Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Арал аудандық сотында Арал аудандық пробация қызметі бөлімінің сотталған А-ның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қаралды.

Іс құжаттарына сәйкес, А. Алматы  қаласы, Әуезов аудандық сотының 27.03.2023 жылғы үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 100 сағат мәжбүрлі  еңбекке тартылған, ҚК-нің 60-бабы 1-тармағына сәйкес 16.11.2022 жылы Алматы  қаласы, Алмалы  аудандық сотымен тағайындалған жазаның өтелмеген мерзімін ішінара қосу  арқылы, түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, жылына 100 сағат мәжбүрлі  еңбекке тартылып, пробациялық бақылау  белгіленген.
Алайда, сотталған А. бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын біле тұра, жазаны өтеу тәртібін бұзған. Атап айтқанда,  аудандық пробация қызметіне тіркелуге дәлелсіз себептермен келмей, пробациялық бақылаудан жасырынған.

Бұл мән-жайлар сотталған А-ның сотта кінәсін мойындап берген жауабымен және жинақталған іс құжаттарымен дәлелденген.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 44-бабының 3-бөлігіне сай, бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудiң бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Осыған орай, сот қаулысымен пробация қызметі бөлімінің сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қанағаттандырылды.

Арал аудандық сотының
баспасөз қызметі
28 қыркүйек 2023 ж. 300 0