Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде қашан қар жауады? Синоптиктер болжам жасады

Елімізде қашан қар жауады? Синоптиктер болжам жасады

Синоптиктердің айтуынша қараша айындағы мұндай жылы ауа райы соңғы рет 2010 жылы болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазгидромет» РМК елімізге қалың қар қашан жауатынын болжады. Ол мәлімет бойынша Қазақстанның басым бөлігінде қар жамылғысы желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында түседі. Ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында  қар жауады.

Желтоқсан айының басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын жауады. Сондай-ақ тұман, көктайғақ күтіледі. Солтүстік өңірлерде жел күшейіп, жаяу бұрқасын соғуы мүмкін.

Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында оңтүстік аймақтарды қоспағанда, елдің басым бөлігінде аяз күтіледі. Қар жауып,  бұрқасынды жел күшейеді, термометрлердің бағандары түнгі уақытта -10-20°С-қа, күндіз-3-10°С-қа дейін төмендейді деген болжам бар.

Биыл күз неге жылы болды?

Жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік циклондардың жиі орын алуына, сондай-ақ Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының келуіне байланысты. Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10° жоғары болды. Метеобақылау тарихында осы жылдың қараша айы өте жылы болды, жылы ауа райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды. Соңғы рет жылы  қараша 2010 жылы болды, ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7° ауытқыды.  

 Мұндай ауа райы тарихымызда соңғы рет қашан байқалды?

Көпжылдық бақылаулар бойынша Астана қаласында қар жамылғысының ең кеш жайғасуы 1967 жылғы 15 желтоқсанда (56 жыл бұрын) және 2008 жылғы 14 желтоқсанда (15 жыл бұрын) тіркелді.

Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, елордада қар жамылғысының ерте жайғасуы – 10 қазан, орташа жайғасуы – 10 қараша, ал кеш жайғасуы - 15 желтоқсан. Соңғы үш жылда – 2020, 2021, 2022 жылдары қарашаның бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында тұрақты қар жамылғысы тіркеліп, орташа биіктігі 8-13 см құрады.

Сурет ашық дереккөзден алынды 
29 қараша 2023 ж. 445 0