Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді?

Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді?

Қала мен аудан әкімдері сайланады

Бұған дейін қазақстандықтар ауыл әкімдерін сайлаған. Енді президенттің тапсырмасы бойынша алғаш рет облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Оны алдымен пилоттық режимде ұйымдастырып көреді. Одан кейін барлық республикаға таратады.
Осы жолы 3 облыстық маңызы бар қала мен 42 аудан әкімін сайлайды.
4 қарашаға дейін үгіт-насихат жүргізілсе, 5 қарашада сайлау өтеді. Ал қорытындысы бір аптаның ішінде 11 қазаннан кешіктірілмей жарияланады.

Қазақстан-Қытай визасыз режимге көшеді
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим 10 қарашадан бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.
Азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.
Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.
Қазақстан-Ресей шекарасында электронды кезек енгізіледі
2023 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан-Ресей шекарасында «Бидайық» автомобиль өткізу пунктінде (Солтүстік Қазақстан облысы) электронды кезек жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта электронды кезекті брондау жүйесі Қазақстанның Қытаймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен шекарасында іске асырылғанын және оң нәтижелерді көрсетіп отырғанын атап өту қажет.
Электрондық кезек жүйесін мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисінің отандық әзірлеушілер мен мамандар құрды және қызмет көрсетеді.

Оқушылардың күзгі каникулы

Қазақстандық оқушылар күзгі каникулда 7 күн демалады. Яғни демалыс 30 қазаннан бастап 5 қарашаға дейін дейін созылады.


Жастарға жалға үй беріледі
Астана қаласының Тұрғын үй орталығы «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдайды.
Құжаттарды қабылдау 6 қарашада сағат 9:00-ден 12 қараша сағат 23:59-ға дейін жалғасады.
Барлығы 770 пәтер бөлу жоспарланып отыр. Баспана ұзарту құқығынсыз 3 жылға беріледі. Ай сайынғы жалдау ақысы 5 000 – 15 000 теңге.
Құжаттарды қабылдау тек QATYSU.ZHILFOND.KZ порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.

Үй жануарларын тегін чиптеуге болады
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қала тұрғындарын 1 қарашадан бастап 20 желтоқсанды қоса алғанда үй жануарларын тегін чиптеу және тіркеу бағдарламасының басталатынын хабарлады.
Бағдарлама шеңберінде 15 мың үй жануарын (иттер мен мысықтарды) чиптеу және тіркеу көзделген.


Қазақстан – Сан-Марино ойыны
2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Сан-Марино матчы өтеді.
Ойын 17 қараша күні сағат 21:00-де басталады. Матч «Астана Арена» стадионында өтеді. Қазіргі күні билеттер сатылымға шықты.

Астанаға Эмманюэль Макрон, Виктор Орбан және Ердоған келеді
Биылғы 1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
2 қарашада Астана қаласына Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды
Сапар барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келісөз жүргізеді деп жоспарланып отыр.
3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді
Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.

Қара металды шығаруға шектеу ұзартылады

7 қарашада Қазақстаннан қара және түсті металлдардың қалдықтарын шығаруға тағы тыйым салынады. Осылайша, бұған дейінгі шектеу жарты жылға ұзартылып отыр.
Осы шараның негізгі мақсаты – отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру және заңсыз металл айналымына қарсы күрес. Бұған дейінгі шектеу 3 мамырда енгізілген болатын.

Жеке құрылыс үшін жер телімін беру

Жеке құрылыс үшін жер телімдерін беру ережелері жаңартылды. Бұдан былай жер учаскесінде су және электр желілер болуы қажет. Ал орталық су құбыры болмаса, міндетті түрде электр желілер тартылуы шарт.
Жер кезегін жергілікті әкімдіктер жүргізіп отырады. Бұл база жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай мемлекеттік кадастрмен интеграцияланған.





01 қараша 2023 ж. 205 0