Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдағы құпиясы көп аймақ: Барған адам қайтпайды, уақыт жылдам өтеді, жұмбақ жағдайлар орын алады

Аралдағы құпиясы көп аймақ: Барған адам қайтпайды, уақыт жылдам өтеді, жұмбақ жағдайлар орын алады

Арал теңізінің ортасында орналасқан Барсакелмес аралының атауының өзі көңілге қорқыныш ұялатады. Аралдың атауының қалай шыққандығы туралы әртүрлі әңгімелер бар. Дегенмен, ең бастысы атауында емес, атейстік түсінік белең алған кеңес заманының өзінде аралдың құпиясын білуге мемлекет тарапынан елеулі көңіл бөлініп, арнайы ғылыми экспедициялар ұйымдастырылуы, аралдың біз білмейтін жұмбақтары барлығын айғақтайтындай.

Барған адам қайтпайды

Барскелмес атауының шығуына аралда көп кезедсетін улы жыландар мен қарақұрт, сарышаян сияқты қауіпті жәндіктердің көп болуы себеп болған деген болжам бар. Ертеде балық аулаған балықшылар аралға шыққанда әлгіндей улы жәндіктердің шабуылына ұшырап, қаза табу жайлары жиі болғанға ұқсайды.  Уфологтардың пікірінше арал аса күшті геобелсенді аумақта орналасқан.  Мұнда әртүрлі жұмбақ заттардың, оның ішінде беймәлім ұшатын нысандардың көрінуі де содан болса керек.  Аралда жұмбақ тұман, жарқырауық бөрене, сұрғылт бұлт түріндегі жұмбақ нысандарды көргендер көп.
Барсакелмес аралы туралы ең алғашқы жазба 19 ғасырда атақты орыс саяхатшысы Н.Рерихтің  «Азияның жүрегі» шығармасында кездеседі. Оның айтуынша, аралдың атауына мұнда келген бірнеше қазақ отбасыларының кері қайтпай жоғалуы себеп болғанға ұқсайды. Дегенмен, аралға барған адамдардың із-түзсіз жоғалу оқиғалары кейін де біраз қайталанған. 1949 жылдың күзінде балықшылардың қайығы аралдың жағалауына келіп тоқтайды. Балықшылар аралға барып аздап тынығып алмақ болады. Олар жағалауға жақын жерден әппақ тұманды көреді. Батылдау екі балықшы әлгі тұманға кіріп көрмек болады. Тұманға кірген екеу басқалардың көз алдында ізім-қайым жоғалады. Балықшылар жолдастарының атын атап шақырғанмен ешкім жауап бермейді.
Содан арада бір сағаттан астам уақыт өтеді. Бойларын үрей билеген балықшылар жұмбақ тұманға кіруге батылдары бармай, сол арада үлкен жерге радиограмма жіберіп, балықшылардың жоғалғанын хабарлайды. Олар жағалауда қалып, жолдастарын күтеді. Содан арада біраз уақыт өткенде тұман сейіледі. Сонымен бірге олардың жолдастары да із-түзсіз жоқ болып шығады.

Мұнда уақыт тез жылжиды

Аралдың тағы бір жұмбағы – мұнда уақыт ағымы басқа жерден өзгеше. 1930-шы жылдарда аралға жіберілген топографиялық экспедиция үш айдай із-түзсіз жоғалып кетеді. Мамандарды іздеуге арнайы адамдар жіберілгенмен, еш нәтиже болмайды. Содан бір күні жоғалған экспедиция аман-сау өздері келеді. Олардың айтуынша, оқиға былай болыпты. Топографтар аралдың терістік жағындағы  адамдар онша бара бермейтін аумақты картаға түсірмек болады. Палаткаларын алып шыққан олар үш күн бойы сол аумақты картаға түсіреді. Ал бұл кезде басқа аумақта үш ай өткен.
1983 жылы шағын топ аралда серуендеп жүріп ақ тұманды көреді. Олар тұманға кіріп, жиырма минуттай ғана болған. Ал тұманнан шыққанда арада бір жарым тәуліктей уақыт өткені белгілі болады. Жолдастарын жоғалтқан топтың басқа мүшелері бұл уақытта аралды кезіп, жолдастарын іздеген.

Тылсым линза

1950-60-шы жылдарда аралда Әбдіразақ есімді бір қазақ тұрыпты. Ол өзі «линза» деп ат қойған беймәлім нысанмен байланысқа шығып, әртүрлі ақпараттар алып тұрған. Мұнысы кеңес үкіметінің құзырлы органы қызметкерлерінің құлағына шалынғанда, аралға арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырылады. Әбдіразақтың айтуынша, ол «линзадан» өзге планетадан келген келімсектер жайында ақпараттар алған.
Әбдіразақ үкімет адамдарын «линзамен» сақтана байланыспаса, қауіпті екенін ескертеді. Дегенмен, атейстік түсінікті саналарына сіңірген ғалымдар шалдың айтқан «қорқынышты әруақтары» жайындағы әңгімесін ертегі санап, сенбейді.
Экспедиция мүшелері мінген аралға ұшып келген тікұшақтың моторы өзінен өзі сөніп қалады. Әупіріммен олар апатқа ұшырамай аман-есен жерге қонады. Сәтсіздік мұнымен бітпейді. Олар аралда кездескен жұмбақ тұманға ит жіберсе, жоқ болып кетеді. Басқа заттарды да тұманға лақтырып байқайды. Заттардың бәрі ізім-қайым жоғалады. Содан кеңестік ғалымдар жақсы тұмшаланып жабылған бронды танкіні тұманға кіргізеді. Танк темір  арқанмен тягачқа жегіледі. Танкистен егер қауіп сезіле қалса бірден рация арқылы хабарлауын сұрап, оны тұманға енгізеді.
Қызығы сол, тұманға енген сәт танкистің рация арқылы хабары кілт тоқтайды. Тягачпен танкіні тартып шығарғанда танкінің ішінен танкист табылмайды. Оның комбинезоны ғана жатыр екен. Өзі із-түзсіз жоғалған. Люктері қатты жабылған танкінің ішінен  бар болғаны бірнеше минут ішінде танкистің қалай шығып, қайда кеткені жұмбақ күйінде қалады.
2000 жылдары Арал теңізінің суы қайтып, Барскелмес үлкен жерге қосылды. Сөйтіп ол арал болудан қалды. Дегенмен, тұзды тақыр даланың ортасындағы осы жұмбақ жердің құпиясы әлі күнге дейін ашылмай, тылсым күйінде қалып отыр.
 
19 қазан 2018 ж. 2 760 0