Ақша аударымдарына салық салынбайды

«Ақша аударымдары бойынша комиссия болмағандықтан, пайдаланудың ыңғайлылығына байланысты Kaspi сияқты жедел аударым жүйелерінің тұрғындар арасында және бизнесте танымалдығы артып келеді. Әрине, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсімі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететінін түсініп отырмыз. Қаржы министрлігі мұндай аударымдардан ешқандай қосымша төлем немесе салық алуды жоспарлап отырған жоқ. Әсіресе жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеру – ешқандай жоспарда жоқ», - дейді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, министрлік банктермен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін ыңғайлы және заманға инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.
«Ал кәсіпкерлік сала ашық болуы керек. Заңға сәйкес кәсіпкерлер фискалды түбіртек беріп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-кассалық машиналарды пайдалануы тиіс. Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдалану – кәсіпкерлерді осы міндеттемелерден босатпайды. Тұтынушының құқығын қорғау үшін тексерудің маңызды екенін ұғыну керек», - дейді ол.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары қазіргі таңда Қаржы министрлігі жедел қызмет көрсету жүйесін пайдаланып кәсіпкерлердің кірістерін әкімшілендіру мәселесі пысықталып жатқанын хабарлайды.
«Мысалы, бұл онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды автоматты түрде толтыру және салық есептілігін жіберу функционалдылығымен біріктіру арқылы жүргізіледі. Мұндай пилот келесі жылы Kaspi Bank-пен бірге өткізіледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, арнайы салық режімдерін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері, мысалы, патент немесе жеңілдетілген декларация 3 жылға салықтар мен тексерулерден босатылатындығын атап өткім келеді. Осыған байланысты тұрғындар алаңдайтындай ешқандай негіз жоқ», - деп түйді Әлихан Смайылов.