Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус пен тұмауды қалай ажыратамыз: Дәрігер жауап берді

Коронавирус пен тұмауды қалай ажыратамыз: Дәрігер жауап берді

Жылға жақын уақыт болса да әлемді жайлаған коронавирус індеті әлі күнге жойылған жоқ. Бұл дерт белгілі бір уақытта саябырлап, қайта өршіп, елді әбігерге салуда. Бүгінде елдімізде коронавирусқа шалдыққандардың қатары артып келеді. Ақпарат көздеріндегі жаңалықтар қауіптің күшейгендігін аңғартып отыр. Қазіргі күні Қазақстан ауру тарауы бойынша "қызыл аймаққа" кірді. Осыған орай Арал ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты инфекционист дәрігер Жолдасбай Жақсылықовпен сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында дәрігер тұмау мен коронавирусты қалай ажыратуға болатыны туралы айтты. 
–Науқас коронавирусқа қарағанда тұмаудан тез жазылады. Айналдырған үш-бес күннің ішінде сауығып шығуы мүмкін. Ал COVID-19 инфекциясы кезінде адам күн өткен сайын әлсірей береді. Тұмауға шалдыққан адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін барады. Өзін әлсіз сезініп, мұрны бітеледі. Ал коронавирус кезінде температура қатты көтерілмейді – 37 градус шамасында. Әлсіздік басымырақ болады. Егер дене қызуы үш күн бойы түспей, әлсіздік ұзаққа созылып, дәм және иіс сезу қабілеті жоғалса, бұған қоса ентікпе және жөтел пайда болса, бұл– коронавирустың белгілері. Адам коронавирус пен тұмауды қатар жұқтыруы мүмкін бе, жоқ па, ол әзірге белгісіз.
Сондай-ақ инфекционист дәрігер ауру белгілері болған жағдайда қандай әрекет жасау керек екендігі туралы да кеңес берді. 
– Әрине қазір тұмаудың да өршитін кезі. Бұған қоса коронавирус та басылмай отыр. Тұмау мен коронавирустың симптомдары ұқсас болғандықтан, ауруды ажырату қиын. Егер адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтерілсе, бірінші кезекте учаскелік дәрігерге хабарлау керек. Олар ауру белгілері негізінде қандай анализ тапсырып, қандай дәрі ішу керектігін түсіндіреді. Өз бетінше ем қабылдау үлкен қауіпке алып келуі мүмкін. Ең бастысы, қай ауру түрінде болса да көп су ішіңіздер.
26 қаңтар 2021 ж. 431 0