Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Демография деңгейі: пропорцияны қалай сақтаймыз?

Демография деңгейі: пропорцияны қалай сақтаймыз?

Өткен ғасырдағы зобалаң мен зұлмат қазақ деген халықтың басына нәубет орнатты. Арасы он жыл ғана уақыт алатын қос бірдей ашаршылық, репрессия, одан кейінгі екінші дүниежүзілік соғыс... Осындай озбырлықтың салдарынан қынадай қырылған халық жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған. Алайда даңғарадай жердегі шөкімдей ғана ұлтқа тәуелсіздік таңы атып, мемлекет іргесі қайта бекіді. Дегенмен мемлекет құрушы халықтың саны тым аз еді. Мына дерекке қараңыз, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында қазақтың саны 40 пайызға да жетпейтін. Алайда арадағы 30 жылдан соң үлес салмағы 70 пайызға көтерілді. Дегенмен демография мәселесі мұнымен шешілді деуге келмейді. Қазаққа қазір көбейгеннен басқа амал да қалмады. Себебі алып атырапқа 18 миллион халық дегеніңіз, алып қазанға бір уыс тары тастағанмен бірдей-ақ. Бабадан қалған жерімізді жанға толтыру үшін бізге пропорцияны сақтау керек. 2 724 900 шаршы шақырым. Бұл – әлемде жер көлемі жағынан 9 орын алатын біздің мемлекеттің аумағы. Құшағына 5 Франция еніп кетеді. Алайда сол Францияда 65 миллионға жуық адам тұрады. Халық саны бізден үш есе көп. Салыстыруға да келмейтін сандардан Қазақстанның жер көлемі мен халық санының арасында пропорция жоқ екенін аңғару қиын емес...
Дүмпу
Демография – халық санының артуы мен кему деңгейін саралап отыратын сала. Алайда демографиялық деңгейді анықтау үшін оған әсер ететін факторларға мониторинг жүргізілуі қажет. Сондықтан бұл тақырыпқа жан-жақты талқылау жасап, облыс және аудандағы көрсеткішке көз жіберіп көрмекпіз.
Бүгінде облыстағы халық санында өсім бар екенін статистикалық көрсеткіштер айқындап отыр. Тіпті алдағы бірер жылда миллионға жетеміз деген де болжам бар. Мәселен, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша облыс халқының саны 753,200 адамға жетіп, туу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы рес­публикада төртінші орынға, ал табиғи өсім жағынан үшінші орынға шығыпты. Сондай-ақ облыс бойынша 1987 жылы нәрестелер ең көп дүниеге келген, яғни 20676 сәби туған. Алайда кейінгі жылдары бала туу деңгейі азайып 2002 жылы 12429-ға дейін төмендеген. Тек 2003 жылдан бастап қана дүниеге келген нәрестелер саны қайта өсе бастады. 2012 жылы – 20149 бала, 2014 жылы 20562 нәресте дүниеге келген. Бұл деректер тарих ғылымдарының кандидаты, доцент осы салада зерттеу жүргізген Айтжан Оразбақовтан алынып отыр. Ғалым келтірген мәліметтерді аудандағы мына дерекпен нақтылай кетсек те болады. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа барғандар саны жылдағыдан көп. Яғни 2013 жылы туған 1 сынып оқушылары 2112 баланы құрап отыр. Соның себебінен әр мектепте қосымша сыныптар ашылған. Яғни осы жылдары облыс пен ауданда демографиялық дүмпу болғанын байқаймыз.
«Ауданда да халық санының артқаны байқалады» – дейді аудандық статистика бас­қар­масының басшысы Е.Қапанов.
– 2018 жылдың қорытындысына көз салсақ, 1826 сәби өмірге келген. Ал өткен жылдағы өлу көрсеткіші – 426. Жалпы халық санының динамикасы аудан тұрғындарының көбейіп жатқанын аңғартып отыр. 2017 жылы халық саны – 78270, 2018 жылы – 79150, 2019 жылдың 9 айында 79513-ті көрсетті, керісінше өлім-жітім азайды, – дейді сандарды сөйлеткен басқарма басшысы.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының көші-қоны да статистикаға айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, 2017 жылы көшіп келушілер саны 2077 болса, кеткендер – 2895. Ал 2018 жылғы есепте 2286 және 2796 деп көрстеілген. Алайда статистика басқармасының басшысы бұл көп нәрсені аңғарта бермейтінін айтады. Себебі қажеттіліктер үшін өзге жақтың мекенжайына тіркеліп, өздері осында жүре беретін азаматтар көп.
Халық санына қатысты деректерді кел­тірдік. Алайда демография туралы айтылғанда айтпай кетпеуге болмайтын мынадай мәсе­лелер бар...
Аралдықтар демографиялық
жас халық санатында
Тұрғындарымыздың жас мөлшерін айтпас бұрын некеге тұру мен ажырасудың ара­қатынасына тоқталсақ. Әлбетте, халық санының артуы тату, берекелі отбасылардың көптігімен байланысты. Қазақ қоғамы қашан да көп балалы болуға қарсы емес. Алайда заманның ағымы көп сәби сүйгісі келмейтін шаңырақтарды арттырып отыр. Қазір аудандағы әрбір бесінші некенің соңы сәтсіздікке ұшырап жатыр. 2017 жылы 501 адам шаңырақ көтерсе, сол жылы 107 адам ажырасып тынған. Ал 2018 жылғы көрсеткіште 548 жас отау көтеріп, 100 отбасының жолдары екіге айырылған. Осындай сәтсіздіктер неге көбейіп кетті? Әрине көп кикілжің әлеуметтік, тұрмыстың төмендігінен туып жатады деген пікір қалыптасқан. Алайда ғалым Айтжан Оразбақовтың мына ойы оны теріске шығаратындай.
«...Қазақ қоғамындағы бала туу деңгейінің өсуін, кемуін кейбір демографтар тек қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлармен байланыстырады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Бұрын бала өлімі көп болғандықтан, қазақ шаруашылығы жұмыс күшінің көп болуын талап еткесін, жаудан қорғануға сарбаздар көптеп керек болғасын қазақ отбасы көп балалы болған. Кеңес дәуірінде зейнетақы бәріне берілмейтін, тек 60-жылдары ғана жағдай өзгере бастады. Ондада ол кезгі көпшілік алған зейнетақы өте аз болуына байланысты көпшілік «балдарымыз өлтірмейді» – деген оймен отбасының көп балалы болуын жалғастырды. Ал ХХІ ғасырда экономикалық, әлеуметтік сұраныстар өзгергесін адам, оның ішінде әйелдер бала туып отыру орнына карьера жасауға, қаржы табуға ұмтылып жатыр. Көп бала туып, көп уақытын солардың жағдайын жасауға жұмсау орнына, қазіргі ата-аналар психологиясы бойынша 1-2 бала туып, барлық күшін солардың тәрбиесіне, өсуіне, оқуына, жұмысқа орналасуы­­мен карьера жасауына жұмсаған дұрыс деп ойлайды. Шындығына келгенде, осы жорамалды тексеру үшін айналамыздағы отбасыларға назар салып көріңіз. 1989 жылғы санақ материалдары бойынша Қызылорда облысындағы басқарушылық қызметте отырған әйелдердің 40 пайызын күйеуге шықпаған, ажырасқан не күйеуі қайтыс болған әйелдер құраған. Еркектер арасында бұл көрсеткіш 4 пайыз. Бұл әйелдердің билікке араласуын шектеген Кеңес үкіметі кезеңі, ал қазір әйелдердің басшылық қызметке араласуы өте жоғары. Алайда бұл принцип елді мекендерде қаладағыдай кең тарамаған...». Шынында да, бұл жерде таяқтың екі ұшы барын ескеру қажет секілді.
Сонымен қатар демографиялық қартаю да біздің басты мәселе болуы керек. Әрине ол үшін туу көрсеткішін өсіру, ана мен баланың денсаулығын, әлеуметтік жағдайын жақсарту негізгі міндет. Еліміздің демографтары бұл жағынан Қазақстанның болашағын жақсы деп бағалағанымен, БҰҰ мамандарды 2050 жылға қарай Қазақстан халқының қартаю деңгейі 2004 жылғы 7,4% -дан, 2030 жылы 11,5% - дан асып 2050 жылы 25% жетуі мүмкін деп жорамал айтып отыр. Сонымен, аудан халқынның қартаю көрсеткіші қай деңгейде?
Дүние жүзінде халықтың демографиялық қартаю деңгейін анықтайтын бірнеше шкала бар. Оның ішінде жиі қолданылатыны негізінен екеуі. Біріншісі – француз демографы Ж.Божё-Гарнье мен поляк демографы Э.Россеттің есептеу шкаласы және екіншісі – Біріккен Ұлттар Ұйымы қолданып жүрген есептеу шкаласы. Алғашқы айтылған шкала бойынша белгілі бір мемлекет халқының құрамында 60 жастан асқан адамдардың үлесі 8 пайыздан төмен болса, бұл халық демографиялық жас халық болып саналады. Осы бойынша біз де сандарды сөйлетіп көрдік.
Аудандық статистика басқармасының мә­лі­метінше, 2017 жылғы аудандағы жалпы халық саны 78270 болса, оның ішінде  60-тан асқан­дар 6652-ні құрап отыр, яғни үлес салмағы 8 пайыз­дың айналасында. Француз және Поляк демографының өлшеміне салсақ, аудан тұрғындары демографиялық жас халық санатында деуге болады.
Түйін. Мақалада аудандағы демографилық ахуалды ашып, мейлінше сандарды сөйлетуге тырыстық. Сөз басында пропорцияны қалай сақтаймыз деген сауал тастаған едік. Жоғарыда біз келтірген мәселелерді реттесек, бұл сұрақтың түйіні де тарқай түседі. Алайда ең бастысы – көп балалы болудан қашпау. Ата-әжелеріміздің қай-қайсысынан сұрасаңыз да алды 10 ұрпақ сүйген үлкен әулет екенін айтар еді. Бұрынғы қазақ қоғамы неге көп балалы болды? Сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай осыған итермеледі, яғни жаугершілік заманда еркек кіндікті соғысқа аттанып, халық саны кеміп отырған. Оның орнын толтыру үшін өмірге көп бала әкелуге тура келді. Алайда ол заман өткенімен, проблема сол күйінде. Бізге әлі де көбею қажет. Көп балалы болудың қазақ үшін аса қажет екенін этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің мына дерегімен түйіндесек: «Н.Я. Коншин хатқа түсірген шежіре дерегінде Бөкей ханда 9 ұл болған, олардан 49 немере, 150-ден астам шөбере көрген. Осы орайда Абылай ханнан туған 71 ұлдың ұрпағы жеті ата өткенде қанша болғанын елестету қиын емес. Жарайды, бұлар қолы ұзын төрелер болсын-ақ. Қарадан шыққан қанжығалы қарт Бөгенбайдан тараған еркек кіндікті  ұрпақ 1926 жылғы санақта 526 шаңырақ болған, одан 32 ауыл құралыпты. Әр шаңырақта орта есеппен 6-7 жан болғанда 4 мыңға тарта адам. Толық бір ру...».
М.ҚҰРМАНӘЛІ
26 қараша 2019 ж. 1 533 0