Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен еленген жандар еді...

Еңбегімен еленген жандар еді...

Арал қаласынан 18 шақырым жерде «Шижаға» деген елді мекен бар. Бұл мекен 1957 жылы 8 ақпанда Энгельс, Маркс колхоздарының негізінде ұйымдастырылған. Шижаға елді мекенінің мақтанышы, Арал ауданы бойынша 16 Социалистік Еңбек Ерінің бірі, менің атам – Құдайберген Сманов.
Ол 1915 жылы Арал ауданына қарасты Дөңгелексордағы «Чкалов» колхозында дүниеге келген. Жетіжылдық мектепті бітірісімен, ауылында жерді бірлесіп өңдейтін серіктестікке кіреді. Бұл бірлестік кейін Чкалов атындағы ауыл шаруашылығы артелі болып құрылады. Осы кезде Құдайберген атам малшы болғысы келеді. Бірақ та алғашқы кезде басқа жұмыстарды атқаруға тура келеді. Мұның өзі кейін жылқы фермасының меңгерушісі болғанда кәдеге асады.
Қазақ жерін жайлаған аштық пен жоқшылық халықты өлместің қамын жасауға, теңіз жағалап, балық аулап, құмдарды кезіп, неше түрлі шөптерді жан сақтау үшін азық ретінде пайдалануға душар етеді. 1941 жылы маусым айында Құдайберген атам ауылдағы өзіндей жас жігіттермен бірге Отан қорғау үшін майданға аттанады. 1942 жылы Ленинград майданында Финляндия мемлекетіне жақын жердегі майдан шебінде ұрысқа қатысады.
1945 жылы жауынгерлік медальдарды омырауына тағып, елге оралады. Омырауындағы «Ерлігі үшін», «Қарулы Күштерге – 60 жыл», «Қарулы Күштерге – 70 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 50 жыл», «Соғыс ардагері», «Отан соғысындағы Жеңіске – 40 жыл», «Ленинградты қорғағаны үшін», тағы сол сияқты ордендері мен медальдары қан майданның өзіндік тарихын баяндап тұрғандай. Елге келген Құдайберген Смановқа ел-жұрт үлкен сенім артады. Ол өз бетінше оқып-ізденіп, білімін жетілдіредіі. 1948 жылы 53 биеден 53 төл алып, облыста үлкен көрсеткішке ие болады. 1949 жылы 31 қазанда СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Сманов Құдайберген атама «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі.
Атам аңға да шығатын. Қос ауыз мылтығымен талай рет құс аулап әкелгенін көргенмін. Аңға шыққандағы әңгімесін қызыға тыңдайтынбыз. Бар ғұмырын мал шаруашылығына арнаған Қ.Сманов малшылардың ақылшы ұстазы еді. Жылқы түлігін түлетудің шебері болды. Атамның осыншама ерен еңбегінде әжем, көпбалалы «Батыр ана» Бибіқатша Бижанованың да үлесі зор.
Әжем Бибіқатша мейірімді жан еді. Ер тұлғалы, ер мінезді, ауылдастарына сыйлы, абысын, келіндерінің сырласы, кеңесшісі, ақылшысы болды. Дене бітімінен жастайынан еңбек адамы болғанын аңғару қиын емес еді. Он саусағы ірілеу, салалы болатын. Төрт түлік малды сауу, айран пісіп, брынза басып, құрт, ірімшік қайнату, жүнді иіріп, киімдер тоқу, тері илеу, киіз, текемет басу, алаша тоқу – әжемнің сүйікті ісі болатын. Сонымен қатар әжем қара жұмыс істесе де терлемейтін. Орамалын бүркеп тартпай-ақ, кеудесін суыққа төсей жүріп, ұзақ ғұмыр кешті.
Атам Құдайберген мен әжем Бибіқатшадан үш ұл, он қыз дүниеге келген. Тұла бойы тұңғышы болған Апахан және Бөпехан, Дана, Айманкүл есімді қыздары ана жолымен көпбалалы «Батыр ана» атанды. Атам мен әжемнің қасиетті қара шаңырағынан жақсылық ниетпен дәм татпаған жан кемде-кем шығар. Құдайберген атам мен Бибіқатша әжемнің балаларынан тараған немере, шөбере, шөпшек, туажаттары да атасы мен әжесіне арнап өлең жолдарын, естеліктер, әңгімелер жазуда.
Осындай сағынышпен еске алатын, ел мақтаған, ауыл-аймаққа сыйлы болған ата-әжеміздің бары біз үшін мақтаныш.
Балғын Құдайбергенова
21 сәуір 2020 ж. 1 393 0