Тіл мәртебесін төмендететін фильмдер – көрерменді арзан күлкіге тәрбиелейді

Егемен ел болуымызға қасық қаны қалғанша күрескен қаншама батырларымыз бар, көсем билеріміз бен даңқты хандарымыз бар. Олардың есімдерін тек көше тақтайшалары мен мектеп маңдайшаларына іліп қою аздық етеді. Сценаристер ұлы тұлғаның тым құрығанда біреуін таңдап алып, зерттеп, ізденіп, жазып, жеткізсе, басшылық неге қолдамасқа?
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», тіпті ағымдағы жыл «Жастар жылы» деп бекітілді. Елбасымыз жоғарыда аталған жолдаулардың бәрінде көне замандағы көрікті қалаларымыз, сән салтанаты таласқан озық ескерткіштеріміз бен мәдени мұраларымыздың айнымас айғақ боларын атап өтті. Демек, ұлттық кодты ұлықтау аясында ұлы тұлғалар туралы түрлі жанрдағы (көркем фильмдер, деректі сериалдар) туындылар түсірілер болса мемлекет тарапынан қолдау алары сөзсіз. Бұл ретте телекөрерменді дұрыс бағыттайтын блогерлер ен кәсіби мамандардың да атқарар қызметі орасан. Әрбір басылым беті мен ақпарат сайттарының кез-келгенінде кино өнерінің жаңалықтарын жариялауға арналған бөлім болуға тиіс. Онда салынған материалдарды (фильмдерді, телесериалдарды, мақалалар мен сыни талдауларды, жаңалықтарды) талдау арқылы көрермендер арасында пікірталас ұйымдастырып, талғамдарын да түзеуге жол ашуға болады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кімге де болмасын жалқаулықтан арылып, терең ізденуге, тың жаңалық ашуға талпыну керек. Қазақ кино өнерінде бұрын соңды түсірілмеген, яки аз түсірілетін спорт, білім-ғылым, медицина, ғарыш, аспан әлемі турасындағы ерекше тақырыптарда фильмдер мен сериалдар түсірілуі керек. Мұны іске асыратын жас киногерлердің қабілетін шыңдап, ынтасын арттыру үшін отандық, әлемдік деңгейдегі фестивальдер мен байқауларды көптеп ұйымдастыру керек. Бұл – киноматографистердің шығармашылық жолда өсу деңгейін көтеріп қана қоймай, сапалы киношығармалардың көбеюіне әрекет етеді.
Бүгінгі күннің айнасын ертеңгі ұрпаққа көрсетуде зеттеу материалы ретінде құнды болып саналатын кинотуындалар көптеп түсіріле берсе деген игі тілек.
Айжан Есенгелді