қаржы саласында жүргізілген реформаны талдауға, талқылауға берілген мүмкіндік. Сол арқылы мемлекет алдағы он жылға нақты болжамдар жасайды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілді. 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны – 14 981 281, ал 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі 16 009 597 адамды құрады. Кезекті ауқымды шара, яғни үшінші ұлттық халық санағы биылғы жылы жүргізіледі. «Қазақстанда әркім маңызды!» атты девизі мен логотипі бекітілді. Қазіргі уақытта барлық қала, аудан әкімдерінің санақ өткізуге жәрдемдесу комиссиясы құрылды. Ауданда да бұл шараға байланысты қала, кент, ауылдық округтерде комиссиялар құрылып, жұмыс жүргізуде. Іс-шаралар жоспары бойынша ең алдымен көше атаулары, үй нөмірлері ретке келтіріліп, оларды нақтылау жұмыстары аяқталуы тиіс. Сонымен бірге аудан көлеміндегі барлық елді мекендердің карта-схемалары жасалды. Қазіргі кезде нақтылау, өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлеміндегі халық санағын өткізудің бірінші және екінші кезеңдік жұмыстарына 17 нұсқаушыбақылаушы тартылады деп күтілуде. Нақтырақ айтқанда, халықтан пікіртерім жүргізетін санақтың негізгі екінші кезеңінде аудан көлемінде 14 нұсқаушылық учаске болады. Биылғы халық санағы ақпараттық технологияны қолдана отырып өтіледі деп жоспарлануда. Санақтың алғашқы 10 күні интернет желісі арқылы онлайн режимінде жүргізілетіндіктен, әсіресе ауылдық елді мекендердегі халық, сол учаскелерге келіп, санақтан онлайн режимінде өтуі керек. Халық санағының нәтижесі елімізге не береді? Ол – елдегі халық санын, этникалық құрамын барынша дәлірек анықтайды, дамуымыздың келесі онжылдықтағы бағытын белгілейді. Өзгеру серпініне талдау жасайды. Санақ нәтижесі бұдан кейінгі есептерге, жақын жылдарға жоспар, болжам жасауға негіз қалайды. Қазақстанның жаңа бейнесін қалыптастырады. Экономикалық дамудың ең бірінші шарты – халық санының өсуі. Халық көп болса, өндіретін өнім де соған сай мөлшерде болады. Сондықтан халық санын көбейту амалдарын игілендіріп, жетілдіріп, мейлінше қолдау көрсету басты мақсат болып табылады.

Е.Қапанов,
Арал ауданының статистика басқармасының басшысы
18 қаңтар 2020 ж. 884 0