Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақша сөзі қайдан шыққан

Ақша сөзі қайдан шыққан

Ақша сөзін қазіргі кезде білмейтін адам жоқ шығар. Бірақ оның этимологиясын әрі бастапқы мағынасын білесіздер ме? «Астана» халықаралық қаржы орталығының аға менеджері, тіл маманы Мәрлен Әділов ақша сөзі о баста тек «күміс тиын» деген мағынада қолданылып, кейін ол тиынның қолданыс аясы кеңейіп «ақша» деген жалпы мәнге ауысқан деп айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көне түркілер ақша сөзін бұрыннан қолданған. Көне түркі сөздігінде ақча сөзі қазіргі мағынасында тіркелген және оның Енисей бойында табылған көне монетада тіркелгені жазылған (ДТС 48). Дәлірек айтар болсақ, Енисей өзені бойынан табылған көне қытай монетасында ақша сөзі жазылған. Археолог ғалымдар табылған тиынның Таң империясына тән екенін, яғни 713–742 жылдарға тиесілі екенін дәлелдеген. Табылған көне тиынның алдынғы жағында төрт қытай иероглифы бар болса, артқы бетінде тоғыз символдан тұратын түркі тілінде сөйлем жазылған. Оны ғалымдар Биң чығым ақча «Мың шығын ақша (1000 расходных денежных единиц)» деп оқып, аудару қажет екенін алға тартады.

Алтын орда дәуірінде және Қыпшақ ескерткіштерінде ақша мағынасында қолданылған бұл сөздің Осман империясында «күміс тиын, майда күміс монета» деген валюталық мағынасы пайда болған. Мысалы оғыздар Селжұқ мемлекетінде ХІІІ ғасырдан бері «ұсақ күміс монетаны» акче деп атап, ол Осман империясында XX ғасырға дейін шығарылды. Қырым хандығында күміс тиынды ақча деп атаған. Ақша сол кезеңде ерте ортағасырдан бері белсенді қолданысқа кірген арабша дирхам сөзінің орнына қолданылған төл сөз болды.

Қазіргі түркі тілдерінде ақша сөзі «ақша, тиын, монета» деген мағыналарында кең таралған. Мысалы: қазақ, қарақалпақ, ноғай, тува тілдерінде ақша; қырғыз, құмық, қырым татар, қарайым, ұйғыр, түрікмен, алтай, хакас тілдерінде ақча; түрікше akçe, өзбекше оқча, башқұртша ақса, қарашай-балқар ачха, чуваш тілінде уқса формаларында қолданылады. Бірақ бәрінде белсенді сөз емес, мысалы өзбек, түрікмен, әзербайжан тілдерінде пұл сөзі актив лексикаға жатады. Ал қазақ, қырғыз, татар, башқұрт тілдерінде ақша жиі айтылады.
Түбі түркі ақша сөзінің түбірі «ағы» екені тұжырымдалады. Ағы ұғымы көне түркі жазба ескерткіштерінде «қымбат, бағалы дүние, асыл тастар; алтын әшекейлі бұйым; қымбат мата, таза жібек» мағыналарында қолданылған. Мәселен, ағы сөзі ең алғаш Орхон жәдігері Күлтегін ескерткішінде қолданылған: Табғач будун сабы сучиғ ағысы йымшақ ермиш. Сучиғ сабын йымшақ ағын арып ырақ бодунуғ анча йағутыр ермиш «Қытай халқының сөзі тәтті, жібегі жұмсақ екен. Тәтті сөзімен, жұмсақ жібегімен алдап-арбап, жырақтағы елдерді сонша жақындатады екен». Мұнда қымбат жібек матасы ағы деп жазылған, осы ағы сөзі ақшаның түбірі, ал «-ча» кішірейту мәнін үстейтін жұрнақ болса керек деп ғалымдар айтады. Бұл тұжырымды алғаш Рамстедт ұсынып, ол бірнеше ғалымдар тарапынан қолдау табады (қараңыз: Этимологический словарь тюркских языков).

Этимологиялық сөздік авторлары жалпы қабылданған талдау бойынша «ақшыл, ақшылдау (беловатый)» мәнінен ауысқан деп айтады. Сонда бұл этимология бойынша ақша дегеніміз сөзбе-сөз «күмістей, ақ түсіне жақын, ақ сияқты» дегенді білдіреді. Сондықтан көнедегі күміс ақша немесе күміс тиынның түсіне ұқсатып «ақша» термині пайда болған, яғни ақша деп о баста күміс монетаға ғана айтылған деп есептейміз. Қазіргі жалпы ақша деген мағынасы сол күміс тиыннан ауысқан болса керек.

Қорыта келгенде, ақша мағынасында қазақ тілінде көп сөз бар. Бірақ олардың бұрын басқа мағынасы болған. Мысалы тиын– «тиін терісі», пұл – «мата», теңге– «күміс монета», сом – «алтын» сөздері осындай мағынада қолданылып, кейін ақша (деньги) мағынасына ауысқан. Ақша сөзі де осылай басында ақ немесе күміс тиынға қарата айтылып, ол тиынның қолданысы кеңейіп сосын жалпы ақшаны білдіре бастады деп ойлаймыз.

Фото: baq.kz
12 қаңтар 2024 ж. 313 0