Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирустан сақтану үшін қандай талаптарды орындаған жөн

Коронавирустан сақтану үшін қандай талаптарды орындаған жөн

Ел тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы әлі де бой көрсетіп отыр. Әлемді жайлаған пандемияны көпшілік ұмыта қойған жоқ. Одан сақтану жолы қандай? Осы орайда Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованы әңгімеге тартқан едік.
— Кезінде коронавирус инфекциясы елді дүрбелеңге салды. Қатерлі дерттің бүгінде беті қайтқанмен, халық арасында бой көрсетіп жатқаны белгілі. Одан сақтану жолы қандай?
— Пандемия кезінде ол жайында халыққа кеңінен мағлұмат берілді. Ол жөнінде көпшілік хабардар деген ойдамын. Өздеріңіз білетіндей, аталған ауру вирус тудырады. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде ауа тамшылары арқылы сыртқы ортаға бөлініп шығады.
Вирусқа шалдыққан адамдардың басым бөлігінде аурудың жеңіл немесе орташа клиникалық белгісі болуы мүмкін. Олар арнайы емді қажет етпестен аурудан айығып жатады.
Дегенмен кейбір адамдарда бұл ауру ауыр ағымда, асқынуымен өтетінін ескерсек, медициналық араласуды қажет етеді. Қауіп тобына егде жастағы адамдар және қосымша ауруы бар, яғни жүрек-қан тамыры, созылмалы респираторлы, онкологиялық және қант диабеті бар науқастар жатқызылады.
— Вирусты таратпай, жұқтыру қаупін төмендету үшін қандай талаптарға назар аударуымыз керек?
— Ең жақсы тәсілі — адамдарға ауру туралы және оның қоздырғышының таралу механизмі туралы хабардар ету. Өзіңізді және басқа адамдарды инфекциядан қорғау үшін мынадай талаптарға назар аударуыңызды сұраймыз. Қол жуу гигиенасын сақтау, жиі сабындап жуып, залалсыздандыру антисептиктер қолдану қажет. Түшкіру, жөтелу гигиенасын сақтау, адамдар көп жиналатын орындарға баруды мейлінше шектеп, әлеуметтік арақашықтық сақтаған жөн.
Сондай-ақ, нашар желдетілетін орындарда бетперделер пайдалану, инфекцияға қарсы вакциналаудан уақытылы өту, дәрігерлерлердің нұсқауларын орындау, вирус жұқтырған адамдарға күтім жасағанда санитариялық-эпидемиологиялық шараларды орындау артық емес.
— Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының таралу жағдайы қалай болды?
— Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Салыстырмалы түрде айтсақ, ол кейінгі кезеңде 2022 жылдан 55 есеге төмендеген.
Былтыр облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 118 дерегі анықталды.
Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі — 47 дерек. Басым бөлігі ауру симптомымен анықталды. Жыл басынан бері ауруға шалдығудың 4 жағдайы тіркелді. 
Әлілжан ҮМБЕТ 

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz

Фото: ашық дереккөз 
22 қаңтар 2024 ж. 206 0