Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық банк алаяқтар көбейгенін ескертті

Ұлттық банк алаяқтар көбейгенін ескертті

Қазақстан Ұлттық банкі ел тұрғындарына инвестициялық қызметпен байланысты алаяқтық схемалар бар екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Алаяқтар сайттар мен мобильді қосымшалар жасайды, Ұлттық банктің ресми интернет-ресурстарының интерфейсін көшіреді, сондай-ақ шенеуніктердің фотосуреттерін пайдаланады, ақшаны қайтаруға немесе инвестиция арқылы жоғары табыс табуға уәде береді, - деп түсіндірді банк.

Қаскүнемдер адамды көбірек тарту үшін өздерінің жалған сайттары мен мобильді қосымшаларын әлеуметтік желілерде және YouTube-те жарнамалайды.

    Әртүрлі әлеуметтік платформалардағы жарнамалық хабарламаларға ауысу кезінде, сондай-ақ Ұлттық банктің өкілдері немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері деп мәлімдеген адамдардан күмәнді қоңыраулар немесе электронды хаттар алу кезінде абай болыңыздар, - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан Ұлттық банкі жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және телефон, электронды пошта немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы жеке мәлімет сұратпайды.

Ақшаны қайтару туралы ақпарат жазылған сайттар алаяқтық әрекеттің айқын белгілері бар, деп толықтырды баспасөз қызметі.

    Ұлттық банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, жеке тұлғалармен мәміле жасамайды. Бұдан басқа, азаматтардың активтерін инвестициялық басқаруға арналған ұйымдардың тізбесі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған, - деп атап өтті банк.

Ұлттық банк мамандары мобильді қосымшаларды орнатпауды, жеке деректерін ашпауды, ұялы телефонға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік бермеуді және телефон арқылы сөйлесу барысында алынған нұсқаулар бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аудармауды ескертті.

Кеңес алу үшін Ұлттық банктің байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі бойынша хабарласуға болады.
30 қыркүйек 2023 ж. 301 0