Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ кино саласы қайда бағыт алды?

Қазақ кино саласы қайда бағыт алды?

Кино – заманның келбеті. Әр уақыт өз ерекшелігімен десек, ХХІ ғасырдың айнасы кино өнері болып отыр. Бұрынырақ ұлттың ұстанымы мен ұмтылысын әдебиетіне қарап анықтасақ бүгінде әр елдің шығарған фильмдерін көріп-ақ баға беретіндей жағдайға жеттік. Шетелдің Голливуд, Болливуд сынды атағы жер жаратын киностудияларынан шыққан шығармалары әлем кино өнерінің алдыңғы қатарында. Ал біздің еліміз ше? Қаншалықты кино саласы даму үстінде? Бүгінгі жастар сұранысы қандай?

Қазақ кино саласы осыдан тура 85 жыл бұрын, Қазан төңкерісінен соң өз бастауын алған болатын. Алғашқы болып «Ленфильм» киностудиясынан шыққан «Амангелді» фильмі қалың көпшілікке жол тартты. Фильм көрермен арасында жоғары баға алды. Оларға ұнағаны сондай сеанстан шыққан көпшілік қайта кезекке тұратын еді. Бұл елеулі оқиға Қазақ КСР-гі мәдениеттің даму сатысы болды. Фильм авторлары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Одан кейін де қазақ киностудиясы көпшілікті өзінің көркем туындыларымен қуантты. 1941 жылы құрылған «Алматы көркем фильмдер» киностудиясы Ұлы Отан соғысы уақытындағы отандық фильмдердің 80%-ын түсіріп шығарған болатын. Ол 1944 жылға дейін өз жұмысын жоғары деңгейде орындады. Сол жылдың қаңтарынан бастап Қазақ КСР кино индустриясы жеке жұмысын бастады. Олар жылына 8 толық метражды, 50-ден аса деректі фильм түсірді. Қазақтың көрнекті кинорежиссері Шәкен Аймановтың аты сол жылдары ерекше аталды.
1960 жылдан бастап «Қазақфильм» ұйымдасты. 20 ғасырдың орта шеніндегі «Қыз Жібек», «Көксерек», «Менің атым Қожа» сынды фильмдер көрермен қауымның әлі есінен кетпейтін, сағынып отырып, қайталап көретін көркем туындыларға айналды. Одан бөлек, сол кездің өзінде қазақ киносының жеткен жетістігі де аз емес еді. Мәселен, 1967 жылы «Менің атым Қожа» фильмі (реж. А.Қарсақбаев) Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесіне ие болған қазақ фильмдерінің ішіндегі бірінші фильм болды. «Көксерек» фильмі (реж. Т.Өкеев) Бакуде өткен кинофестивальде бірінші сыйлыққа ие болса, ал «Алты жасар Алпамыс мектепке барады» фильмі (реж. А.Қарсақбаев) Ригада өткен бүкілодақтық 10-кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. «Қазақфильм»киностудиясы жалпы саны 100-ден аса көркем фильм мен 500-дей деректі фильм тұсауын кесті.
Қазақ киноөнерінің тарихындағы ерекше даму кезеңі де 20 ғасырдың 80-90 жылдарымен тұспа-тұс келеді. Әсіресе 1991-1997 жылдар аралығында түсірілген фильмдер түрлі республикалық, халықаралық фестивальдарда топ жарып, қазақ кино саласына сілкініс жасады.
Одан бергі уақытта қазақ киноөнері тоқырауға ұшырады десек те болады. Ол Қазақстанда емес, жалпы Орта Азия елдерінде орын алған құбылыс. Тек 2003, 2005 жылдары жарық көрген Сардар, Көшпенділер фильмдері салаға жаңа серпін берді. Бұл уақытта қазақ кинорежиссерлары жаңа көшке ілесе бастады. Олардың ішінде Ермек Тұрсыновтың «Жат», «Шал», «Кенже», «Кемпір» т.б. туындылары халық арасына кеңінен тарады.
Бұл көшті бәріміз білетін Баян Алагөзова, Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаевтар жалғады. «Ғашық Жүрек», «Ғашық Жүрек -2», «Осторожно, корова», «Махаббатым жүрегімде», «Траторшының махаббаты», «Баян сұлу», «Сиситай», «Я Пышка» фильмдері жарық көрді. Дәл осы типтес комедия жанрында Нұртас Адамбайдың да картиналарын атасақ болады. Жастар арасында айтарлықтай беделге ие болған продюсер 2014 жылы шыққан «Келинка Сабина» рөлі арқылы көпшілік жұртқа танылды. Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» фильмінің жалғасы болған «Қазақша бизнес Кореяда» бөлімі шетелдік «Кек алушылар» фильмін кассалық жүйеде басып озды. Кино режиссер қазіргі таңда қазақ фильмінің дамуына өз үлесін қосып жүрген жандар қатарынан.
Соңғы жылдары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығы» телесериалы, тарихи мәні зор «Томирис», «Анаға апарар жол» фильмдері жарық көріп, халық жүрегінен орын алды. «Міржақып: Оян, Қазақ!» фильмін де ерекше атап айтуға болады. Жарық көрген туындалар еңбектеген сәби мен еңкейген қарияларға да тегіс ұнап, тарихымызды жадымызда қайта жаңғыртты десек артық болмас.
Енді биылғы жылдың статистикасына келсек жастар арасында кішігірім сериалдар топ бастап тұр. Жаңа буынға ерекше ықыласпен ұнағандар қатарына «Сержан братан», «5:32», «Шекер», «Патруль», «Мошенники», «Қарға» сынды заманауи сериалды атасақ болады. Сонымен қатар «Келінжан», «Күйеубала» туындылары да көпшілік көңілінен шығып, танымалдылыққа ие болды.
Иә, бұл тек қана өз елімізден шыққан қазақ тілді фильмдер қатары. Дегенмен орыс тілінің қолданыс аясы кең болуына байланысты фильмдердің көпшілігі орыс тілі аралас немесе қазақ актерлері ойнайтын орыс тілді фильм болатынын айтып өтпесек болмас. Бұл туралы режиссер Ақан Сатаев бір сұхбатында:
Қазақша фильм түсіріп, орысшаға дубляж жасау көбіне қиындық тудырады. Көпшілік қазақша киноға бара бермейді. Сұраныс аз болғандықтан кеткен шығынды қайтарып алу да қиын. Қоғамда орысша сөйлеушілер көп болғандықтан таза қазақша фильм түсіру тиімді емес,-дейді.
Мысалы, «Аким», «Время патриотов», «Телохранитель», «Женатый холостяк», «Тендер», «Бизнесмены» т.б. қазіргі комедиялық фильмдердің көпшілігі жақсы танымал болғанымен барлығы орыс тілінде түсірілген.
Шетелдік киноның да жастарға берер әсері қалыс қалмауда. Жақында ғана прокатқа шыққанымен «зорлық-зомбылық пен қылмыскерлер мәдениетін насихаттаушы» сериал ретінде танылған Ресейлік «Слово пацана: кровь на асфальте» сериалы көп дау тудыру үстінде.
Сериал 1980-1990 жылдардағы Қазан қаласының жастары арасындағы қылмыстық топтар туралы. Әртүрлі ықшамаудан арасындағы негативті қарым-қатынасты көрсететін сериал кәмелетке толған жандарға арналғанымен әлеуметтік желіде қолжетімділігіне байланыста ата-аналар алаңдау үстінде. Бұл туралы жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. «Сериалға қатысты Ресей Федерациясының өзінде де бірнеше мәлімдеме жасалды, біз қазір бұл мәселені зерттеп жатырмыз, шешімді мерзімінен бұрын жасағымыз келмейді. Біздің министрлік өзінің бірнеше сарапшыларын ақпарат министрлігімен байланыстырып, мәселені зерттеуде. Қажет болса, кейбір шешімдер қабылдануы мүмкін, бірақ әзірге біз жастар арасынан үлкен толқуды көріп тұрған жоқпыз», - деді министр Үкіметтегі брифингте.
Сериал жарыққа шыққаннан бері Қазақстанның да үлкен қалаларында осындай типтегі топтар болғанын айтып, әлеуметтік желіде жар салушылар қатары көбейген. Олардың ішінде өз туыстарын, ата-анасын, ағаларын атап, атақ қуған жасөспірімдер саны көп. Сериал сюжетіне еліктеп, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың қатары көбейеді деген қорқыныш халықты бей-жай қалдырмауда.
Еліміз үшін ұлттық өнеріміздің өзіндік си¬па¬тын сақтап қалу, дамыту және жаң¬ғырту бағытында кино өндірісіне де көңіл бөлген жөн. Әлеуметтік өзекті тақырыптарды қозғайтын авторлық ки¬но, тарихи маңызы бар фильмдерді көптеп түсіру керек. Кино өнері тек қаржы жинайтын коммерциялық бағытта дамитын болса шектірер зияны көп болмақ. Ал бәсекелестікке қабілетті, сапалы туындылар қай кезде де өз көрерменін табады. Сондықтан санға емес, сапаға мән беру қазақ кино саласының даму қарқынын арттыратыны сөзсіз.
Гүлмарал САҚТАПОВА

Фото: egemen.kz

19 желтоқсан 2023 ж. 243 0