Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2,5 миллион: Декреттік демалысқа шығатын аналарға берілтен жәрдемақы артқаны рас па?

2,5 миллион: Декреттік демалысқа шығатын аналарға берілтен жәрдемақы артқаны рас па?

2024 жыл жағымды жаңалықпен басталды. Ең алдымен төменгі жалақы мөлшері өсті. Соған сәйкес жылдағы өсім алып отыратын балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері де артты. Күні кеше ғана көбейген мөлшермен жәрдемақысын алған аралдықтар қуануда. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерден бөлек, биылдан бастап декреттік демалысқа шыққандарға 2,5 миллион теңгеге жуық жәрдемақы төленеді деген ақпарат желдей есіп жүр. Мұны естіген әйелдер қауымының қуанышында шек жоқ. Осыған байланысты «Бұл қаржы қай уақыттан бастап беріледі? Барлық әйелдерге бірдей төлене ме? Жылдың басынан бастап шықса да ала ма?» деген сауалдар көбейіп кеткен соң аудандағы жауапты мекеме мамандарының кеңесіне жүгіндік.
Қазақта «Бір бала өмірге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген ұғым бар. Ырзық пен несібені Тәңірден тілеген халықтың заман көшімен бірге көзқарасы мен пайымы өзгеріп келеді. Елімізде әрбір өмірге келген балаға ата-анадан бұрын мемлекет жауапты. Себебі ол бала сол мемлекеттің мүшесі. Сондықтан олардың туғанан бастап қолайлы жағдайда өмір сүруі үшін бар шығынды Үкімет өз мойынына алады. Жүктілік кезінде елдің мүддесі жолында еңбек еткен аналарға декреттік төлем бар.
Жүкті әйелдің құрсағындағы балаға 7 ай толғанда жұмыс беруші тарап болашақ ананы декреттік демалысқа жіберуі заңмен көзделген. Және сол демалыстағы уақытында мемлекет тарапынан әйелге босанғанға дейінгі жәрдемақы төленеді. Мақаланың басында атап көрсеткендей биылғы жылы аталған төлем мөлшерінің 2,5 миллионды құрағаны туралы ақпарат тарап, әйелдерді бір қуантып тастады. Бірақ бұған қатысты көкейде сұрақтар да жоқ емес. «Азаматтарға арналған үкімет» МК Ке АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша Арал аудандық бөлімшесінің мамандарының айтуынша есептеу коэффициенті бұрынға қалпында екен.
– Жүктілігіне байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болып табылған әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелге жүктілікке және босануға байланысты демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі. Осыған сәйкес, жұмыс істейтін әйелдерге бір рет әлеуметтік төлем төленеді. Ол орташа айлық табыс мөлшері әлеуметтік аударымдар бойынша нақты жұмыс істеген мерзіміне қарамастан демалысқа шыққанға дейінгі 12 ай ішіндегі әлеуметтік аударымдар бойынша анықталады. Әлеуметтік төлем мөлшерін білу үшін соңғы жылдағы орташа айлық табыс мөлшерін жұмысқа қабілетсіздік күндер санының тиісті коэффициентінекөбейтіп есептейді. Мысалы, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнтізбелік күнге берілсе, онда коэффициент 126/30=4,2 тең болады. Және тағы бір ескеретін мәселе, әйел жүктілігіне байланысты демалысқа шығамын дегенше бірнеше жерде жұмыс істеген болса, соған сай әлеуметтік аударымдар түссе онда барлығы қосылып есептелінеді. Дәлірек айтсақ, декреттік демалысқа шыққан әйелдің алатын жәрдемақысы табысына сай есептелініп шығарылды. Кез келген әйелге 2,5 миллион теңге беріледі деген жаңсақ пікір. Есептеу коэффициенті 4,2-ден өскен жоқ, – дейді аталған мекеменің бас маманы Дәулетияр Ермаханов.
Маманның айтуынша, 200 мың жалақы алатын әйел жүктілігіне байланысты еңбекке жарамсыз деп танылса, мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 2 миллионнан асуы мүмкін емес дейді.
Үстіміздегі жылдан бастап бала туылғанан кейін берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері артты. Ол барлық аналарға бірдей төленеді. 4 балаға дейін – 140 296 теңге. Ал отбасында төрт және одан да көп бала болса, 232 596 теңге мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады. Тиісінше бала күтіміне байланысты 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақы мөлшері де биыл көбейіп отыр. Нақтырақ айтсақ, бірінші балаға 21266 теңге, екінші балаға 25 143 теңге, үшінші балаға 28983 теңге, төртінші және одан да көп балаға 32 859 теңге шамасындағы жәрдемақы беріледі. Бұл жалпыға бірдей мөлшері. Егер әйел жұмыс істейтін болса ай сайынғы жәрдемақысы да артықтау төленеді.
Көпбалалы отбасылар әркез мемлекеттің қолдауына ие. Елімізде 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар, барлық көпбалалары отбасыға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді.
– Көпбалалары отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері де артып отыр. Төрт баласы барлар 59 183, бес балалы отбасы 73 988, алты балаға 88 793, жеті баласы барларға 103 598, сегіз баласы бар отбасыға 118 144, тоғыз баласы барларға 132 912, он баласы бар отбасыларға 147 680 теңге төленіп отыр, - дейді сала маманы.
Сондай-ақ мемлекет көп баланы өмірге әкелген аналарға да құрметпен қарап, оларды назардан тыс қалдырмай келеді. Алты баласы бар аналар «Күміс алқа», жеті балалы ана «Алтын алқа» иегері атанса, одан да көп ұрпақты өмірге әкеліп, өсіріп жеткізген анаға «Батыр ана», «1,2 дәрежелі Ана даңқы» ордені табысталады. Бұлардың мөлшерлі жәрдемақысы бар. Биыл мұнда да өсім байқалады. «Алтын алқа», «Батыр ана», «1,2 дәрежелі Ана даңқы» орден иегерлері 27 321 теңге алса, Күмістен алқа таққандар 23 629 теңгеден алып отыр.
Осылайша жылдан-жылға еліміздегі оң өзгерістерге байланысты аналар мен балалардың күтімі үшін берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де нарыққа сай өсім алып отыр. Биылғы жылы ең төмеңгі жалақы 85 мыңға көбейді. Осыған байланысты алдағы уақытта декреттік демалысқа шығатын аналардың айлығының өсім алуы себебімен алатын жәрдемақысы да өсуі мүмкін. Бірақ әлгіндей миллиондар алу үшін жалақы да әжептәуір болуы керек екендігін мамандар жоғарыдағыдай жіті түсіндіріп берді.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ

Фото: egemen.kz
09 қаңтар 2024 ж. 574 0