Кәсіпкерлік дамыса ел ырысы артады

Өңірде халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу басты міндеттердің біріне айналған. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің осы бағыттағы тапсырмасын орындау үшін «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» жүзеге асырылуда. Қазір жылдық меже 84,2 пайызға орындалып, 36 967 жұмыс орны ашылды. 2930 аймақ тұрғыны ұлттық жобалар шеңберінде ашылған жаңа жұмыс орындарына тартылған.
8397 азамат еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарына орналастырылды. Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің жеке бастамасымен 9503 азамат жұмысқа орналасқан. 722 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар алған.
«Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» арқылы 15042 өңір тұрғыны субсидияланған жұмыс орындарымен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастарға жан-жақты қолдау көрсету үшін жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілуде. Жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 373 жас кәсіпкерге 1 млрд. 787,4 млн. теңгенің несие портфелі мақұлданып , оның ішінде 281 жас кәсіпкердің жалпы құны 1 млрд. 242,5 млн. теңгені құрайтын жобалары қаржыландырылып отыр.
Өткен жылдың соңында аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерді. Қазіргі таңда, нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік беруде. Сондай-ақ былтыр тұрғындар таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің қаламызда бөлімшелері ашылып, қаржы ұйымдарының саны 6-ға жетті. Нәтижесінде теңізді өлкеде кәсіппен айналысушылар қатары көбейген.
2023 жылдың І жартыжылдығына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6599 бірлікті құрап, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 38,4% өсім алғанын жеткізді. Ал жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де 44,3%-ға көбейген. Осылайша аудандағы кәсіпкерлерге қолдау жасаудың игілігін тек қала халқы ғана емес, барша аудан тұрғындары сезініп отыр.
Бұл ретте кәсіпкерлердің ауданның басты байлығына баланған балық шаруашылығының ауқымды жұмысы жайлы да көптеген әңгіме айтуға болады. Расында, аудан аумағында маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Оның 17-сі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілген. 3 көл резервте. Биыл Кіші Арал теңізінен 6920 тонна балық аулау лимиті бекітіліп, 6651 тонна балық ауланып, 2430 тонна балық өңделген. Ауданда жылдық қуаттылығы 24000тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Оның екеуінде «Еврокод» белгісі бар. Бұдан басқа, аудан төңірегінде 10-нан астам шағын балық цехтары да өз жұмыстарын жасап келеді. Осы кең көлемдегі жұмыстардың нәтижесінде алғашқы жартыжылдық көлемінде 1266 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған.
Міне, айдынды Аралда осындай ауқымды жұмыстар легі өте көп. Қазірде 6000-нан аса кәсіпкері бар ауданның осы бағыттағы жұмыстары мемлекет қолдауының арқасында жүйелі жүзеге асырылуда.
Н. БАҚЫРАН