Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Арал аудандық сотында Арал аудандық пробация қызметі бөлімінің сотталған Ж-ның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қаралды.

Іс құжаттарына сәйкес, Арал аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігінің 2,3 тармақтарымен кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған Ж. пробация қызметімен есепке алынған. Алайда, сотталған Ж. сот үкімінде көрсетілген міндеттерін толық біле тұра, пробация қызметінің заңды талаптарын  орындамай, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін бұзған. Атап айтқанда, пробация қызметі оның тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеру барысында бірнеше мәрте үйінде болмаған, бірнеше рет тіркелу үшін пробация қызметіне келмеген, сондай-ақ жаза өтеу мерзімі ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сот отырысында сотталған Ж-ның жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын бұзғаны өзінің мойындап берген жауабымен және жинақталған іс құжаттарымен дәлелденген.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 44-бабының 3-бөлігіне сай, бас бостандығынан шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімі дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылады.

Осыған орай, сотпен пробация қызметі бөлімінің сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қанағаттандырылды.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының  29.01.2019 жылғы қаулысымен азамат Ж-ның жекеше шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Арал аудандық сотының

баспасөз қызметі

27 ақпан 2019 ж. 1 620 0