Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдауда жастарды қолдау көп

Жолдауда жастарды қолдау көп

Қоғамда әр буын өкілдерінің өзінің орны бар екендігі белгілі. Мәселен, еліміздің болашағы жастар қолында екеніне зор үмітпен қарайтынымыз рас. Иә, әр қоғамда бүгінгі аға буынның өскелең ұрпаққа қалдырар асыл мұралары болады. Сол асыл қасиеттерді келешек ұрпақ бойға сіңіріп, әрі қарай да жалғастыра береді. Сонымен бірге елімізде жастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шара арқылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деген болатын.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес аудан халқының 19 мың 606-сы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар екен. Бұл жалпы халықтың 24,2 пайызын құрайды. Оның ішінде ерлер – 10 473, әйелдер – 9 133, қала жастары – 7 467, ауыл жастары 12 130 құрап отыр. Сонымен бірге аудан бойынша 2022 жылы «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында 16-29 жас аралығындағы 171 жас маусымдық жұмыспен қамтылған болатын.
Аудан бойынша жыл басынан бері жұмыс іздеуші есебінде 3090 адам тіркелген. Оның ішінде жастар саны – 1185. Ендігі кезекте 338 жас азамат жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарына 60 адамға қаржы бөлініп, 48 адам жолданған. Атаулы жұмысқа жолданған жастар саны – 16. Жастар тәжірибесі аясында 288 адамға қаржы бөлініп, 170 адам жолданған болатын. Қоғамдық жұмысқа 410 адамға қаржы бөлініп, 807 адам жолданған. Оның ішінде жастар саны – 277. Алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға 30 адамға қаржы бөлініп, 10 адам жолданған екен. Сонымен бірге «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша 5 адамға қаржы бөлініп, 2 адам жолданған. 2022 жылдың 8 айлық көрсеткіші нәтижесінде базалық дерекқор бойынша 1588 адам жұмыссыз болса, оның 524-і жастар. Яғни тамыз айының ресми жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр. Аудан жастарының жұмыспен қамтылуы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бүгінде өз кәсібін қолға алып, оны әрі қарай дамытып жатқан жастар жетерлік. Иә, ел экономикасын дамытушы күштердің бірі осы кәсіпкерлік саласы болып отыр. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттардан 400 адамға қаржы бөлінді. 2019-2021 жылдар аралығында «Бастау бизнес» жобасын оқыған сертификаттары бар грант алмағандардан аудандық комиссияның оң шешіміне сәйкес, грант көлемі 400 АЕК теңгеден 135 адамға грант берілген. Оның ішінде 77 жас азаматтарға бөлінді. Міне, аудан жастарына да мемлекет тарапынан біршама көмек көрсетілген.
Қазіргі барлық дерлік сала түрі дамыған заманда жастардың білім алуына да көптеген мүмкіндік берілген. Мемлекетімізде білім алып, біліктілігін арттырамын деген әрбір жасқа әрдайым жол ашық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Оның мақсаты – дарынды жастардың әлемнің үздік ЖОО-ларында сапалы білім алып, олардың білім-білігін мемлекет игілігіне пайдалану еді. Сөйтіп 1994 жылы бір топ қазақстандық студент тұңғыш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілген болатын. Алғашқы он жылда «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің 13 елінде 785 студент білім алды. Бүгінгі күні атаулы бағдарлама арқылы шетелде білім алып, еліміздің білім саласына өз үлесін қосып жүрген жастар баршылық.
Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев атамыз: «Мен жастарға сенемін» демекші, бүгінгі жастарға барлығымыз үлкен сенім артамыз. Міне, ел болашағын дамытып, әлемге таныту – бүгінгі жастар қолында. Мұнымен қоса Жолдауда біршама өзекті мәселелер қамтылған болатын. Барлығы да дамушы мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін жасалған қадам екендігіне сеніміміз мол.

А. НҰРЛАНОВА
23 қыркүйек 2022 ж. 644 0