Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Репрессия кезінде тек атылған адам саны 150 мыңдай – Әзімбай Ғали

Репрессия кезінде тек атылған адам саны 150 мыңдай – Әзімбай Ғали

Саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Ғали Алматыда өткен конференцияда қазір Қазақстан билігі ашаршылық, геноцид мәселесін халықаралық ұйымдар арқылы көтеріп жатқанын, бұл құптарлық жағдай екенін айтты.Жиын барысында демограф ашаршылық кезінде қырылған қазақтың санына тоқталып, ол жайында деректер әртүрлі екенін айтты.
«Зерттеуші өлгендер санын азайтып береді, публицист көбейтіп айтады, жазушы әспеттеп береді. Менің дерегімше, тек 1929-1933 жылдары Қазақстанда ашаршылықтан 1 млн 610 мың адам өлген. Бұған кәріліктен өлген адамдар кірмейді, тек қана ашаршылықтан өлгендер, яғни, есепке кіргендері», - дейді ол.
Әзімбай Ғалидың айтуынша, ашаршылық қазақ халқына жасалған геноцид. Жалпы геноцидтің бірнеше мысалдары бар көрінеді. 
«Біреуі Еврей геноциді, Армиян геноциді бар деп айтылып еді, кейін оны жоққа шығарды. Олар өздері көтеріліс жасапты, өлген 1,5 миллиондай адам күрдтер мен османдықтар арасындағы соғыстан болған екен. Сондықтан оны классикалық талаптарға сай келмегендіктен геноцид деп санауға болмайды екен», - дейді ол. 
Сонымен қатар, ол ашаршылық кезіндегі кінәні тек Голощекинге тануға болмайтындығын, ол Кеңестік коммунистік жүйенің кесірінен болғанын жеткізді. Оған қоса қазақтың солақайлары да кінәлі. Олардың бәрі кейін репрессияланған. 
«Репрессия кезінде тек атылған адам саны 150 мыңдай. Жалпы бірнеше жылға сотталып, сібірге айдалғандар көп болған. Мирзоян және халық ішінен шыққан жағымпаздар репрессияны қоздырып отырған. Ол тоталитарлы режиміне тән нәрсе. Қазір қазақтың саны 13 млн-ға жақындап, Қазақстан халқының 70 пайызын құрап отыр. Елбасының «егер ашаршылық болмағанда біз 40 млн-дай болар едік» деп айтқан сөзі бар. 40 млн деген өз нарығы бар үлкен ел», - дейді саясаттанушы.
Сөз соңында ол қазір Қазақстан билігі ашаршылық, геноцид мәселесін халықаралық ұйымдар арқылы көтеріп жатқанын және бұл құптарлық жағдай екенін жеткізді.
«Саяси элитамыз тарихшылардың жазғандарын, баспасөзде айтқандарын есепке алып, саяси халықаралық әрекеттерге барып жатыр. Мүмкін қазақ геноциді мойындалады, ол ойдан шығарылған нәрсе емес», - дейді ол.
Аталған шараны «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
https://baq.kz
30 мамыр 2019 ж. 1 128 0