Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «А» вирусты гепатиттің алдын алудың маңызы зор

«А» вирусты гепатиттің алдын алудың маңызы зор

«А» вирусты гепатит – вирусты ішек инфекцияларының ішіндегі дүние жүзіне ең көп таралған жұқпалы аурулардың түрі. Халық арасында «сары ауру» атауымен белгілі аурудың қоздырғышы ауыз қуысы арқылы адам ағзасына еніп, ең алдымен бауырды зақымдайды. Жұқпамен  негізінен 2-14 жас аралығындағы балалар ауырады. Олар барлық ауруға шалдыққандардың 80 пайыздан астамын құрайды. Аурушаңдық жылдың барлық мезгілінде тіркеледі. Дегенмен оның  жиі тіркелуі жылдың жазғы-күзгі  мезгілдерінде байқалады.
 «А» вирусты гепатитпен тек адам ауыратындықтан, аурудың жұғу көзі-науқас адам. Жұқпаның  берілу жолдарында су, тағам, тұрмыстық жанасу жолдары үлкен орын алады. Сонымен қатар ауру қоздырғышын таратуда шыбынның рөлі зор.
Ауру қоздырғышы – вирус, қоршаған ортаға өте төзімді, -20 0 С-та бірнеше жыл, 18-220 С-та  бірнеше апта, нәжісте 1 ай, суда 3-10 айға дейін сақталып, 100 0 С температурада қайнатқанда 4 минут ішінде, ультракүлгін сәулемен шарпығанда 1 минутта,  ал  құрамында хлоры бар  препараттың  әсерінен 15 минуттан кейін өледі.
Қоздырғыш адам ағзасына түскеннен кейін жасырын кезеңде (сарғаюдың алды)  орташа есеппен 14-35  күн арасында ауру белгілері пайда болады. Кей жағдайда тұмауға ұқсас өтуі де мүмкін, яғни дене қызуы  38-390 С-қа көтеріліп, әлсіздік, енжарлық, ұйқысыздық, бас айналу, бұлшық еттердің ауруы сезіледі. Кейін аурудың клиникалық белгілері дамып, асқазан ішек қызметі бұзылады: тәбет төмендеп, лоқсу, кейде құсу, ауыздағы ащылық, кекіру, іш қату немесе іш өту белгілері пайда болып,оң жақ қабырға асты сыздап ауырады және бауыр көлемі үлкейеді, кіші дәрет түсі қоңырланып,  нәжіс түссізденеді, тері қабаттары, көздің ақ қабығы сарғаяды. Кейбіреулерінде қышыну белгілері болады. Науқас сарғайғанға дейінгі кезеңдерде айналасына қауіпті. Өйткені ол «А» вирусты гепатитпен ауырғанын білмей, денсаулығына жеңіл желпі-қарап, аурудың алғашқы белгілерінде емделмей, сыртқы ортаға көп мөлшерде вирус бөліп, өзімен қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырады.
Басқа ішек инфекциялары сияқты «А» вирусты гепатиттің алдын алу шаралары  негізінен әлеуметтік жағдайларға, соның ішінде халықтың сапалы ауыз сумен, тағаммен қамтамасыз етілуіне, коммуналдық және санитарлық ағарту деңгейіне байланысты.
«А» вирусты гепатиттің   ерекше профилактикасы вакцинациялау болып табылады. Алдын ала егу шарасының күнтізбесіне сәйкес балалардың 2 жасынан бастап   «А» вирусты гепатитке қарсы  егу шарасы жүргізіліп келеді. Соның арқасында республика бойынша аурушаңдықтың тіркелу деңгейі  төмендеп отыр. Соңғы 7-8 жыл шамасында ауданда балалар арасында жұқпа мүлдем тіркелген жоқ. Сондықтан ата-аналар, балаларыңызды  «А» вирусты гепатитке қарсы уақытылы ектіру-аурудың алдын алу шараларының негізгі жолдарының бірі болып табылатындығын тағы да естеріңізге саламыз.
А. САТЕКЕЕВА,
басқармасының  басшысы
23 тамыз 2022 ж. 678 0