Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Балықшының еңбегі...»

«Балықшының еңбегі...»

tolqyn.kz Дана халқымыз «Балықшының еңбегі – етек-жеңі кепкенше»-демекші, адал еңбекпен нан тауып, күн-түн демей күйбең тіршіліктің қамымен жүретін балықшылар қауымының еңбегі ерең. Бүгінгі тақырыбымызға арқау 1904 жылы Аманөткел ауылдық округінде балықшы жанұясында дүниеге келген Бақыт Рысқалов болып отыр.
Балғын балалық шағынан бастап балық аулау кәсібінің қыр-сырын меңгеріп, ерте ер жетеді. Күнделікті тіршілік қамымен жүрген қарапайым ғана балықшы Бақыт Рысқалиев балықшылар бригадасын басқарып жүрген уақытында Ақшатау көлінен балық аулаудың рекордтық көрсеткішіне қол жеткізеді. Ол өзінің тапқырлығының арқасында тереңдігі қырық құлашқа жететін Ақшатау көлінен балық аулаудың жаңа әдісін ойлап табады. Сонымен бірге ол «распор» деп аталатын айла-тәсіл еді. Атаулы тәсілді балықшы Бақыт еліміздегі ең терең Байкал көлінің балықшыларынан үйреніп келген болатын. Осы байкалдықтар әдісімен қарауындағы он екі адамы бар Бақыт бригадасы Ақшатауды қырық құлаштық терең көлінен әр тартқан сайын жүздеген центнерден астам сапалы балық шығарып тұрыпты.Көнекөз балықшылардың: «Балық аулаудың мемлекеттік жоспары орындалмай, колхоз қиын жағдайда тұрғанда Бақыттың іскерлігі арқасында жоспарды төрт-бес есеге асыра орындап, тек колхоз ғана емес, ауданның балық шаруашылығында үлкен серпіліс болған еді» деген сөзі бар. Осы кезден бастап Бақыт Рысқалиевтің кәсібі берекесін беріп, әрі қарай дами берген екен. Аудан бойынша алғашқы балықшы да  осы кісі болған.
Бақыт Рысқалиевтің жетістіктері де аз емес-ті. Ол 1938-1946 жылдары екі рет Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты. 1953 жылы жылқы тұқымын асылдандырып, жоғары өнімді жылқы дайындағаны үшін Тастүбек колхозында колхоз төрағасы болып жүргенде   Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Тастүбек колхозын біршама жыл басқарады. Кейін Бөген ауылдық кеңесінің төрағасы, Бөген МРС-тың директоры, директордың орынбасары болып қызмет істеді.
Кәсібі алға қарай жүріп, аты шыққан балықшылар қауымы айдынды Арал өлкесінде баршылық. Теңізді өлке тұрғындары да Бақыттай кісілермен мақтанады.
А.НҰРЛАНОВА
22 қараша 2022 ж. 619 0