Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің атам да үлес қосқан

Менің атам да үлес қосқан

Әрине, күнделікті баспасөзге құлақ түріп оқып отырамыз. Жақсы істі, жағымдыжаңалықты көрсек қуанамыз. Өзіміздің аудандық «Толқын» газетінен «Әйгілі хатқа-100» жыл деген айдармен беріле бастаған мақалаларға дән разымын. Сон-ау 1921-жылы В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хаты жайлы «Арал Әлемі» газеті де бірсыпыра мәлемет бергенді.
Енді осы дүрмектің ішінде менің атам-Бақыт Рысқаловтың болғанын да, әрине ұрпақтары, немере-шөберелері болып мақтаныш етеміз. Ал Бақыт Рысқалов кім еді? Ол атамыз бүгінгі «Аманөткел» ауылдық округінде 1902 жылы жарық дүние есігін ашыпты. Үлкендердің айтуынша екі жасымда, иә... Небәрі екі жасында, есін білер-білместе әкеден, одан көп ұзамай аяулы анасынан айырылып, жетім қалып,, немере ағасы Смағұл
Ешниязовтың қамқорлығында өседі. Байларға, ауқаттыларға жолданып балық аулау кәсібімен айналысады. 1921 жылы В.И.Лениннің хатын оқып, аштыққа ұшырағандарға көппен бірге үлесін қосады.
Осылайша, өз еңбегі арқасында ерекшеленіп «Қамыстыбас» балықшылар серіктестігі ұйымдасқанда алғашқылардың бірі ретінде мүшелікке қабылданып, алымдылығымен көзге түсіп, 1930-1937 жылдар аралығында «Аманөткел» колхозының бригадирі, одан төрағалыққа сайланады. Мұнан да тындырымды іспен танылып, «Бөгендегі» балық зауытының директорлығына көтеріледі. Ал 1940 жылы, яғни 1941-1945- жылдардағы соғыс басталар алдында қысқа мерзімде білім көтеру курсына жолдама алады
Одан оралғасын ше?
Иә, одан оралғасын, сол 1940 жылдың қараша айының соңында оны аудандық партия, кеңес орындары «Тастүбек» колхозына төрағалыққа ұсынады. Оның іс-қимылынан, елге еткен еңбегінен бұрыннанда хабардар колхозшылар бір ауыздан сайлайды.
Міне, осы ұжымшарда біздің атамыз-Бақыт Рысқалұлы өзінің реформаторлық қабілетін көрсете біледі. Соның төрағалық кезінде колхоз көркейді. Балық аулау жоспарын еселеп орындаумен қоса мал басында өсіріп, ауылдың мәдениеті де жақсарды. Үлкен-үлкен жиындарда, ауданда, облыста, жүдә республикада «Тастүбек» колхозы еңбекшілерінің жылма-жылғы кірісі, табысы айрықша аталады, үлгі ретінде насихатталады. Осындай халық шаруашылығындағы зор табыстары бағаланып, Бақыт Рысқалов атамызға 1948-жылы КСРО жоғарғы кеңесі президумының 23-шілдедегі жарлығымен "Социалистік Еңбек Ері" атағы беріліп, "Ленин" ордені мен «Алтын жұлдыз» медалы қоса тапсырылады. Сондай-ақ атамыз «Құрмет белгісі» ордені және "Қазақ ССР-ы ауыл шаруашылығы озаты" белгісімен де марапатталып, республикаға Кеңесінің депутаттығына да сайланады. Сөйтіп колхозды табан аудармастан он үш жыл басқарады.
Атаның атында қалада көше бар. Туған ауылына Ескерткіш орнатылды. Осыны көріп-біліп отырған біздер, жалпы жас ұрпақ үлгі-өнеге ала отырып, Тәуелсіз елдің ірге тасын бекемдей түсуге ұмтылуда. Соған тәрбиелеудеміз.
Гүлнәр Сейітмұратқызы Бақытова, немересі.
№62 мектептің ұстазы.
Суретте Б.Рысқалов
Арал қаласы
10 сәуір 2021 ж. 722 0