Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықшы күнде арманда...

Балықшы күнде арманда...

«Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда» деген тәмсілді балыққа шықпасам естімеген болар ма едім?! Мәнін сұрасам балық аулаудың да түрлі хикаялары бар екен. Қалай дейсіз ғой? Ендеше қысқа мерзімде көз көріп, құлақ естіген көк айдын төсіндегі балықшы қауымның бейнеті мен бақытын баяндап берелік.
Бозарал. Таң білінгенде басталатын тынымсыз тірлік алдымен желдің екепіні пен бағытын анықтаудан басталады. Өйткені желді күні теңіздің толқыны тулайды. Ақ көбік шашқан асау толқындар анау-мынау қайықтарды төңкеріп тастауы да бек мүмкін. Сондықтан желдің тынғаны балықшының жарты бақыты десе болғандай. Көзді тырнап ашып, таңмен таласа ау суыруға ағылатын балықшы қауымның жанына майдай жағатын бір сөз бар. «Майлат» деген сөзді естіген балықшының «әумин» деп алақан ысқылайтынына үйренісіп келеміз. Қонышы белге жететін резина аяқ киім мен су өткізбейтін киімнің ішінде әзер қозғалатын балықшылар суатқа келіп, қайыққа аяқ салғаннан қозғалтқышты іске қосады. Баяғы замандағыдай ескектің дәурені біткен. Әп-сәтте асау толқынды қақ жарып өтетін маторлы қайықтар Тостақан мен Өзектің арасын ойқастай бастайды.
Санаулы минутта шақырымдарды артқа қалдыратын Прогрес қайықпен бұл жолы суаттан 15 шақырымдай жерге алыстап кеттік. Шетсіз-шексіз көк айдынның бізге беймәлім тұңғиығы нендей сырды ішіне бүккенін кім білсін? Өксігін баса алмаған баладай ара-тұра бұлқынады кеп. Алақандай қайық теңселіп, желдің бағытымен ыға бастайды. Мұндайда аудың шетіне келіп, бояққа жармасу қос балықшының басты мақсаты.
Әдетте «кемедегінің жаны бір» деген тәмсілді жиі естуші едік қой. Шын мәнінде оның нендей мағына беретініне де мән бермейді екенбіз. Сөйтсек қара жерге табан тіреп, нық жүрген жанда мүмкіндік көп екен. Ал кемедегінің жаны расында бір. Теңіз бетіне шыққанда тізгінші мен көмекшінің сақтауы тиіс қарапайым әрі қатаң қағидалары бар. Алдымен қайықтың ішін судан тазалау керек. Сосын отыратын орынға жайғасарда қозғалтқыштың өзге құрылғыларына зиян тигізбейтіндей мүмкіндік қарастырған жөн. Қатты екпінмен келіп әлдебір себеппен тұрып қалған қайықтың бар салмағы артында болса, қуалып соғар асау толқын әп-сәтте қайықты басып қалуы мүмкін. Мұндайда сақтық шараларын ұдайы қаперде ұстап отыру керек екен. Әсіресе жүк көп артылғанда және желді күндері қайық пен балықшыға қауіп төнеді. Сонда да тәуекелге барып, асау толқынмен алысатын балықшы қауым расында батыр халық екен. Бұған осы сапарда толық көзім жетті.
Мәселен, сіз көлікпен келе жатып көлігіңіз бұзылса түрлі тәсілдерді қолдануға болады ғой. Байланысқа шығып тұрған жерді белгілі бір жер-су атауларына қатысты айтып түсіндіруге болады. Тым құрыса жақын маңдағы ауылға немесе межелі жерге жаяулатып жетуге де мүмкіндік бар. Ал теңіз бетінде қайық тұрып қалса ондай мүмкіндік жоқ. Қалай қылсаң да, не істесең де сол қайықтың ішіндесің. Байланыс болды деген күннің өзінде бағытыңды немесе нақты тұрған жеріңді айтып түсіндіру қиынға соғады. Ал қайық батты дегенше құрдымға кеттім дей беріңіз. Мұндай жағдайлар бұған дейін де талай мәрте орын алған. Теңізге батқан балықшының 15-20 шақырымды жүзіп шығып, аман қалыпты дегенін естіген жоқпыз. Керісінше апталар мен айлардан соң тіпті жылдардан кейін мүрдесі табылған батыр халық жайында естуіміз көп. Бұл теңізбен тілдесекен, теңізде күн кешкен қауымның басындағы бір жағдай.
Әдетте теңіз жағалауы көтерме сауда мен қызу қарбаластың мекені деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Жоқ олай емес екен. Балықшыда да белгіленген уақыт, аз-кем үзіліс бар. Мәселен, біз жоғарыда айтқан таң білінгеннен басталатын қарбалас түске таяу дамылдайды. Сол уақытта жағаға шығып қап-қап балықты көлікке артқан біздер қосқа барып, балық қабылдаушының келуін күтеміз. Кейде жылымның майланғаны сонша майда балыққа былығып қалады. Торға тыран түскені ештеме емес табан түспесін деңіз. Табан балық топырлап түсті дегенше теңіз бетіндегі тынымсыз жұмыс түс ауғанша созылып кетуі мүмкін. Мұндайда балықшыға да төзім мен сабыр қажет болады екен. Аз уақыттың ішінде кеңсені қайыққа, қаламды ескекке айналдырған мен де мұндай машақатқа мойынсұндым. Өйтпеске амал жоқ. Қаншама шақырымды артқа тастап, қаншама май жағып келген соң ау суырып, оны балықтан тазалау балықшының басты міндеті.Түскі уақытта сәл дамылдаған соң қайыққа артылған қап-қап ауды төгуге аттанады мұндағы қауым. Бұл жұмыс ымырт үйірілгенше жалғасады. Суатқа жеткенде демін алатын балықшының таң атқанша тілегі бір. Ертеңге деген сол сенім балықшы таң білінгеннен тұрғызады.
Иә, іздегеніміз тісті мен торта, мөңке мен сазан. Теңіз басында бұдан басқа балыққа сұраныс жоқтың қасы. Дегенмен басқа балықтарды да далаға тастамайды. Тек бағасы тым арзан. Сондықтан Арал теңізіндегі бағалы балықтардың көшін тісті бастап тұр екен. Қазіргі таңда балықтың қай түрінен де қалдық қалмайды. Тіпті қабыршағынан ұн жасап үлкен нарыққа шығаруда. Ал әлгі тісті дегеніңіз, балықшы үшін алтын балық. Оның сағалдырығының өзі кәдеге жарайды. Құрамында жүрек, қан тамырлары ауруларына ем болатын әлдебір қоспа бар, соны өзге елдер дәрілік қоспаларға пайдаланады-мыс. Ал еті мен сырты бізден өңделіп, шетел асады. Басқа балықтар да дастарқан мәзірі үшін түрлі сұрыптан өтіп, дәмді тағамға айналады. Олардың ішінде жайын балығының бәсі жоғары. Әрине жайын аулап,жылым майлатып жатсаңыз қуана беріңіз. Өйткені бұл балықтың бағасы біз айтқан тістіден де қымбат. Бірақ ол көп қолға түсіре бермейді. Теңіздің ең терең әрі нулы және лайлы жерінде жатып жемтігін аңдитын үлкен балықтың үстінен түсу әсте қиын.
Ал тісті мен торта немесе мөңке мен сазан салған аудың өлшеміне қатысты түсе береді екен. Бірақ балықшының арманы балық көп шоғырланған жерге түсу. Жолыңыз болып балығы көп жерге түссеңіз, қуана беріңіз. Ел аңсаған есіл ақшаны екі күнде тауып, айлыққа жалданған жұмысшының жылдар бойғы тапқанын қысқа мерзімде қалтаға басасыз. Бірақ ондай бақыт қайда? Бұл да жыл он екі айда бір айналып соғатын сүрлеулі сыбаға. Бәлкім, бабаларымыз осындай ойнамалы өтпелі кезеңді бастан кешкен соң «балықшы күнде арманда...» деген шығар.
Біз айтқан Арал теңізінің әр тұсы учаскелік аймаққа бөлінген. Сол теңіздің де бөліністі жерлері бар. Ал сол жерлерге қожайын атанған алыптар бүгінде бағаны қалауынша ойнатып, бейнеткеш халықты оңды-солды пайдаланып отыр. Қысқасы мұнда айтарлықтай жағдай жоқ. Қайық пен табыттың ортасындағы тайталаста талай жан тоз-тоз болып нәпақа тауып жүр. Құрандалы қос, қалқымалы қайық, бағыты мен бақыты беймәлім балықшы және сол балықшы арқылы байлығын еселеген естілердің арасында талайғы жыл тайталас әлі толастаған емес.
Қазіргі таңда осы Аралдың өзінде жылдық қуаттылығы 24 мың тоннаға жуықтайтын 9 балық өңдеу зауыты бар. Олардың мұндай көрсеткішін қанағаттандыру үшін әрине балықшы қауымның тынымсыз еңбек етіп жатқаны даусыз. Сол зауыттардың 7-8 тоннаға жоспарланған жылдық лимитін өз балықшылары үлгіртіп отыр деуге келмейді. Құжат жүзінде бекітілген учаскелік аймақатырында сенім артқан серіктері қадағалау жұмыстарын жүргізу арқылы бұл шаруаны бір ізге түсірген. Шын тексеріп қарайтын болса бұл саланың көлеңкелі тұстары жетіп артылады. Негізі балық кәсіпшілігін нақты жолға қойса, оған балықшылар да пейіл. Жағдайсыз жан бағып, мұзды аяқ болып шаршаған балықшы қауым да теңіздің басында өз иелері тарапынан лайықты жағдай жасалса дейді. Сол кезде барлығы заңдылық шеңберден аспаушы еді. Сайып келгенде көпірме көрсеткіштерді еселеп жатқан осы «балықшы» дейтін бейнеткеш қауым. Демек жағдай алдымен соларға жасалуы керек. Күннің суығында тізеден су кешіп, тар жол, тайғақ кешті тағдырын бір Аллаға сеніп тапсыратын бұл қауымының бір іздеген бақыты болса ол – балық еді. Бірақ соны аулау да бұл заманда оңай болмай тұр. Біз куә болған бір апталық сапарда барлық жайт балықшының беймәлім өміріне қатысты өрбіді. Бар түйгеніміз, балықшыға да жағдай керек. Онсыз көпіргеніміз жарамас. Себебі, балықшы болмаса балық та болмайды. Ол сіз бен бізге аян ақиқат.
А. ҚАРАСАЙ 
24 қазан 2023 ж. 288 0