Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлік – елдің әлеуетін арттырар сала

Кәсіпкерлік – елдің әлеуетін арттырар сала

Бүгінде ел экономикасын дамытушы күштердің бірі – кәсіпкерлік саласы болып отыр. Кәсіп бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан біршама көмек те қарастырылған. Иә, қайтарымсыз грант ұтып, қазір кәсібінің нәсібін көріп жатқан жандар да баршылық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау. Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.» деген болатын. Сонымен бірге Президент: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады»-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірінің 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 бұйрығына сәйкес, «Бастау бизнес» жобасы бойынша халықты кәсіпкерлік негізде оқыту жобасы бастау алған болатын. Кәсіп бастаймын деген адам Bussines.Enbek.kz порталындаөтінім білдіріп, онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Сонымен бірге курсты атаулы портал арқылы онлайн форматта оқиды екен. Оны оқу ұзақтығы 25 күннен аспайды, сондай-ақ тегін оқытылады. Курс аяқталған соң, оқыған азаматқа сертификат беріліп, оның жарамдылығы үш жылға дейін болады. Ендігі кезекте бөлінетін грантқа 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағылар (аз қамтылған отбасы мүшелері-атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, яғни жәрдемақы алушылар), сонымен бірге қоныс аударғандар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған азаматтар бола алады.
Тағы айта кететін жәйт, грантты қаржыландыруға өтініш беру үшін атаулы әлеуметтік көмек алатын тұлғаларда «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағаны туралы сертификат та болуы керек. Осыған орай, биыл  аудан бойынша 400 адамға грант беру жоспарланған. Бүгінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыған 1106 адамның өтініші түсіп, 400 адам комиссияның оң шешімін алды. Оның ішінде грант 226-сы осал топтағы азаматтар болса, 171-і жастарға берілді.
Сонымен бірге қоғамның қозғаушы күші жастар екені де белгілі. Иә, ел болашағы – жастар қолында деген ұстанымды жоғары қоятын мемлекетімізде жастарды қолдау көп. «Еліміздің келешегі де осы білімді де, білікті жастар қолында»- дегендей, бүгінде білімін кәсіпке арнап, алға қарай дамып келе жатқан жастарымыз жетерлік. Солардың бірі – Нұрай Ерланқызы. Ол бүгінде елімізді қалыптастырушы кішкентай бүлдіршіндеріміздің кемел болашағына септігін тигізіп жүрген жайы бар. Нұрай өз кәсібі жөнінде:
– Бүгінгі технология қарқынды дамып келе жатқан уақытта балалардың 80 пайызында тілі дұрыс шықпай қалатын кемшілік бар. Иә, бала тілінің адам естімейтін логопедиялық диагноздар көптеп кездесуде. Бүлдіршіндердің таза, анық сөйлеуіне ықпал жасау мақсатында осы кәсіпті қолға алған болатынмын. Баласы үшін ем іздеп шырылдап жүрген аналарымыз басқа қалаларға барып, балаларын қаратып жүреді. Осындай жағдайды да ескере отырып «қолымнан келсе неге көмектеспеске» деп, тырысып келемін. 11 000 халықы бар Сексеуіл кентінде мұндай қызметке сұраныс та өте жоғары. Ал ауданда аналарымыз 1 ғана логопедиялық орталыққа баласын кезекке қойып, аптасына 2 ақ күн апарып жатады. Негізінде балаға 10 күн бойы үзбей жұмыс жасалуы керек. Менің негізгі мамандығым мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу. Яғни, балабақша тәрбиешісі. Қазіргі таңда ата-аналардың сұранысымен Сексеуіл кентінде логопед болып жұмыс істеп жатқаныма 2 жылдан астам уақыт болды. Мемлекет тарапынан кәсіп ашуға берілген мүмкіндікті пайдаланып, қайтарымсыз грант алдым. Осы мүмкіндіктің арқасында балаларды оқытуға арналған түрлі құрылғылар алып, кәсібімді әрі қарай да дамыттым. Бүгінге дейін біршама жетістіктерге жеттім. 50-ден астам баланың анық сөйлеуіне ықпалымды тигіздім. Алдағы уақытта да кәсібімді дамыту үшін әлі де жұмыс істей бермекпін, - дейді жас кәсіпкер.
Нұрай баланың сенсорлы, сенмомоторлы және де тактилді жүйесін дамытатын логопедиялық-дефектологиялық сабақ жүргізеді. Сонымен бірге сабағының алғашқы бөлігі дефектологиялық-логопедиялық жұмыстар және АФК-ның алғашқы элеметтерін жүргізуге арнайды екен. Ал сабақтың қалған бөлігі баланы сөйлетуге арналған классикалық және зондтармен массаж жасалады. Сонымен қатар, Нұрай екі рет қатарынан облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Бағындырар белесі көп Нұрайға кәсіптік табыс пен жетістік тілейміз.
Байқағанымыздай, қайтарымсыз грант ұтып, бүгінде кәсібін дамытып жатқан жандар жетерлік. Осы тұста адамға керегі тек – ниет. Дана халқымыз: «Еңбектің наны тәтті»-демекші, бойындағы білімі мен талантын пайдалана білген адам қай кезде болмасын кез келген істі оңай алып кетері анық. Сол үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдауларды мүмкіндігінше пайдалана білгеніміз дұрыс.
А.НҰРЛАНОВА
05 қараша 2022 ж. 439 0