Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек еткен балықшы қауым кезінде, бейнеттерің әркез елдің есінде /Тарихи хатқа – 100 жыл/

Еңбек еткен балықшы қауым кезінде, бейнеттерің әркез елдің есінде /Тарихи хатқа – 100 жыл/

Жұмысшы жолдастарға!
Арал теңізінің балықшыларына!
(Халық комиссарлары кеңесінің Үндеуі 7 қазан, 1921ж.)
Қымбатты жолдастар! Сіздерге бүкіл Поволжье және Приуральенің бір бөлігін аса зор бақытсыздық, бұрын-соңды болып көрмеген аштық жайлағаны, әрине жеткен шығар... Сіздердің Арал теңізінде балық аулау жайы жаман емес және Сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісінуші кемпір-шалдарға... 8 миллион күйзелген еңбекшілерге, ақыры жұрттың бәрінен бұрын қырылып кетуі мүмкін 700 мың балаларға беріңіздер. ...Қымбатты жолдастар, Арал балықшылары мен жұмысшылары, жомарт көмектеріңізді аямаңыздар. Сіздер тек адам арына тиісті іс істеп қана қоймай, сонымен бірге жұмысшы революциясының ісін нығайтқан болыңыздар!
Халық комиссарлары кеңесінің председателі В.И. Ульянов (Ленин)

Бұл осыдан тура 100 жыл бұрын аралдықтарға көмек сұрай жазған Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің хаты. (Мәлімет архивтен алынды)
Азамат соғысы аяқталғаннан кейін, 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қыс қарсыз болып, көктем мен жазда жауынның болмауы, қатты құрғақшылықтың болуы ашаршылық нәубетін КСРО-ның көптеген өлкелеріне, әсіресе Еділ бойына, Қазақстанға да әкелді. 1921 жылғы тамыздан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді. 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда және Адай уезінің тұрғындары аштыққа ұрынғаны туралы деректер бар. Тарихшы, аудандық архив басшысы Болатбек Қуатов мұрағаттағы мәліметтерге сүйене отырып, мынадай деректер келтірді:
– Арал ауданында қанша адам аштыққа ұшырады, қаншасы көз жұмған?.. «Ал нақты олар кімдер еді?» дегенде қиналамыз. Себебі олардың аты-жөнін өз уақытында ешкім де қағазға түсіріп, іздестірген жоқ. Әлде, «өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, Арал өңірінің халқы аштыққа ұшырамады ма? Нақты деректерді кездестірмейміз. Алайда Арал балықшыларының аштыққа ұшырағандарға көмек қолын созғаны туралы құжаттарды, қолжазбаларды, жәдігерлерді (кемелер, Қамбаштағы бакауыз, В.И.Ленин сыйға тартқан станок, т.б.) бар. Құжаттарда Арал балықшылары 1922 жылы бұдан бір жылғымен салыстырғанда балықты екі жарым есе көп аулағаны туралы жазылады. Соған қарағанда, аралдықтар аштыққа ұшыраған халықтарға қол ұшын созғаны анық, – дейді.
Аудандық архивте 1919 жылдан бергі тарихи құнды құжаттар жинақталған. Әсіресе 1921 жылғы аласапыран аштықта Еділ бойындағы еңсесі түскен елге Арал балықшыларынан көмек сұраған пролетариат көсемі Лениннің хатына іспен жауап қайтарған алғашқы совдептің төрағасы Төлеген Медетбаевтың хаты қалың көпшіліктің қызығушылығын оятатын көрінеді.
Төлеген Медетбаев 1921 жылы Арал совдепінің төрағалығына сайланады. Сол жылдардың күзінде ішкі Ресейді жайлаған аштық зардабын татып жатқан ашыққандарға пролетариат көсемінің хатына жауап ретінде Арал балықшыларының қысқа мерзім ішінде 14 вагон балық жіберу жұмысына басшылық жасады. Балықшылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан қажырлылықпен еңбек етіп, Поволжье бойына эшелон балық жөнелтті. Осы жайында Арал халық депутаттары кеңесінің төрағасы Т.Медетбаев Кремльге мынадай жеделхат жолдады:
 Халық комиссарлары кеңесінің председателі В. И.Ленин жолдасқа!
Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Әсіресе Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты.
Т. Медетбаев. 25 желтоқсан, 1921 жыл.

Балықшылар қауымының бұл еңбегі ескерусіз қалмады. Арал балықшылары Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің ІІ съезінің делегаттарына құттықтау жеделхатында революция жеңісін сақтап қалу жолында қажырлы күрес үстінде екендігін айта отырып, орталықтағы жұмысшылардан балық өнеркәсібін өркендетуге қажетті өндіріс құралдарынан көмек беруді сұрады.
Сол кездің өзінде-ақ орталық «Арал кеме жөндеу құрылысы» деп аталатын кішкене кәсіпорынға назар аударып, оны жабдықтау жөнінде нұсқаулар берген еді. Еңбек Советі мен Қорғаныс комиссиясының төрағасы Крицманға ол былай деп жазды: – Аралдың кеме жасау құрылыстары үшін « Парсенс» системалы төрт және «Артур Коппель» системалы екі экскаваторға, токарьлық және фрезерлік станоктар қажеттігі жөніндегі өтінішін 24 сағатта қарап, олардың пайдасына шешуді ұсынамын. «Туркрыбаның» табысты жұмыс істеуінің аса маңызы бар екеніне сіздердің назарыңызды аударамын... – деп хат жолдады.
В. И. Лениннің жеке нұсқауы бойынша алынған «Ильич станогы» атанған токарьлық станок кеме жөндеу зауытында 30 жылдан астам пайдаланылып, республика шеберханаларының дамуына негіз болды. Оны Арал кеме жөндеу зауытында өткен ғасырдың 50-90 жылдары пайдаланған, жабдықталған машиналармен салыстыруға болмайды.
Дегенмен, ол аудан экономикасының дамуына, аралдық жұмысшы, білікті кадрлардың қалыптасуына, еліміздің алып адымымен өсуінің ескерткіші ретінде аса қымбат екендігі шындық.
Аралдық балықшылар осындай қайырлы іс қылмағанда, қаншама халық аштықтан қырылып қалушы еді. Бабаларымыздың осы бір ерлік ісі ұрпақтанұрпаққа мол мұра болып қалмақ.
Н. Маратқызы
25 қаңтар 2021 ж. 971 0