Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедек жандарға төленетін әлеуметтік көмек өсті

Мүгедек жандарға төленетін әлеуметтік көмек өсті

Жыл сайын елімізде жәрдемақы, зейнетақы есептерінде өзгерістер болатыны белгілі. Мемлекет атынан көрсетілетін көмек деңгейі күнкөріс мөлшерінің өзгеруіне байланысты өсу үстінде. Биылғы жылы да 1 қаңтардан бастап көмек алушы жандар оң жаңалық болады деп күтуде. Ата Заңда көрсетілгендей еліміздің ең бірінші мүддесі азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету болғандықтан Қазақстанда туылған әрбір жанға мүмкіндігінің шектелуіне қарай тағайындалатын түрлі жәрдемақылар мен көрсетілетін жеңілдіктер тетігі қарастырылған. Оған еліміз мүдделі және қауқарлы. Қазіргі күнге дейін бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Енді осы жәрдемақының жаңа мөлшері туралы сөз сабақтасақ.
Елімізде мүгедек жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар бары белгілі. Бұл жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 28 мамырдағы №326 қаулысымен бекітілген. Қазіргі таңда осы қаулы бойынша мүгедектер мүддесін және құқығын қорғау және олардың тұрмыс деңгейі басты назарға алынып келеді.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде жәрдемақы алушылар саны шамамен 536,9 мың адамды, асыраушысынан айырылғандар шамамен 186,7 мың адамды құраған.
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР-ның Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңы жобасына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ай¬лық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3692 теңге, ең төменгі зейнетақы – 57853 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28215 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 43407 теңге мөлшерінде белгіленген. Ал жасына және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі алып тұрған зейнеткерлерге 9%-ға артпақ.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР-ның Әлеуметтік Кодексінің 205-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Мысалы, 2024 жылдың басынан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болғанда немесе мүлдем болмаған жағдайда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 60 пайызы есептелетін, ендігі 65% мөлшерінде көбеймек. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 105 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Ал жалпы еңбек өтілі 30 жыл және одан да жоғары болса, күнкөріс деңгейіне сәйкес ең жоғары базалық зейнетақы деңгейі 43407 теңгені құрайды. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғайды. Атап айтсақ, І топ мүгедектері – 95496 теңге алса, ІІ топ – 76397 теңге, ал ІІІ топ – 52089 теңге алмақ. 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 69886 теңге, 7 жастан бастап балалардың мүгедектік топтары белгіленген кезде І топтағы мүгедек балаларға– 95496 теңге, ІІ топтағы мүге¬дек балаларға – 79435 теңге, ІІІ топтағы мүгедек балаларға – 69886 теңге болып белгіленді және мүгедек баланың күтіміне – 69886 теңге. Әскери қызмет атқару кезінде болған мүгедектерге I топ – 139771 теңге, II топ – 119370 теңге, III топ – 100271 теңге қарастырылады. Сондай-ақ асыраушысынан айырылғандарға байланысты жәрдемақы мөлшері бір балаға – 39935 теңге, екі балаға – 73792 теңге, үш балаға – 97666 теңге, төрт балаға – 112859 теңге, бес балаға – 119370 теңге, алты және одан жоғары балаға – 130221 теңгені құрайды. Тұлдыр жетім бір балаға – 66847 теңге, екі балаға – 133694 теңге, үш балаға – 200541 теңге, төрт балаға – 267388 теңге, бес балаға – 334234 теңге, алты балаға – 401081 теңге, жеті балаға – 467928 теңге, сегіз және одан жоғары балаға – 534775 теңге көмек көрсетіледі.
Бүгінгі таңда Әлуметтік қамсыздандыру бойынша Арал аудандық бөлімі қайта есептеу жұмыстарын толық жасап, 2024 қаңтар айынан бастап қайта есептелген жаңа төлем сомасы толығымен төленді.Еліміздің жасап отырған мұндай мүмкіндігі ең алдымен азаматтардың масылдыққа деген біржақты пікірін жоққа шығарады. Бұл нарықтық заманның ең өзекті мәселесі. Бастысы адамға адам масыл болмауы маңызды. Бұл мәселені зайырлы мемлекет ретінде біздің еліміз де бір жолға түсірген. Сәйкесінше түрлі әлеуметтік деңгейіне қатысты әр азамат лайықты қолдауға ие болып келеді.
Осы орайда қала тұрғыны Аралбай Дауылбайұлы:
– Мен қазіргі таңда бірнеше жылдан бергі ІІ топ мүгедегімін. Бүгін 2024 жылдың алғашқы жәрдемақысын алдым. Мемлекет тарапынан көмек ретінде берілетін жәрдемақы мөлшері жыл сайын көбеюде. Бүгінде уақыт өткен сайын қымбаттайтын сұраныстағы күнделікті тауарлардың, азық-түліктің бағасына сәйкес берілетін көмекақының да өсуі бізге пайдалы болып тұр. Бастысы қазіргі таңда жұмысқа жарамсыз болсам да отбасыма күш салмай өз қажеттілігімді жәрдемақымен өтеу үстіндемін, – дейді.
Иә, мүмкіндігі шектеулі жанның қоғамдағы өз орнын табуы мемлекеттің жеткен жетістіктерінің бірі десек болады. Оларға берілетін көмектің де, пайдалы ақпараттардың да мол болуы еліміздің әлеуметтік жағдайын жақсартады. Бұл тұрғыда азаматтардың түрлі әлеуметтік статустарына сәйкес айқындалатын мәртебісі лайықты мақұлданса және оған мемлекет лайықты көңіл бөлсе болғаны.
Гүлмарал САҚТАПОВА
09 қаңтар 2024 ж. 218 0