Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тылсымға толы арал

Тылсымға толы арал

Бала кезден ертегімен өскен бізге "Барсакелмес" сөзі жақсы таныс. Түрлі қиялдан туған кейіпкерлермен суреттелетін сол ертегілердегі "барған адам қайтып оралмайды" дегенді естіп, өзіміз де сан қиялдың құрсауында жатып ұйықтап кететінбіз. Шындығында, сондай мекендер әлі де бар екенін біз кейін білдік.
Мәселен 1956 жылы Вивиан Фуш бастаған экспедиция жұмыстары жүргізіліп, Арал аумағына Мартин Шэфлис және Бил Дайсон есімді зерттеушілер аман-есен жеткендіктерін хабарлайды. Бірақ екі күннен кейін олармен хабар үзіледі. Фуш ағылшындықтардың артынан үш құтқарушыны жібереді. Тағы хабарсыз кетеді.  Тіпті, Марсабит қаласынан көмекке тікұшақ шақырылып, кішкентай ғана аралдың тау-тасын қопарып, шөп-шалаңына дейін тексереді. Із-түссіз кеткен жандардан бұл жолы да бірде-бір айғақ табылмайды. Ол жайында экспедиция жүргізген Вивиан Фуш: "Өкінішке орай нәтиже болмады. Олар сол кеткеннен оралмады, іздері де табылмады. Тас керең, қатыгез жерлерінің құшағында қалып қойған адамдарды ешкім көрмеген. Және бұл құпияның шешуін ешкім таба алмайтын да шығар..." деп жазба қалдырыпты. Кейін Барсакелмес жеріне көшпелі самбуру тайпасының жауынгерлерінің озбырлығынан қашқан эльмоло тайпасы қоныстанады. Мұнда аяқ басқан жандардың соңғысы солар болды. Бастапқыда олар жағалауға шығып, өздері аулаған балықтарын тері мен сүтке айырбастап, тіпті, туған-туыстарын қонаққа шақыратын болған. Бірақ көп ұзамай отыз қаралы бұл тайпа адамдары да ешбір дәлел, ешбір белгісіз жоғалған. Бірі мұнда алып кобра бар десе, бірі әлдебір тылсым барына сенеді. Бірақ бұл біз білетін Барсакелмес емес. Кенияның солтүстігінде жатқан Рудольф аталатын өзеннің алқабындағы ерекше арал. Арал картада Оңтүстік деп берілетіндігімен, жергілікті тұрғындар "Энваитенет" дейтін көрінеді. "Энваитенет" сөзінің қазақша баламасы "Барсакелмес" екен.
Ал Арал маңындағы Барсакелмес аталатын аралдың жұмбақ сырлары жайлы ақпараттар да көп. Бұл тұста да барған адамдар жоғалып кетеді немесе тағы сондай адам айтқысыз қасіретке душар болады деген секілді әңгімелерге қанықпыз. Расында, Арал теңізінің орта тұсында жұмбақ мекен болған ба, ол жағы бүгінде беймәлім. Бірақ сол аңыздарда не дейді? Айта кетсек...
Бұрынғы заманда жау жан-жақтан қысқан бір тайпа көсемдерінің шешімімен теңіз ортасындағы аралға бас сауғалау үшін көшіп баруды жөн санайды. Олар су бетіне мұз қатқан уақытты тосып тұрғанда, көсемнің көзіне ақсақал көрініп, ол аралдың ешқандай қауіпсіз екенін, егер аң-құсына тимей өмір сүрсе, мал-жандары аман болып, бақытты ғұмыр кешетіндерін айтып, көзден ғайып болады. Шынында да, олар уақыт өте малдары көбейіп, жауларынан құтылып, мамыражай күйге бөленеді. Сол қыстан да аман шығады.
Адам қиын сәтін күні күліп шыққан мезетте-ақ ұмытып кетеді емес пе? Әбден тәтті өмірдің дәмін сезіп алған олар, аралдың ағаштарын кесіп, жануарларын өлтіріп, бейберекет тірліктер жасай бастайды. Міне, осы сәтте олардың барлығын ордалы жылан келіп, жұтып кетіпті-мыс. Бұл оқиғадан соң, арал адам атаулыға қас боп алыпты дейді. Әрине, бұл көптің аузында жүрген аңыз ғана.
Осындай аңыздардың бірі мұндағы уақыттың өте тез өтетіні жайындағы әңгіме. Теңіз ортасындағы аралдың тылсымға толы оқиғасы, әлбетте, жақын маңайдағы балықшылардың өмірімен тікелей байланысты болатыны белгілі. Сол секілді мұнда балықшылар келіп, өз жолдастарын ұшты-күйлі жоғалтып алған. Қайықпен теңізді шарлаған балықшылар әлдері құрып, аралға тынығуға тоқтайды. Осы кезде аппақ тұман пайда болып, бірер балықшыларды қызықтыра кетеді. Жүрек жұтқандары қызық көріп, тұманға бойлап кеткеннен шықпай қояды. Қалғандары аң-таң. Әрлі-берлі іздеп, аттарын атап шақырғанымен ешқандай із, дыбыс жоқ. Балықшылар ұзақ уақыт бойы жағалауда жолдастарын тосады. Тұман тарағанда да кірген қос адам табылмай, ізім-ғайым жоғалып кетіпті. Мүмкін бұл да уақыттың тез өтетіндігіне байланысты шығар. Себебі келесі әңгімемізде осыған дәлел болатын деректердің ізі шығатындай.
Кейбір пікірлерге сүйенсек, аралда уақыт кәдімгі өмірден тезірек өтеді екен. 1930 жылы аралға жіберілген топографиялық экспедиция үш ай бойына хабарсыз кетеді. Тек тоқсан күннен соң өздері аман-есен оралыпты. Олар расымен де үш ай уақыт өткенін білмеген екен. Бар болғаны үш күн адам аяғы баспаған аумағына барып, картаға түсіріп кері қайтқан.
Осыған ұқсас тағы бір мынандай әңгіме бар. Аралға саяхаттап келген кішігірім топтың мүшелері ақ тұманды байқай сала, оған кіріп көруді жөн санайды. Алдыңғы аңызда айтылған балықшылар секілді оларды тұман жұтып кетпейді, тек бір жарым күннен соң жібереді. Ал олар болса, тұманда бар болғаны жарты сағатқа жетпейтін уақыт тұрған екен.
Енді мына бір қызық дерекке қараңызшы. Тіпті Барсакелместе жат ғаламшарлармен де байланыс болған деседі. Ел аузында таралған қызықты әрі жұмбаққа толы адам айтса нанғысыз осы әңгіме аңыз ба, ақиқат па? Кім білсін?
Бірақ өткен ғасырдың бел ортасында аралда беймәлім нысанмен байланысқа түсетін Әбдіразақ есімді қазақ тұрған екен деседі. Сол арқылы ол көптеген жасырын ақпараттарға қанық болып отырыпты. Тіпті, өзге ғаламшарлықтармен де тікелей байланысқа шығыпты-мыс.
Мұны байқаған Кеңес Одағы адамдары, сол нысанмен тез арада байланысуды көздеп, аралға ат басын тірейді. Дегенмен, аталған нысан оларды жақтыра қоймаса керек, тікұшақтарының моторын істен шығарып, әбігерге салыпты. Ақыры тылсымдықтың сырына қаныға алмаған олар, кері қайтуға шешім шығарады. Тұманға жіберіп көрген ауыр танкінің ішіндегі адам да ғайып болған соң амалдары таусылса керек. Алғашында тұманға қарғыбауларға байланған иттерді жіберіп көреді, бірақ иттердің тек баулары қалыпты.
Қазірде табиғи апаттың салдарынан теңіз суы тартылып, Барсакелмес шалқыған теңіз жағалауынан оқшауланып тұрды дегенге бүгінгі ұрпақ сенбейді. Ал тылсымға сену, сенбеу өз қалауыңда.
Дайындаған О.ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ

14 қаңтар 2024 ж. 387 0