Еңбек – өмір ажары

Ауданда да біршама тұрғын осы Кәсіпкерлік палатасымен түрлі кәсіп көздерін ашып отыр. Осындай Үкімет қолдауымен жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің бірі – Руслан Аралбекұлы Ібадатовты атап өтуімізге болады. Ол жастарды қолдау аясында және ауыл шаруашылықты дамыту мақсатында қомақты қаражат алып, өз кәсібін әрі қарай дамытуды қолға алды. Яғни бұл жерде жұртшылыққа жеңіл көліктерінің дөңгелектерін мезгіліне қарай ауыстыруға мүмкіндік жасады.
Жалпы, Руслан бұл кәсіпке бет бұрмас бұрын мұның алдында да шағын шиномонтаж орталығында дөңгелек ауыстырушы болып жұмыс істеген еді. Осылайша көлік құрал-жабдықтарының қыр-сырын үйреніп, өз бетімен еңбек етуге бел байлады. Осы кәсібіне деген қызығушылығы артып, күні-түні демалыссыз қалың көпшілікке қызмет етіп келеді. Бұл жөнінде кәсіпкер Руслан:
– Көлік болғаннан кейін оның жүріп-тұруы үшін маңыздысы – қысқы дөңгелегінің мықтылығы. Бұл жұмысыма қызығушылығым күннен-күнге артып келеді. Әрбір жергілікті тұрғынның ризашылығы менің осы кәсібіме деген қызығушылығымды арттырып келеді. Бұл кәсібімнен тапқан табысымның берекетін көріп келемін. Сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтарды да уақытылы тапсырыспен алдырып тұрамын. Мәселен, ауыл шаруашылығын қолдау қоры аясында 2 млн 300 мың теңге несие алып, шиномонтаж аппаратын, балансировка, ауа жинайтын компрессор және домкрат құрылғыларын алдым. Кез келген уақытта қолымнан келгенше қызметімді адал атқара беретін боламын,–дейді.
Міне, осы жоба аясында өз кәсібін айналдырып әкетіп жатқан адам қаншама?! Еңбек ету арқылы көптің құрметіне бөлену адами қасиеттің бірі болып табылады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, еңбек етуден жалықпайық. Келешек ұрпақ та адал еңбектің наны қашанда тәтті болатынын білгені абзал.
А. НҰРЛАНОВА