Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс екенін сезесіз. Бірақ түсінбесеңіз...

Алғыс екенін сезесіз. Бірақ түсінбесеңіз...

Қазақ – батагөй халық. Ұлы даланы еркін жайлаған дана халықтың тілдік қолданысында алғыс-тілектер өте көп. Жақсы сөз – жарым ырыс демекші, қазақ бір-біріне жақсы сөз айтып, алғыс білдіруге тырысқан. Жақсылықтың қарымтасы ретінде алғыспен бата жаудырған. Көп алғысы көгертер деп алғыс алудан жарысқан.

Марлен Әділов, "М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ" АҚ-ның қазақ тілі оқытушысы, PhD Doctor:
Алғыс дегеніміз не? Тұрақты тіркестер алғыс және қарғыс болып та бөлінеді. Алғыс – «өркенің өссін, көп жаса» дегендей біреуге істеген жақсылығына қарай тілекпен алғыс білдіру. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс дейтіні содан. Бұл алғыс-тілектер ауыздан ауызға таралып, осы күнге дейін бұзылмай, сол қалпында сақталып келген. Алғыстар – көне заманннан келе жатқан тілдік мұра болғаны үшін олардың құрамында мағынасы түсініксіздеу сөздер көптеп кездеседі. Енді солардың кейбіріне тоқталып өтсек...
1. Жүрім берсін алғысындағы жүрім сөзінің мағынасы түсініксіздеу. Бұндағы «жүрім» жүру етістігінен құралған «өмір» мәніндегі көнерген сөз. Жаманға өлім жоқ, жақсыға жүрім жоқ мақалындағы жүрім сөзі де осы. Қазақ тілінде өмір/ғұмыр сияқты араб тілінен енген сөздің актив қолданысынан, қазақтың жүрім төл сөзі қолданыстан қалып, көнелікке айналды. Алғыс құрамында сақталған төл сөзімізді қазіргі қазақ тілі қолданысына енгізу артықтық етпес деген ойдамыз.
Қазіргі түркі тілдерінен қырғыз тілінде джүрүм-турум; қарақалпақ тілінде жүрім; башқұрт тілінде йөрөм; қарайым тілінде йүрүш; алтай тілінде джүрүм, хакас тілінде чөрим варианттары «өмір» мәнінде жұмсалуда.
Түркі тілдері деректерін негізге ала отырып, жүрім берсін алғысын «өмір берсін, көп жаса» деп түсіндіріп бере аламыз.
2. «Өркенің өссін, бала-шағаң көп болсын» мағынасындағы көсегең көгерсін алғыс-тілегінде бізге түсініксіздеуі көсеге тұлғасы.
Көне ұйғыр жазба ескерткіштері мен Диуани лұғат ат-түрк сөздігінде көшиге формасы «көлеңке» мәнінде қолданылған. Көне қыпшақ ескерткіші Кодекс Куманикуста көшеген варианты «перде» мағынасында қолданыла бастаған. Ал шағатай жазбаларынан бастап көшеге сөзі «шымылдық, жастар төсегінің шымылдығы» түсінігіне ауысқан.
Қазіргі түркі тілдерінен ұйғыр тілінде көшүке «перде, шымылдық», өзбекшеде гөшаңга/күшәнә «шымылдық, жаңа үйленген жастарға арналған және ақ шымылдықпен қапталған төсек»; қырғыз тілінде көшөгө, алтай тілінде көжөгө, хакасшада көзеге, тува тілінде көжеге варианттары «жастар шымылдығы» мағыналарында сақталған. Қазіргі түркі тілдеріне бұл сөз моңғол тілінен енген болуы керек. Моңғол тілінде көсіге формасы «перде, шымылдық» мағынасында қолданылады.
Қорыта келсек, моңғол тілінен «шымылдық» мәнінде енген көсеге сөзі тұрақты тіркес құрамында «төсек, көрпе» мағынасына ие болған. Бұл сөздің «төсек, шымылдық, көрпе, пердеге» қатысты екендігінің дәлелі – бұның көрпең ұлғайсын нұсқасының да тілде бар болғаны. Бір жағынан көсеге сөзінің мағынасы ұмыт болғаны үшін көрпең ұлғайсын варианты туған болуы мүмкін.
Жоғарыда келтірген деректер негізінде көсегең көгерсін алғыс-тілегін «көрпең, төсегің ұлғайсын» деп аударып, «ұрпағың көбейсін» деп ауыспалы мәнде түсіндіріп бере аламыз.
3. Ұлың ұғырлы, қызың тұғырлы болсын алғыс-тілегіндегі бізге түсініксіздеуі ұғыр түбірі. Бұндағы ұғыр – тұғыр формасына ұйқас болуы үшін қолданылған болуы мүмкін. Десек те, ұғыр көне жазбалар және қазіргі түркі тілдерінде «құт» мағынасына ие сөз екен.
Мысалы, Махмұд Қашқаридың сөздігінде ұғыр сөзі «құт-береке» деп аударылған. Қазіргі анадолы түріктерінде uğur (уур) «жақсылық, құт нышаны; бақыт; сәттілік» мәніндегі сөз. Ноғай, қарашай-балқар, құмық тілдерінде болса оғыр формасы «бақыт, сәттілік» дегенді білдіреді.
Ендеше түркі тілдерінің материалдары негізінде ұлың ұғырлы, қызың тұғырлы болсын алғыс-тілегін «ұлың құтты, қызың тұғырлы (тіректі, сүйенішті) болсын» деп түсіндіріп бере аламыз.
Шын ниетпен тілеген тілек, біреуге айтылған алғыс қабылданбай қоймайды. Ендеше, қазақтың бағзы замандарынан бері тілдік мұра боп келе жатқан тұрақты алғыс-тілектерімізді айтып, жаттап жүрейік. Алғыс алсаң көп жасайсың демекші, бір-бірімізге жақсы сөз айтып, алғыс-тілегімізді білдірейік. 
Арайлым Белгібаева.
baq.kz
01 наурыз 2019 ж. 1 917 0