Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2025 жылға дейін колледж студенттерінің стипендиясы екі есе өседі

2025 жылға дейін колледж студенттерінің стипендиясы екі есе өседі

2025 жылға дейін колледж студенттерінің шәкіртақысы 2 есе өседі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Дамыған елдерде кадр даярлау жүйесіне, оның ішінде кәсіптік техникалық білім беру сапасын арттыруға басымдық беріледі. Бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының декларациясында Мыңжылдық даму мақсаттары ретінде айқындалған. Жалпы әлемдік тәжірибе бойынша жастардың еңбек нарығына араласып, алғашқы мамандық алып шығуына мемлекет тарапынан кепілдік беріледі. Бұл ретте экономикалық жетістігі дуалды оқыту жүйесіне негізделген Германия мемлекетін мысалға келтіруге болады. Бізде 9-сынып түлектеріне колледжде тегін оқуға мүмкіндік берілген», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, 3 жыл ішінде кадр даярлауға тиісті мемлекеттік тапсырыс көлемі артты.

Егер бұған дейін колледждерде бюджет есебінен 95 мың студент оқыса, биыл олардың саны 133 мыңға дейін ұлғайды.

«Мемлекеттік тапсырысты бұдан әрі де арттыра береміз. Биыл колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға өсті. 2025 жылға дейін стипендия тағы 2 есе өсіріледі. «Жас маман» жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді», – деді Әлихан Смайылов.

Сурет: ​elorda.info​​​
10 қазан 2023 ж. 293 0