Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жолдасбай Жақсылықов: Коронавирус мезгіл талғамайды

Жолдасбай Жақсылықов: Коронавирус мезгіл талғамайды

Жылға жақын уақыт болса да әлемді жайлаған коронавирус індеті әлі күнге жойылған жоқ. Бұл дерт белгілі бір уақытта саябырлап, қайта өршіп, елді әбігерге салуда. Бүгінде елдімізде коронавирусқа шалдыққандардың қатары артып келеді. Ақпарат көздеріндегі жаңалықтар қауіптің күшейгендігін аңғартып отыр. Қазіргі күні Қазақстан ауру тарауы бойынша "қызыл аймаққа" кірді. Осыған орай Арал ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты инфекционист дәрігер Жолдасбай Жақсылықовпен сұхбаттасқан едік.
– Коронавирус жұқтырған адамдар қандай тәсілдермен емделуде?
– СOVID-19 – жылдам тарайтын, аса қауіпті инфекция. Ол ауа тамшы жолымен, яғни түшкіргенде, жөтелгенде, вирусы бар затты ұстағанда жұғады. Бұл дертке шалдыққандарды әлемдік тәжірибеге негізделген хаттамаға сәйкес емдейміз. Уақыт өткен сайын жаңа деректер бойынша хаттамаға өзгерістер енгізіліп отырады. Науқастар коронавирусты жеңіл формада немесе еш симптомсыз өткеруі мүмкін. Ал кейбіреулер ауыр халге түсіп жатады. Егер пациентте ешқандай симптом байқалмаса, оған дәрі-дәрмек берілмей, үй карантиніне жатқызылып, тек бақылау жүргізіледі. Ең әуелі 10 күн бойы қандай да бір симптомның байқалу-байқалмауын бақылаймыз. Осы уақыт ішінде бәрі жақсы болса, одан қайтадан індетке сынама алынады. Егер вирустан жазылып кетсе, онда қалыпты өмірге көшеді, ал әлі де инфекция бар болса, бақылау тағы 4 күнге ұзартылады. Демек әр науқасты 2 апта қадағалаймыз. Төрт күннен соң ауру белгілері анықталмаса, пациенттен карантинді алып тастаймыз. Ал жеңіл формада ауырғандарға арнайы препараттар берілмей, симптомға байланысты ем-дом тағайындалады.
– Вирустың тез таралуы ауа райына байланысты ма?
– Қазіргі жағдайды назарға алатын болсақ, бұл вирус бүкіл әлемді шарлап кетті. Оның ішінде ыстық та, суық та елдерден табылды. Осыдан-ақ бұл вирустың өте төзімді екендігін аңғаруға болады. Кейбір вирустар ауа райының ыстығында қозатын болса, суыққа шыдамсыз болып әлсіреп, жойылып етеді. Ал кей вирустар керісінше. Бірақ тап осы коронавирус мезгіл талғамайды. Оны қазіргі ахуалдан-ақ аңғаруға болады. Көктемде баяу басталған ауру жаз ортасында қатты өршіп кетті. Күзде қауіптің беті қайта бастағанымен, қыста қайтадан көрсеткіштер жоғарылап отыр. Сондықтан ауруға бей-жай қарауға болмайды. Ел ішіндегі ыстықта немесе суықта вирус өледі деген жай ғана қауесет. Бұл зерттлеген негіздеме емес.
– Аудандағы ахуал қандай?
– Қауіпті індет бізді де айналып өткен жоқ. Елімізде өткен жылдың наурыз айында ауру жұқтырған алғашқы науқастар тіркеле бастаған болса, Аралда сәуір айының бас кезінде бірінші науқас анықталды. Әрине бұл вирус өте жылдам таралатын болғандықтан, мұнан соң науқастар қатары арта түсті. Жалпы, өткен жылдың күзіне дейін 107 адам коронавируспен, 16 адам пневммониямен ауырды. Қазір жағдай тұрақты. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені елдегі жағдай көңіл көншітпейді.
– Коронавирустың тұмаудан айырмашылығы?
–Науқас коронавирусқа қарағанда тұмаудан тез жазылады. Айналдырған үш-бес күннің ішінде сауығып шығуы мүмкін. Ал COVID-19 инфекциясы кезінде адам күн өткен сайын әлсірей береді. Тұмауға шалдыққан адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін барады. Өзін әлсіз сезініп, мұрны бітеледі. Ал коронавирус кезінде температура қатты көтерілмейді – 37 градус шамасында. Әлсіздік басымырақ болады. Егер дене қызуы үш күн бойы түспей, әлсіздік ұзаққа созылып, дәм және иіс сезу қабілеті жоғалса, бұған қоса ентікпе және жөтел пайда болса, бұл– коронавирустың белгілері. Адам коронавирус пен тұмауды қатар жұқтыруы мүмкін бе, жоқ па, ол әзірге белгісіз.
–Тұмау, әлде COVID-19? Алғашқы белгілер пайда болса, не істеу керек?
– Әрине қазір тұмаудың да өршитін кезі. Бұған қоса коронавирус та басылмай отыр. Тұмау мен коронавирустың симптомдары ұқсас болғандықтан, ауруды ажырату қиын. Егер адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтерілсе, бірінші кезекте учаскелік дәрігерге хабарлау керек. Олар ауру белгілері негізінде қандай анализ тапсырып, қандай дәрі ішу керектігін түсіндіреді. Өз бетінше ем қабылдау үлкен қауіпке алып келуі мүмкін. Ең бастысы, қай ауру түрінде болса да көп су ішіңіздер.
– Жұқпалы індетке әлі күнге дейін сенбейтіндер бар. Осындай жандарға не айтар едіңіз?
– Әлемді әбігерге салған СOVID-19 басында елімізге жетпесе екен деп тіледік. Вирус ең әуелі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталды. Содан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде де дертке шалдыққандар шыға бастады. Ақ халаттылар күн демей, түн демей еңбек етудеміз. Айналада болып жатқан дүрбелеңге қарасаңыз да, індеттің бар екеніне күмәндануға еш негіз жоқ. Жер-жаһандағы қаншама мемлекеттер қауіпті дертпен жұмыла күресуде. Алайда өкінішке қарай, коронавирусқа сенбей, немқұрайлық танытып жүргендер әлі де бар. Ондайлардың ауырмай, аман жүрулерін тілеймін. Сол үшін сенбегеннің өзінде, сақтық шараларын қаперде ұстау керек.
– Қандай кеңес бересіз?
– Қазіргі жағдай жайбарақат күн кешетін кез емес. Біздің дертпен күрсетіп өмір сүріп жатқанымызға да жылға таяп қалды. Десе де аурудың нақты емі табылған жоқ. Қай уақытта тоқтайтыны да беймәлім. Сондықтан ең әуелі өзіңіз бен жақындарыңыздың амандығы үшін басқа ойдан ада болып, сақтық шараларын сақтауымыз керек. Ол – қарапайым ғана қолды жиі жуып, көпшілік орында бетперде тағу. Егер аурудың белгісін байқаған болсаңыз дереу дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Олай жасамасаңыз өзіңіз ғана емес, жақындарыңызға да қиындық туғызуыңыз мүмкін. Мен өз тәжірибемде осы уақыт ішінде қаншама науқасты емдеп жаздым. Өкініштісі, кейбір жандардан айырылып қалдық. Олардың бірі танысымыз, бірі туысымыз. Сондықтан баршаңызды елдегі жағдайға түсіністік танытып, сабырлы болуға шақырамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Н. Маратқызы
26 қаңтар 2021 ж. 1 366 0