Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛ ТЕҢІЗІНЕ  ҒЫЛЫМИ ЭКСПИДИЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

АРАЛ ТЕҢІЗІНЕ  ҒЫЛЫМИ ЭКСПИДИЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

         
Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы Арал теңізіне ғылыми экспедиция ұйымдастыруды қолға алмақ. Бұл сапар 20 күнге созылады деп жоспарланып отыр. Ғылыми экспидицияның негізгі мақсаты – ауданның туристік әлеуетін бағамдау және теңіз суын зерттеу.
Арал аймағы туристер үшін тиімді деген пікір аз айтылып жүрген жоқ. Осы бағытта Қамбаш көлінің жағалауын демалушыларға ыңғайлы ету де назарға алынды. Алайда, бұл жобалар көбіне ауызша күйінде қалып келеді. Солай десек те, туризмді дамыту бағытында қозғалыс жоқ дей алмаймыз. Міне, жоғарыда аталған ғылыми экспидиция осы олқылықтардың орнын толтыруға өз септігін тигізбекші. Алдымен, шетелдіктерді қызықтыра алдатын орындар анықталып, жобалар жасалса, әрі қарайғы жұмыс кезең-кезеңімен іске асар еді.
Арал аймағында қонақтарға ұсынатын қандай орындар бар? Шетелдіктердің ең алдымен қызығушылығын оятатын ол – алып су айдынының жұтылып кетуі. Одан кейін құмды далалар, флорасы мен фаунасына назар аударуы мүмкін. Сондай-ақ, теңіз төңірегіндегі кесенелер, тарихи орындар да туристік нысан бола алады. Қысқасы, өзіміздегі барды өзгеше етіп ұсынып, жарнамасын жұрт қызығарлықтай етсек, мүмкін емес нәрсе жоқ.
Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы бұдан бөлек теңіз суының құрамына гидробиологиялық талдау жасауды да көздеп отыр. Ол үшін экспедиция мүшелері Оңтүстік Аралға да жол жүрмек. QazaqGeography халықаралық және ғылыми жұмыстар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов ғылыми ізденістер арқылы нәтижелі жұмыстарға қол жеткізуге болатынын айтады.  
– Ең басты мақсатымыз – бұл Арал теңізінің суын зерттеу. Шекаралас Өзбекстан мемлекетіндегі Оңтүстік Аралдың да, біздің Солтүстік Аралдың да суын зерттеу. Ол химиялық ластығын, қышқылдығын және фитопланктонның қанша бар екенін зерттеу. Сол үшін экспедиция қатарында Назарбаев Университетінің гидробиолог ғалымдары барады. Сондай-ақ өткен ғасырда тұқымы жойылып біткен Тұран жолбарысын қазақ даласына қайтару көзделіп отыр. Ол үшін қазір Іле-Балқаш өңірінде олардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасалып жатыр, – дейді ол.
Мемлекет аймақта экожүйе құруға биылдың өзінде 120 млн теңге бөліпті. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай Қазақстанда 100-ден астам Тұран жыртқышы пайда болуы қажет деген жоспар бар. Бұл аңның популяциясын қалпына келтіру үшін Амур жолбарыстарын әкелу ойластырылған.
18 сәуір 2018 ж. 2 004 0