Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кениядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 70-ке жуықтады

Кениядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 70-ке жуықтады

Кенияда нөсер жаңбырдан туындаған жойқын су тасқыны салдарынан соңғы бір аптада кемінде 66 адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті полиция мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Ең ауыр жағдай Найроби қаласында тіркелген. Қалада түнде тағы да қатты жаңбыр жауғанымен, жаңа құрбандар туралы ақпарат тіркелмеген.

Кенияның Қызыл Кресті мәліметінше, Найробиде су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты жолда қалып қойған «матату» микроавтобусынан 11 адам құтқарылған. Сондай-ақ су басқан үйлердің бірінен екі баланы аман алып шыққан.

Соңғы күндері жауған нөсер салдарынан өзендер арнасынан асып, тұрғын үйлерді су басты. Сонымен қатар жолдар, электр желілері мен су құбырлары зақымданған. Кейбір көпірлердің бүлінуіне байланысты қаладағы бірнеше жол жабылып, кейбір мектептер су астында қалған.

Уильям Руто ел билігі бітелген дренаж жүйелерін тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік пен медициналық көмек көрсетілетінін айтты.

Билік өкілдері төмен орналасқан аудандардағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшуге шақырды. Қазіргі таңда 2000-нан астам адам үйлерін тастап, уақытша баспаналарға орналастырылған.
Фото: baq.kz
16 наурыз 2026 ж. 50 0