Аударым жоқ: Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлер неге мобильді аударымнан бас тартты?
1 қаңтардан бастап әлденедей кәсіппен айналысатын кәсіпкерлердің ватсаптағы статустарына «Халық, Каспий аударымдар қабылдамаймыз. Тек қолма-қол сауда жасаймыз» деген хабарламалар қаптады. Бұрын саудасының болғанын тілеп, төлемнің түрін тұтынушылар еркіне салатын кәсіпкерлер бұл жолы аударым жасаудан түбегейлі бас тартты. Қолма-қол ақшасы жоқтар алған затын қайта қалдырып кетуге мәжбүр болып жатқанын да көзіміз көріп қалды. Ал кейбір жандардың бірі дүкеншілерге: «тойынып, құтырғансыңдар, неге қабылдамайсыңдар» деп байбалам салды. Анығын төмендегідей зерделеп көрдік.
Қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар, қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізіледі. Бұл заң бұзушылық болып табылады. Мұндай жағдайда ең бірінші кәсіпкерге ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал қайталанған заң бұзушылық кезінде салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес салық төлеу әркімнің міндеті болып табылады.
– Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді беретін болады. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады. Бақылау касса машиналарын қолдануды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап бақылау касса машина функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POS-терминалдарымен біріктіру бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Бұл бақылау касса машина мен POS-терминалдың бір чегін беруге мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға «Каспий банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банкцентркредит» АҚ қатысуда, – дейді редакция почтасына хат жолдаған, Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшы орынбасары А.Жусупов.
Яғни әрбір тұтынушыға сатып алған тауарының түбіртегі берілуі керек. Бұл көлеңкелі бизнестің көзін жоюдың бірден-бір тәсілі. Кәсіпкер мобильді аударым арқылы өзінің жеке шотына төлем қабылдауы заңға қайшы. Бұл аударымнан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Заңдылығына сәйкес кассалық аппараттан чек шығарып, банктен ашылған кәсіпкерлік шотыңызбен төлем қабылдай беруге болады. Мәселен QR-код арқылы.
Заңдылығына сәйкес әрбір сатып алынған затқа чек талап ету – тұтынушының құқығы. Бұған байланысты салық комитетінің өкілдері «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы өткізілуде. Анықталған заң бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға да болады.
– Банктерден ақпарат кезең кезеңімен беріледі. Бірінші кезекті 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша). Екіншіден, 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша). Және 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша). Ал 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша) ақпарат алынатын болады.
Жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аудару керек. Яғни, жеке тұлғалар бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін - туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады. Негізінен, салық органдары бизнесті заңды жүргізу үшін барлық қолайлы жағдайларды жасады. Салық мөлшерлемелері төмен режимдерді қарастырды.
Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға (дүкендер, такси жүргізушілері және т.б.) мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар, аударымдар көбінесе чектер берілмей қабылданады. Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға (бизнес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсынамыз, –дейді сала маманы өз хабарламасында.
Егер сіз кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысыңыздың белгіленген мөлшерлемесін салық ретінде төлеп отырған болсаңыз, бұған алаңдаушылық білдірудің еш қажеті жоқ. Тек мобильді төлемдің жеке шотыңызға емес, кәсіпкерлік мақсатта ашылған есепшотыңызға қабылдасаңыз болғаны.
Ескерек кететін жәйт, бұл әлі де жан-жақты талқылауды қажет ететін тақырып. Алдағы уақытта банк өкілдері мен заңгерлерден, және салық басқармасы мамандарынан толыққанды ақпарат алып, осы тақырыпқа қайта қалам тербейтін боламыз.
Н. МАРАТ
Фото: stan.kz