Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазіргі таңда қандай кинолар көрермен сұранысына ие?

Қазіргі таңда қандай кинолар көрермен сұранысына ие?

Адам өміріндегі қызықты оқиғаларды бейнелейтін, тылсым сырларды ашатын, сан түрлі жанрға бөлінген кино индустриясы қазіргі қоғамның ең қызықты саласы.1895 жылы ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер ойлап тапқан кино индустриясы қазіргі таңда жоғары дәрежеге жеткен сала. 
Алғашында "жанды фотография" түрінде пайда болған, басқаша айтқанда кинода дыбыс болмағандықтан, актерлер дыбыстың орнына театрлық шебер ойынымен, қойылыммен толықтырды.
Осылайша, көрініс арқылы дамыған саланың осы күндері алғашқы орнында Голливуд кино компаниялары тұр. Күн өткен сайын қарқынды дамып келе жатқан бұл кино өнеріне қойылатын көрермен талаптары да күшейген. Яғни түрлі жанрларға бөлінген фильмдер мен сериалдар көрермен көңілінен шығу үшін бұрын-соңды ешкім ойламаған дүниелерді жарыққа шығаруда. Қазіргі таңда көрермен сұранысына ие болып жүрген фантазиялық жанр бойынша алдыңғы қатарда тұрған компаниялар өз туындыларымен әлемді тәнті етуде. Атап айтқанда, «Fox Broadcasting Company», «Marvel», «The Walt Disney Company», «Sony», «Warner Bros», «Paramount Pictures», «DC Comics» кино компаниялары. Фантастика жанры бойынша ел назарын өздеріне аударып жүрген  Marvel, DC Comicsтің «Өрмекші адам», «Темір адам», «Бэтмен», «Кек алушылар», «Локи» фильмдерін көрмеген адам, өрмекші адам, Бэтмен боламын демеген бала жоқ шығар. Қазіргі таңда кино саласы үлкен бизнеске айналған. Қаржы жағынан да мемлекет үшін көптеген пайда әкеліп, әлемдік рекордтарды жаңартуда. Яғни 2009 жылы «Аватар» фильмін түсіруге 237 миллион АҚШ доллары жұмсалып, фильм жарық көргеннен кейін 2 миллиард 840 миллион АҚШ доллар қаржы жинап әлемдік рекорд орнатты. 2019 жылы Marvel кино компаниясы «Кек алушылар: Финал» фильмін түсіруге 356 миллион АҚШ долларын жұмсап, фильм жарыққа шыға сала 3 миллиард АҚШ доллар пайда әкеліп, «Аватар» фильмін басып озды.
Бүгінгі күнде “екінші Голливуд” атанған Оңтүстік Корея кино индустриясы әлемді таңғалдыруда. Өздерінің тұрақты көрермендерін тапқан түрлі жанрдағы кәріс драмаларының пайда болғанына аз ғана уақыт болса да, танымалдылығы күн өткен сайын артуда. Оңтүстік Кореяның KBS World, JTBC, tvN, SBS, MBS сынды каналдардың еңбектері ескеріліп, әлемге әйгілі болу үстінде. Оның себебі өзіндік ерекше стилі бар актёр, актрисаларының арқасында деп ойлаймыз. Оған әлемге әйгілі болған Чжи Чан Уктың «Оққағар», Ли Мин Хоның «Жігіттің сарбаздары», Сон Иль Гуктың «Жумонг», Кон Юдың «Гоблин» драмалары дәлел болып отыр. Сонымен қатар 2020 жылы алғашқы рет Оскар жүлдесін «Паразит» фильмі жеңіп алып, әлем назары корей кино индустриясына ауды.Мұндай жетістікке жетуіне фильмнің халық арасындағы бай мен кедей теңсіздігін, білімсіз адамның өмірі қалай аяқталатынын көрсеткенінде, дейді мамандар.
1938 жылы "Амангелді" фильмінен бастау алған біздің қазақ кино индустриясы да жаңа кезеңге аяқ басып, қарқынды дамуда. Әсіресе комедия жанрымен көрермен жүрегін жаулап, халық көңілінен шығарлықтай сапалы дүниелер ұсынып келеді. Атап айтқанда, «Бизнес по-казахский в Корее», «Брат или брак», «Гламур для дур» фильмдері үлкен  танымалдылыққа ие болды. Бұл орайда тек біздің еліміз емес, бүкіл әлем тамашалаған, қазақ кино өнерін дүйім жұртқа танытқан керемет туындыларымыз да аз емес. Атап айтар болсақ, «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Ұлы дала зары», «Анаға апарар жол» фильмдері қазақ кино индустриясының биік шыңдары. Тарихтан сыр шертетін бұл қазақ деген ұлттың қандай екенін суреттейтін фильмдер көрермен назарын өздеріне дереу аудара білді. Осы алған беттерінен қайтпай дарынды тұлғаларымыз күш салса, қазақ фильмдері де Оскар жүлдесін жеңіп алар күн де алыс емес екеніне сенеміз.

Айшабибі ТӨЛЕГЕН,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті
06 шілде 2021 ж. 658 0