Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Қан арқылы жұғатын вирусты гепатиттерден сақтану шаралары

Қан арқылы жұғатын вирусты гепатиттерден сақтану шаралары

Вирусты  гепатиттердің немесе сары аурудың  ғылымға  белгілі  бес  түрі  бар,  оның  ішінде    қан арқылы  және  қарым-қатынас  арқылы   жұғатын,ауру қоздырғышы  бауыр  жасушаларын  зақымдайтын вирусты  гепатиттердің  «В», «С», «Д»  түрлері қатерлі  де  қауіпті   жұқпалы аурулар қатарына жатады. Қан арқылы берілетін вирусты гепатиттердің ішінде ең көп тараған түрлері – «В» және «С» гепатиттері.
Дүние  жүзінде екі миллиардқа  жуық адам  «В» вирусты  гепатиттің  вирусын жұқтырған  деп  есептеледі, жыл сайын  екі миллион адам  осы  аурудың  асқынуынан   қайтыс  болады.
«В»вирусты гепатит ауруының қоздырғышы қоршаған ортада өте төзімді. Қанмен ластанған заттарда бірнеше айдан бірнеше жылға дейін  сақталады.Инфекция көзі-вирус тасымалдаушылар,аурудың жедел  немесе созылмалы түрімен ауыратындар науқас адамдар.«В» вирусты  гепатит ауруының  жасырын  өту  мерзімі  1 айдан  6 айға  дейін,орташа 2-4 айды құрайды. Аурудың жасырын кезеңінің ұзақ болуы  науқаста аурудың  асқынған  кезде  анықталуына әкеп соғуы  мүмкін  және осы кезеңде  науқастың  өзін  қоршаған адамдарға  ауру  жұқтыру  қаупі  күшейеді.
«С» вирусты  гепатит  ұзақ  уақыт емделуді  қажет  ететін, ауру 80 пайыз  жағдайда   созылмалы  гепатитке, 20 пайыз  жағдайда  бауыр  циррозына  апарып  соқтыратын  қатерлі  жұқпалы ауру. Аурудың   жасырын өту мерзімі 2-26 апта,орташа 7 аптаны құрайды, осы мерзімдерде    адам  өзінің қай  уақытта  ауру  жұқтырғанын  білмей  қалуы  мүмкін. Ауру  жіті  немесе  созылмалы «С» вирусты  гепатитпен, әсіресе  оның  клиникалық белгілері анық  байқалмаған  адамдардан  жұғады.
«В»  және «С» вирустары бөлме температурасында  3 айға  дейін, тоңазытқышта 6 айға  дейін, қатырылған қанда  жылдар  бойы  сақталады. Ауру  тарату көзі «В»  вирусты  гепатиттің  жедел және созылмалы түрімен ауыратын науқастар, сонымен  қатар  вирус  тасымалдаушылар. Қазіргі  уақытта әлемде 350 миллионға жуық  вирус  тасымалдаушылар  бар, олар  өздері  ауырмайды,  бірақ  вирусты  тасымалдап,  басқа адамдарға  жұқтырады.
«В»  және «С»   вирусты  гепатиттері   бірінші  кезекте  жыныстық қарым-қатынас арқылы  жұғады, яғни  ерлі-зайыптылар арасында  және  кездейсоқ  жыныстық  қатынас  кезінде  жұқтырады,  сонымен қатар  ортақ ине  арқылы  есірткі  қабылдайтын нашақорлар  ауырады. Аурудың таралу  жолдарының  бірі  парентеральдық  жол, яғни  толық  тексерілмеген донор  қанын  құю, дұрыс  стерильденбеген  медициналық  және  косметикалық  құралдарды  қолданғанда   жұғады. Сонымен қатар  туыстары  науқас  адамның  сүлгісін, тіс щеткасын, ұстарасы мен  жөкесін, тырнақ әдемілейтін  заттарын  ортақ  пайдаланғанда   қарым-қатынас  арқылы  жұқтырады. Ауру  анадан  босанар  кезде   сәбиіне  жұғады.
«В»  және «С»  вирусты  гепатиттің  өте жұқпалы екендігін  ескере  отырып, аурудан сақтану  шараларына  аса  мән  беру керек. Медициналық  және  косметологиялық қызметке  жүгінген  кезде  сақтау мерзімі  өтпеген,  герметикалық  орамадағы, бір рет  қолданылатын  медициналық  және   косметологиялық құралдардың  қолданылуына  назар  аударған жөн. Және ортақ  ине арқылы  есірткі қабылдаудан  бас  тарту, үйде  әрбір адам  өзінің  жөке,  тіс  щеткасы, ұстара, сүлгі,  тырнақ  әдемілейтін  заттарды пайдаланған кезде бәріне аса мән беруіміз керек.
«В»вирусты гепатиттің  ең сенімді алдын алу жолы-вакцинациялау. Вакцинациялаудың  нәтижелілігі 95-100 %, егілгеннен кейін адамның ауруға қарсы қорғаныш қабілеті  7-8 жылға созылады.
     «Ауырып  ем іздегенше, ауырмайтын  жол  ізде» қағидасын  есте сақтап, жоғарыда аталған  қарапайым қағидаларды ескере отырып, аурудан  өзімізді  және  балаларымызды   сақтандырғанымыз абзал.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
---
23 тамыз 2022 ж. 1 504 0