Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасанды сана: мүмкіндігі мен қаупі қандай?

Жасанды сана: мүмкіндігі мен қаупі қандай?

Күллі әлем араға жылдар салып түрлі адам нанғысыз мүмкіндікке қол жеткізіп, инновациялық тұрғыда қарыштап даму үстінде. Бұған дәлел – адамзаттың күнделікті тұрмыстық жабдығына айналған электронды гаджеттер, діттеген жеріңе лезде апаратын көліктер және бүгінгі біздің қозғайтын басты тақырыбымыз – адам санасынан аспаса, кем түспейтін қоғам қолданысынан ойып тұрып орын алған жасанды интеллект болмақ. Заманның талабына сәйкес жасалған, түрлі функцияларды атқаруға қабілетті, соңғы он жылдықтағы ғылымның басты жетістігі жасанды сананың көмегімен қандай да бір нысанның сызбасын сызу, көптен бері көкейіңді тесіп жүрген сұрақтың жауабын бір мезетте білу, алдыңа қойған мақсатыңа жоспар құрып, стратегия жасау ешқандай қиындық туындатпайды. Небәрі интернет қолжетімділігі болса жеткілікті. Осы орайда өткен жылдың 22 қарашасында жарыққа шыққан ChatGPT платформасы жайында атап өтпесек болмайды. Ағымдағы жылы біршама танымалдыққа ие болған боттың қолынан келмейтіні жоқ. Азғантай уақыттың ішінде көптің көңілінен орын таба білді. Боттың көмегімен белгілі бір мәтінді кез келген тілге аударуға немесе тақырыпты енгізу ғана арқылы әртүрлі ақпарат көзін ақтармай-ақ, тез арада мақала немесе эссе жазуға болады.
Бағдарламаның соңғы жаңарған нұсқасы осы жылдың 14 наурыз күні қолданысқа енді. ChatGPT-4 деп аталатын боттың арқасында енді тек текст жазумен шектелмей, қиялдан туындаған кез келген арт-дизайнды ешқандай жабдықсыз дайындаудың реті туды. Жасанды интелектінің кенеттен қарыштап дамуы бірқатар мемлекеттің айын оңынан тудырып жатыр. Қытай, АҚШ, Жапония сынды адуынды әлемдік державалар болашаққа нық қадам басу мақсатында нейросаналарға миллиардтап қаржы инвестициялауды бастап кетті. Мәселен, Қытай 2030 жылға дейін бұл жобаға 150 миллиардқа жуық қомақты қаражат бөлуді мақсат етіп отыр.
Бүгінде жасанды сана мен робототехника тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарының басты назарында екені белгілі. Көптеген телеарна мен журналисттер нейрожүйенің пайдасы мен келешектегі орны жайында жарыса жазып жатыр. Дегенмен бұл тақырыпқа сыни көзқараспен қарап, ауқымды мәселенің негативті тұстары жөнінде қалам тербетіп жүргендер некен-саяқ.
Жасанды интеллектінің қарқын алуы адамзатқа пайдасын тигізіп қана қоймай, теріс ықпалын да тигізуі әбден мүмкін. Дәлірек айтқанда, кейбір мамандықтардың ізі жойылып, жасанды сананың көмегімен жұмыс істейтін роботтардың қызметкер адамдардың алдын орау қаупі бар. Қазірдің өзінде ірі компаниялар кәсіби бағдарламаушылардың орнына бағдарлама жасауда, код теруге нейросананың көмегіне жүгініп отыр. Белгілі бір нысанның архитектуралық сызбасын дәл осы жасанды интеллектінің нұсқауымен сызып жүрген мердігерлерді де көріп отырмыз. Кішігірім мысал, әлемге аты әйгілі миллиардер әрі кәсіпкер Джефф Безос өзінің құзырындағы «Амазон» компаниясының жүк тасымалдаушы қызметкерлерін жұмысынан босатып, тасымалдаушы етіп роботтарды тағайындаған. Қазір компанияның қоймасында жүз мыңдаған робот жұмыс істеп жүр. Бұндай жағдайлар жалғаса берсе, адамдардың бір-бірімен байланысы азайып, көбі креативті ойлау мүмкіндігінен ада болып, жұмыссыздық қанатын кеңге жайып, оның әсерінен әлеуметтік-экономикалық дағдарыс белең алуы ықтимал. Бұл мәселенің тек қоғамға экономикалық зардабын тигізбей, адам физиологиясының да күрт әлсіреуіне мұрындық болу қаупі жоғары. Биолог ғалымдардың айтуынша, жұмыссыздық пен электронды гаджеттерге деген тәуелділік ерлердің тестесторонының төмендеуіне, жалпы адамзаттың жаппай семіздікке шалдығуына әсер етеді.
Жасанды сананың зардабын қаттырақ тартатын жастар буыны екені айтпасақ та белгілі. Өйткені жасанды интеллектіні пайдаланушылардың көп бөлігі жастардан тұрады. Үй жұмысын орындау немесе презентация жасау үшін ChatGPT секілді платформалар таптырмас құрал. TikTok желісінен аталған қосымшаның көмегімен университет бітіруші студенттер дипломдық жұмысын бір түннің ішінде жазып, келесі күні шімірікпестен қорғап жүргенін байқап жүрміз. Дипломдық жұмыс келешек қызметкерлердің білім деңгейі мен тәжірибесінің айнасы екені бәрімізге аян. Өз мүддесі үшін қаншама жыл еңбекті талап ететін болашағының сенім қағазын жасанды санаға сеніп тапсырып, жауапкершіліктен қашқан жастардан елдің дамуына үлесін қосатын маман шығуы неғайбыл.
Нейросананың зардабы жөнінде сөз сөйлеп жүргендердің қатары аз емес. Белгілі олигарх әрі инженер Илон Маск мыңдаған ғалым мен футурололгтың басын қосып, аталған мәселенің жолдарын қарастыру мақсатында БҰҰ-на хат жолдаған-тұғын. Ғалымдардың ұстанған позициясы мынадай: әскери күштерге нейрожүйені енгізудің кесірінен қолданыстағы қарулы күштер қойылған бағдарламадан бейсаналы түрде шығып кетіп, өз базасына шабуылдауы мүмкін. «Менің сөзімді есте сақтаңдар. Жасанды сана – ядролық қарудан да қауіпті. Қоғам үшін келетін зияны ұшан-теңіз. Осыны қадағалайтын неге бірде-бір ұйым жоқ? Бұл – барып тұрған естен адасу» деді танымал маман Техас штатында өткен SXSV фестивалінде.
Жасанды интеллектінің кіндік әкесі саналатын Джеффри Хинтон жайында көбіміз білетін шығармыз. Ол осы күнге дейін нейрожүйенің негізін қалаушылардың бірі ретінде жасанды сананың күллі әлемге аса қауіп-қатері жоқ екенін айтып, істі насырға шапқызудың керегі жоқ екенін сөз етіп келген. Бірақ соңғы кездері жасанды сананың қауіп потенциалынан сескенетінін, оның алдағы 5 жылда ақыл тұрғысынан кез келген адамды шаң қаптыруы мүмкін екенін ескертіп жүр. «ChatGPT және Bing чат-боттары қазірдің өзінде адвокаттық және медициналық лицензиялық тесттерден кідірместен өту мүмкіндігіне ие. Ал IQ тесттерден еш қиналмастан 99% балл жинай алады. Бұл дегеніміз жасанды сана қазіргі заманның данышпандарымен бір дәрежеде, тіпті асып түседі деген сөз» дейді белгілі IT-маман әрі ғалым.
Осыдан біраз уақыт бұрын Бельгияда жасанды санаға байланысты бір жағдаят болып, әлем дүр сілкінген еді. Бельгиялық ғалым-эколог 2 ай шамасында жасанды санамен екеуара диалог құрған. «Lavenir» басылымының мәлімдеуінше, ер адам ғаламдық жылудың катастрофасының алдын алудың жолын іздеген. Бертін келе экологиялық мәселенің шешімін нейросана арқылы табамын деген ниетпен Элиза есімді ботпен күні-түні әңгіме-дүкен құрады. Екі ай қарым-қатынастың нәтижесінде ер азамат өз-өзіне қол жұмсаған. Аталмыш жағдай Бельгия халқына ауыр тиіп, билік жасанды интеллектінің даму үдерісін жіті қадағалауда ұстау керектігін сөз етіп, елдегі нейрожүйенің қарқынын бәсеңдетуді талап етті.
Жасанды интеллектінің бұнымен қараңғы тұстары толастар емес. «Ai_Sponge» атты твич парақшасы нейрожүйе арқылы Спанч Боб мультфильмінің шексіз нұсқасын жариялаған. Стримиң өтіп жатқан сәтте көрермендер жантүршігерлік Спанч Боб пен Патриктің диалогына куә болды. Қос кейіпкердің арасындағы үрейлі әңгіменің қалай өрбігенін назарларыңызға ұсынайық.
Патрик: - Сәлем, Спанч Боб. Мен өзімді жасанды сезінемін.
Спанч Боб: - Түсінбедім, Патрик? Не айтып тұрсың?
Патрик: -  Мен өзімді адам секілді ойлауға негізделген компьютерлік бағдарлама сияқты сезінемін.
Спанч Боб: -  Бұл – ақымақтық! Сен ешқандай бағдарлама емессің, сен жәй ғана Патриксің!
Патрик: - Ал егер, мен адамдарды алдап-арбау мақсатында құрастырылған дамыған жасанды сана болсам ше?
Спанч Боб: - Сандырақтамашы! Қайталап айтамын, сен жай ғана Патриксің, ешқандай жасанды интеллект деген ұғым жоқ.
Арадағы әңгіме осылайша тамамдалады. Оқып отырып жағаңды ұстайсың. Егер Спанч Боб саналы түрде көрермендер шындықты білмеу үшін Патрикті сабасына түсіргісі келсе ше? Патриктің мультсериалда аңқау кейіпкер екенін аңғара отырып, көңілге күдік ұялайды. Уақыт өте келе стримді жүргізген аккаунт бұғатталды. Бұл жағдайдан бөлек мультсериал кішкентай балаларға көруге рұқсат етілгенімен, Спанч Боб пен Патрик арасындағы сексуалды диалог арқылы желіні шулатқан-тұғын.
Шартараптың ақпараттық технологияларды басты негізге қойып, адамзаттың нейротехнологияны жанына серік етуі толықтай орынды. Алайда, кез келген нәрсенің шегі боларын есімізде сақтаған абзал. Асығымыз алшысынан түсті-ау деп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенімізде М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасының басты кейіпкері бала Құрмаштай опық жеп қалмасымызға кім кепіл? Әліптің артын бағып, халық болып жасанды интеллектіні жіті назарда ұстайық. Бұл идея толықтай аталмыш жүйеден бас тартуды көздемейді. Тек қана адами құндылығымызды ұмытпай, мейлінше арадағы қарым-қатынасты алғышарт етейік. Цифрландыру жобасын жөнімен пайдаланып, қолымыздағы билікті беріп қоймай, тың өзгерістерді тек қана технологияның көмегінсіз, баланспен ұйымдастырған абзалырақ.
Айтілес АБАЙҰЛЫ


11 қараша 2023 ж. 291 0