Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Естелік – екінші өмір

Естелік – екінші өмір

«Естелік – екінші өмір» демекші, ғибратты ғұмыр кешіп, артында жақсы із қалдырған адамдардың өмірі де өнегелі болмақ. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі – ауданымыздың балық шаруашылығы саласында жемісті қызмет атқарған Кемал Жаймағанбетов болатын. Абзал азамат туралы «Тұғыры биік тұлға» атты естеліктер жинағын қолымызға алғанда осындай ойда болдық.
Кемал Қайназарұлы жиырма жасында Қызылорда гидромелиоративтік техникумын бітіргеннен кейін еңбек жолын Арал балық қорғау және өсіру басқармасында бастайды. Талапты жас маман осы жылдары одақтық Астрахан, Калининград, Рига, тағы басқа қалаларында өткен балық өсіру кеңестеріне қатысып, тәжірибе алмасып, білімін жетілдірген. Ал 1971 жылы Кемал Тастақ балық өсіру зауытына директорлығына тағайындалады. Қиыр Шығыстан ақамур, дөңмаңдай балықтарын әкеліп, қолдан зауыттық тәсілмен өсіріп, жергілікті көл-айдындарда жерсіндіріп, оны өндірістік деңгейге жеткізді. Білікті басшы, білімді ихтиолог 1986 жылдан Аманөткел тауарлы көл шаруашылығы мекемесін басқарып, өзінің мол тәжірибесі мен білімін жаңа саланы дамытуға, қосалқы шаруашылықты өркендетуге жұмсады. Кемал ағамыз облыс көлемінде Мәскеудегі тамақ өнеркәсібі институтының «ихтиолог-балық өсіруші» мамандығы бойынша бітірген санаулы мамандардың бірі еді. Қамыстыбас көлінің балық қорын молайтуда және қорғауда да жүйелі жұмыстар атқарылды. Ол көп жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, бірнеше медальдармен марапатталды. Зейнетке шыққаннан кейін де ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, көпке ақылшы аға, ардақты ардагер болды. Жұбайы ұлағатты ұстаз Райла екеуі 8 перзент тәрбиелеп өсіріп, өнегелі ата-әже, үлкен шаңыраққа айналды. Қызылорда қаласына қоныстанған қадірлі ағамыз осыдан екі жыл бұрын 79 жасында дүниеден озған еді.
Естелік кітапта бұрынғы Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі Қ.Саржанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетов, аманөткелдік ардагер Ш.Әбдіраманов және басқалары асыл азамат жайлы ойларымен бөлісіп, оның адамгершілік және іскерлік қабілетін лайықты бағалайды.
Жаңа туындының тұсаукесер рәсімінде сала ардагері Ж.Боранбаев, інісі С.Мұханбедиев, жазушы-журналист Ж.Әбдіраман және басқалары лебіздерін білдіріп, өнегелі өмір туралы құнды дүние болғанын атап өтті. Соңында марқұмның рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Ж.ӘБІШОВ
26 қыркүйек 2023 ж. 333 0