Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел экономикасы басты назарда

Ел экономикасы басты назарда

Бүгінде тәуекелге бел буып, өз кәсібін бастап жатқан жандар жетерлік. Сонымен бірге ел экономикасын дамытуға үлес қосып, түрлі сала бойынша кәсіп ашып жатқандары да бар. Дегенмен кез келген кәсіпті игеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін адамға ең алдымен ынта-ықылас пен білім қажет. Сонымен бірге кәсіп бастаймын деген әрбір адамға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Иә, өз алдына кәсіп бастаймын деген жандар қайтарымсыз грантқа ие болса, ендігі кәсіп бастап оны әрі қарай дамытамын деген адамдар үшін шағын несие түрінде қолдау көрсетіліп келеді.
Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да кәсіпкерлік саласы жөнінде біршама мәселелерді көтерген болатын. «Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау. Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.» – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге Президент: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс» – деді, әр саланың сапасына мән беру қажеттілігін сөзге тиек ете отырып.
Иә, елімізді дамытушы күштердің бірі осы – кәсіпкерлік саласы екені белгілі. Сол үшін Мемлекет басшысының жолдауын қолдай отырып, аудан бойынша да кәсіпкерлікті дамытуды қолға алуымыз қажет. Сол кезде ғана дамыған мемлекеттер қатарынан көрініп, «Жаңа Қазақстанның» дамуына септігіміз тиер еді.
Нұрсәуле Ембергенова,
Арал аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры
01 қыркүйек 2022 ж. 534 0